Алматыда бір айлық сәбидің басына төбеден біреу қалам лақтырған: Полиция тексеру бастады
Алматыда бір айлық сәби анасының қолында болған кезде көпқабатты үйдің терезесінен лақтырылған қалам оның басына тиген. Анасы кінәлі адамды анықтауды сұрап отыр, ал полиция пәтерлерді аралап, куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау жазбаларын зерттеп жатыр. Stan.kz тілшісі баланың анасына хабарласып, оқиғаның мән-жайын және сәбиінің қазіргі жағдайын сұрап білді.
Алматыда бір айлық сәби терезеден лақтырылған қаламнан жарақат алды. Оқиға Гагарин даңғылы, 124 мекенжайында болған. Баласын қолына көтеріп келе жатқан Анель Нұрахметтің айтуынша, қалам алдымен оның иығына тиіп, кейін сәбидің басына түскен.
"Қалам алдымен менің иығымды жанап өтті. Сосын баламның басына түсті. Ол өте қатты ұшып келді. Сол сәтте балам қатты жылап кетті. Мен бірден полиция шақырдым", – деді ол.
Әйелдің сөзінше, соққыдан баланың маңдайы қызарып, терісі зақымданған. Басы ісіп, көгеріп кеткен. Анасы қалам сәл бір-екі сантиметр төменірек тигенде тигенде, баланың көзіне ауыр зақым келуі мүмкін еді деп алаңдайды.
Оқиғадан кейін әйел полиция шақырған. Алайда оның айтуынша, полиция қызметкерлерін шамамен 40 минут күткен. Кейін келген қызметкерлер арызын қабылдап, оқиға орнынан кеткен. Анель Нұрахметтің айтуынша, қазір қаламды өзінде қалдырған. Оны еденнен күйеуі тауып алған. Сондай-ақ оқиға болған сәттен кейін түсірілген баланың суреті де бар.
Сәбидің денсаулығына қатысты анасы кеше рентген түсірілгенін айтты. Дәрігерлер баланың бас сүйегінде сынық жоқ екенін анықтаған. Дегенмен баланың жағдайын бақылау ұсынылған. Нұрахметтің сөзінше, оқиғадан кейін сәби әдеттегіден көп ұйықтай бастаған.

Оқиғаға қатысты тағы бір жайт бар. Анель Нұрахмет бейнебақылау камераларының жазбасын анықтау үшін оқиға орнына барған кезде, сол жерде жұмыс істейтін күзет қызметкері бұл аумақта терезелерден заттардың бұған дейін де лақтырылғанын айтқан.
"Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Бұған дейін де бір қызға зат лақтырылған, басқа бір адамға су толы пакет тастаған жағдай болған", – дейді әйел.
Оның сөзінше, тұрғын үй кешенінің күзет аймағында жарық жоқ әрі камералардың жазбалары сақталмаған.
"Одан әрі жағдай тіпті қызық бола түсті. Маған тұрғын үй кешенінің күзетінде жарық жоқ екенін және бейнебақылау камераларынан жазбалар сақталмағанын айтты. Ал тұрғын үй кешенінің аумағында электр жарығы бар. Неліктен дәл күзет орналасқан жерде жарық жоқ және камералардың жазбалары сақталмағаны мұны да анықтау қажет деп есептеймін. Бір айлық баланың басына зат түскен кезде, біз тіпті оның қай жерден, қай терезеден лақтырылғанын қалыпты түрде анықтай алмаймыз ба?" – деді ол.
Әйел бұған қоса, осы тұрғын үй кешенінде бірнеше жыл бұрын қаптама элементінің көлікке құлағанын еске алды. Алайда ол бұл екі оқиғаны байланыстырып отырған жоқ екенін атап өтті. Анель Нұрахмет заттың әдейі лақтырылған болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, оқиға кезінде тротуарда өзінен және балаларынан басқа адам болмаған. Ол кезде әйелдің қолында бір айлық сәбиі, жанында сегіз жастағы баласы болған.
Қазір Нұрахмет заттың нақты қай пәтерден лақтырылғанын және оған кімнің қатысы барын анықтауды сұрап отыр. Ол куәгерлерден жауап алып, жақын маңдағы барлық бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру қажет деп санайды. Әйелдің айтуынша, оқиға болған кезде қай пәтерлерде жарық болғанын өзі де анықтап, бірнеше пәтерді суретке түсіріп алған.
Сонымен қатар онымен учаскелік полиция қызметкері әлі күнге дейін байланыспаған. Осыған байланысты әйел прокуратураға шағымдануды жоспарлап отырғанын айтты.
Анель Нұрахмет Алматы қаласының полиция департаменті мен прокуратурадан жағдайды бақылауға алуды сұрады. Оның пікірінше, тұрғын үй кешенінде терезеден зат лақтыруға қатысты бұған дейін де жағдайлар болса, мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдануы керек.
Оқиғаға қатысты Алматы қаласы полиция департаментіне сауал жолданып, жағдайдың қалай тексеріліп жатқаны сұралды.
"Осы жағдай бойынша Бостандық ауданы полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы және мәселеге қатысы бар тұлға анықталып жатыр. Қажетті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, пәтерлерді аралау жұмыстары жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынуда және бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша және барлық мән-жай анықталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданады", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматыда бір айлық сәбидің басына төбеден біреу қалам лақтырған: Полиция тексеру бастады