Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елтаңба тауып алғаны, өз ақшасына алаң салғаны үшін: Қазақстанда талқыға түскен айыппұлдар

Айыппұл арқалағандар
Фото: Stan.kz коллажы

Қазақстанда кейде бір ауыз сөз, әлеуметтік желідегі бір видео немесе қарапайым әрекеттің өзі айыппұл мен сотқа дейін апарып жатады. Stan.kz 2025–2026 жылдары қоғамда резонанс тудырған осындай оқиғаларды хронология бойынша жинады. Тізімде нақты салынған айыппұлдар, әкімшілік қамау, сот өндірген өтемақы және миллиондаған теңге айыппұл қаупін тудырған жағдайлар бар.

 

Ернар Айдардың бір видеосынан үш құқықбұзушылық анықталды

2026 жылғы ақпанда полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде әнші Ернар Айдардың парақшасында жарияланған роликке назар аударды. Видеодан жол қозғалысы талаптарының бірнеше рет бұзылғаны анықталған.

Нәтижесінде көлік иесіне бірден үш бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде тоқтау және тұрақ ережесін бұзғаны үшін 5 АЕК, жолды белгіленбеген жерден өткені үшін 2 АЕК және жол белгілері мен таңбаларының талабын сақтамағаны үшін 3 АЕК көлемінде жаза қарастырылған.

Кейін желі қолданушылары видеода көліктің қос тұтас сызықты басып, қарсы жолаққа шығып кеткенін айтып, әнші неге жүргізуші куәлігінен айырылмады деген сұрақ көтерді. Полиция болса қолда бар материалдар бойынша үш әкімшілік құқықбұзушылық рәсімделгенін түсіндірді.

Ернар Айдар
Фото: Видеодан скриншот

Қоқыстан Елтаңба тауып, үйіне алып кеткен тұрғынға 216 мың теңге айыппұл салынды

2026 жылғы сәуірдің соңында Жетісу облысының тұрғыны Данияр Бейскалидың оқиғасы желіде кеңінен тарады. Оның айтуынша, ол Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасын бірнеше жыл бұрын қоқыс арасынан тауып, тазалап, жөндеп, үйіне алып кеткен. Кейін ер адамға 216 мың теңгеден астам айыппұл салынғаны белгілі болды.

Алғашында бұл ақпарат “Елтаңбаны қоқыстан құтқарғаны үшін айыппұл салды" деген сипатта тарады. Осыдан кейін көпшілік мемлекеттік рәмізді қоқысқа тастаған адамның неге жауапқа тартылмағанын сұрады.

Алайда полиция кейін ер адамның Елтаңбаны тауып алғаны үшін жазаланбағанын түсіндірді. Ресми мәліметке сәйкес, жауапкершілікке мемлекеттік рәміздің фонында әдепсіз сипатта суретке түсіп, оны бұрмаланған түрде әлеуметтік желіде пайдаланғаны себеп болған.

Данияр Бейісқали
Фото: Instagram

Үйдің айналасындағы бес метр аумақты таза ұстау міндеті дау тудырды

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда елдімекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары күшіне енді. Құжатта ғимарат, құрылыс немесе қоршау шекарасына тікелей жанасып жатқан периметр бойынша бес метрлік аумақ “іргелес аумақ” ретінде белгіленді.

Жеке үй иелері өз нысанына іргелес аумақта тазалық сақтауға міндетті. Ол жерде қоқыс, құрылыс қалдықтары, құрғақ шөп және басқа да қалдықтардың жиналуына жол берілмеуі керек. Нақты айыппұл көлемі құқықбұзушылықтың қай бап бойынша сараланатынына байланысты белгіленеді.

Жаңа талап талқыланғанда “егер қоқысты үй иесі емес, бөтен адам тастап кетсе ше?” деген сұрақ көп көтерілді. Яғни бұл тізімдегі басқа оқиғалардан айырмашылығы – нақты бір адамға салынған резонансты айыппұл емес, айыппұлға әкеп соғуы мүмкін жаңа талап.

Балаларға өз ақшасына ойын алаңын салған Станислав Круглов 1,25 миллион теңге төлеуге міндеттелді

2026 жылғы шілдеде Ақмола облысындағы Елток ауылының тұрғыны Станислав Кругловтың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ауылда балалар ойнайтын орын болмаған соң ол бірнеше жыл бойы өз қаражатына алаңды жабдықтап, тренажерлар, әткеншек, карусель, орындықтар мен ойын кешендерін орнатқан.

Алайда 2025 жылы сол алаңда сегіз жастағы қыз жарақат алған. Кейін баланың анасы сотқа жүгініп, азаматтық талап қойған. Сот Круглов пен жергілікті мектепті болған жағдайға жауапты деп таныды. Круглов өз кінәсін мойындамай, алаңды балалар үшін тегін жасағанын алға тартқан.

2026 жылғы 10 шілдеде сот Станислав Кругловты зардап шеккен баланың анасына 1 миллион 250 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл жерде маңыздысы – аталған сома әкімшілік айыппұл емес, азаматтық сот өндірген өтемақы. Шешімнен кейін Круглов алаңды өз еркімен бұзып тастады және сот шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.

Станислав Круглов
Фото: Видеодан скриншот

TikTok-та донат үшін бір-бірін ұрған жастар жазаланды

2026 жылғы шілдеде Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы екі 19 жастағы тұрғынның TikTok-тағы тікелей эфирлері сотқа дейін жетті. Тергеу материалдарына сәйкес, қыз бен жігіт көрермен санын көбейтіп, донат алу үшін эфирде бір-біріне әдейі күш қолданып, балағат сөздер айтқан.

Олардың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланды. Сотта екеуі де кінәсін мойындап, өкінген. Қыз өзінің материалдық жағдайына байланысты айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраған.

Нәтижесінде қызға 30 сағат қоғамдық жұмыс, ал жігітке шамамен 86 мың теңге айыппұл тағайындалды. Сот шешімі жарияланған кезде қаулылар әлі заңды күшіне енбеген еді.

Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға жала жапқан әйел 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл алды

2026 жылғы тамызда Ақтөбе қаласының әкімшілік соты Бағдагүл Лепесоваға қатысты істі қарады. Бұған дейін Баян Алагөзова мен Динара Сәтжан оның әлеуметтік желідегі мәлімдемелеріне байланысты E-Өтініш арқылы шағым түсірген.

Іс жала жабу бабы бойынша қаралды. Сот материалдарында әйелдің әлеуметтік желіде екі танымал тұлғаға қатысты таратқан мәліметтері құқықтық бағалаудан өткені көрсетілген.

13 тамызда сот Бағдагүл Лепесованы кінәлі деп танып, оған 1 557 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Айыппұлды 30 тәулік ішінде төлеу міндеттелді.

Полиция формасын киіп билеген алматылық блогерге айыппұл салынды

2026 жылғы тамызда TikTok-та полиция формасын киген қыздың би билеген видеосы тарады. Роликті Түркістан облысының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықтаған.

Тексеру барысында видео авторы Алматының 23 жастағы тұрғыны Арайлым Жиенбаева екені белгілі болды. Кадрда ол полицияның формалық киімін киіп, әдепсіз сипаттағы би орындаған.

Сот блогерді әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Алайда Ішкі істер министрлігі жариялаған ақпаратта айыппұлдың нақты сомасы айтылмады. Полиция қызметтік форманы әлеуметтік желіде назар аударту құралына айналдыруға болмайтынын ескертті.f

Арайлым Жиенбаева жауапқа тартылды
Фото: Видеодан скриншот

Металлодетектордан өтерде шалбарын шешкен зейнеткер 86 500 теңге айыппұл алды

2026 жылғы тамызда Астанадағы азаматтарды қабылдау орталығында болған жағдай да көпшіліктің назарын аударды. 68 жастағы ер адам ғимаратқа кірерде металлодетектордан өтіп жатып шалбарын шешіп тастаған.

Сот отырысында зейнеткер мұны әзіл ретінде жасағанын айтып, кінәсін мойындамаған. Алайда сот оның әрекетін қоғамдық тәртіпті бұзу және айналадағыларға құрметсіздік таныту деп бағалады.

Нәтижесінде ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге айыппұл салынды.

Полицейлер мен ата
Фото: Видеодан скриншот

Көлігін бес минуттан артық қыздырған ер адам айыппұл арқалады

2025 жылғы қаңтарда ең көп талқыланған тақырыптың бірі қыста көлікті қыздыру тақырыбы болды. 15 қаңтарда Петропавл тұрғыны көлігін бес минуттан артық қыздырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 5 АЕК көлемінде, сол кездегі есеппен 19 660 теңге айыппұл салынғаны хабарланды.

Оқиға әсіресе солтүстік өңірлердегі жүргізушілер арасында үлкен дау туғызды. Қыста ауа температурасы минус 20–30 градусқа дейін төмендейтін елде көлікті бес минутта жылыту қаншалықты мүмкін деген сұрақ көтерілді.

Алайда көп ұзамай бұл істің өзінде заң бұзушылық бары анықталды. 24 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы полиция қызметкері жеткілікті дәлел жинамағанын және процессуалдық талаптарды бұзғанын айтып, айыппұлдың күшін жойды.

Көлік қыста
Фото: shutterstock.com/ZaykovKN

“Бас имамның үйі садақаға жиналған ақшадан салынған” деген ер адамға 707 мың теңге айыппұл салынды

2025 жылғы ақпанда әлеуметтік желіде Астанадағы зәулім үй түсірілген видео тарады. Ролик авторы ғимаратты елорданың бас имамының үйі деп көрсетіп, оны халықтың мешітке берген садақасына салынған деген мазмұнда мәлімдеме жасаған.

Кейін үйдің шын мәнінде басқа адамға тиесілі екені анықталды. Сотта видео авторы үйдің кімге тиесілі екенін және қандай қаражатқа салынғанын білмегенін мойындап, жазбаны қаралым жинау үшін жариялағанын айтқан.

Сот ер адамды әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін кінәлі деп танып, оған 180 АЕК, яғни 707 760 теңге айыппұл тағайындады. Жаза тағайындағанда оның кінәсін мойындап, өкінгені ескерілген.

Бас имамның үйі делінген үй
Фото: Видеодан скриншот

Қызыл кітаптағы қызғалдақты жұлған әйелге 12 миллион теңгеге дейін айыппұл қаупі төнді

2025 жылғы сәуірде Түркістан облысының Ордабасы ауданында әйелдің далада қызғалдақ жұлып жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кейін оның Шымкент тұрғыны екені анықталды. Полиция кадрдағы гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген Грейг қызғалдақтары екенін хабарлады.

Оқиғадағы ең үлкен резонанс ықтимал жазаның көлеміне байланысты болды. Қазақстанның Қылмыстық кодексі бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз жинағаны үшін 3000 АЕК-ке дейін, сол кездегі есеппен 11 796 000 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұдан бөлек қоғамдық жұмыс немесе бостандықты шектеу жазасы да көзделген.

Осыдан кейін желіде “бір шоқ қызғалдақ үшін 12 миллион теңге” деген пікір кең тарады. Дегенмен әйелге 12 миллион теңге көлемінде айыппұл нақты салынбағанын ескерген жөн. Бұл заңда қарастырылған ең жоғары ықтимал жаза еді.

Гүл теріп жүрген әйел
Фото: Видеодан скриншот

Супермаркет жарнамасы үшін көліктің әйнегін сындырған блогер 10 тәулікке қамалды

2025 жылғы маусымда Жамбыл облысында блогер супермаркетті жарнамалау үшін ерекше ролик түсірмек болған. Қойылым кезінде ол автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырып, салондағы жолаушымен қатты дауыстап жанжалдасқан. Оқиғаның қойылым екенін білмеген адамдар шошып қалған.

Видео желіге тараған соң полиция блогерді анықтады. Құқық қорғау органдары мұндай әрекетті жарнамалық қойылым емес, қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалаған.

Нәтижесінде блогер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылып, сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Осылайша қаралым жинауға арналған жарнамалық ролик қамаумен аяқталды.

Кіреберісті өз ақшасына жөндеген алматылыққа айыппұл салынды

2025 жылғы тамыздың соңында Алматы тұрғыны өзі тұратын көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаржысына жөндеуге кіріскен. Ол кіреберісті жаңартып, терезелер мен есіктерді ауыстырып, жарық жүргізіп, қабырғаларды сырлап, баспалдақтарға плитка төсеген. Кейін жөндеуге жалпы 1,5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтқан.

Алайда жөндеу жүріп жатқанда учаскелік полиция кіреберіс алдында құрылыс қалдықтары жатқанын анықтаған. Алматылық қоқыстың күн сайын жұмыс аяқталған соң жиналатынын айтқанымен, оған абаттандыру ережесін бұзғаны үшін шамамен 39 мың теңге айыппұл салынды.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік тұрғынның ортақ мүлікті өз қаржысына жөндегеніне назар аударып, мұндай жағдайда алдымен ескерту жасауға болмас па еді деген пікір білдірді. Ал ер адамның өзі айыппұлды даулаудан бас тартқан.

Алматылық пен полицей
Фото: Видеодан скриншот

Ерекше балалардың ата-аналарын қорлаған блогер 78 мың теңге айыппұл алды

2025 жылғы желтоқсанда астаналық блогердің видеосы қоғамның ашу-ызасын туғызды. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында ерекше қажеттілігі бар балалардың дүниеге келуін ата-аналардың жеке өмірімен байланыстырып, мүгедектік пен аутизмді “жаза” сипатында түсіндіруге тырысқан. Видеоға балалар омбудсмені де назар аударды.

Полиция блогерді ұстап, оған қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғады. Сотта әйел балағат сөздер қолданғанын мойындағанымен, балаларды әдейі қорлау ниеті болмағанын айтқан.

Сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, әкімшілік қамау қолданбады. Нәтижесінде блогерге 20 АЕК, яғни 78 640 теңге айыппұл салынды.

Блогер
Фото: Видеодан скриншот

Мысықты кір жуғыш машинаға салған тұрғын айыппұл алды

2025 жылғы желтоқсанда Жетісу облысында мысықты кір жуғыш машинаның барабанына салып, айналдырған видео Threads желісінде тарады. Кадрлар желі қолданушыларының наразылығын туғызып, полиция тексеру бастады.

Ролик авторы мұны әзіл үшін жасағанын айтып, машинаға су құймағанын және барабанды бір рет қана айналдырғанын түсіндірген. Мысықты ветеринар тексеріп, оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ деген қорытынды берген.

Соған қарамастан жануардың иесі қатыгездік танытқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл алды. Полиция жариялаған ақпаратта айыппұлдың нақты мөлшері көрсетілмеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 12 Қыркүйек, 2026 10:00