Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сотталғандар бақылаусыз жүріп-тұрмайды": Бишімбаев жатқан колонияда бақылау күшейтіледі

 Бишімбаев колония
Фото: Жоғарғы сот

Степногорск қаласында Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді. Оның ішінде Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекеме де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, биыл Степногорск қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаланың Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлу мәселесін шешті.

Мысалы, Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 колонияда есіктен кіріп-шығуды бақылауға арналған бейнекамерасы бар жаңа жүйе орнатылды.

Енді сотталған адамға сыртқа шығу қажет болған жағдайда арнайы батырманы басып, қоңырау шалу керек. Осыдан кейін кезекші бөлім қызметкері бейнебайланыс арқылы оның кім екенін анықтап, шығу мақсатын нақтылайды. Тек рұқсат берілгеннен кейін ғана есік ашылады. Адам өтіп кеткен соң есік автоматты түрде қайта жабылады.

"Бұл жүйе сотталғандардың бақылаусыз жүріп-тұруына жол бермейді, мекемеге кіру-шығу тәртібін күшейтеді және қызметкерлер мен нысанның жалпы қауіпсіздік деңгейін арттырады", – деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылды. Кейін Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Бұған дейін Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге қамауға ауыстырылған еді.

Айым Болатқызы
Сенбі, 12 Қыркүйек, 2026 17:03