Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

92 жастағы қазақстандық алимент өндіру үшін 8 баласын сотқа берді: Баладан алимент алу тәртібі қалай жұмыс істейді

ата-аналардың балаларынан алимент алуы
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда алимент туралы сөз болғанда, көпшілік бірден ата-ананың кәмелетке толмаған баласына төлейтін қаржылай көмегін елестетеді. Алайда заңда керісінше жағдай да қарастырылған. Кей жағдайда ата-аналар да ересек балаларынан алимент талап ете алады. Бұл қай жағдайда мүмкін? Stan.kz агенттігіне заңгер Алина Шынтаева түсіндіріп берді.

Заңгер Алина Шынтаева ересектердің балаларынан алимент талап етуі еліміздің сот тәжірибесінде соңғы жылдары жиі кездесіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, көп адам ата-ананың баладан алимент талап етуге құқығы барын білмейді, бірақ сотта мұндай істер қаралып жатыр.

"Мысалы, Қостанай облысында II топтағы мүгедек ана өз қызын сотқа беріп, ай сайын 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 173 мың теңге көлемінде алимент талап еткен жағдай болды. Әйел өзінің жәрдемақысы дәрі-дәрмекке, емге, азық-түлік пен коммуналдық шығындарға жетпейтінін айтқан. Бірақ қызы анасының кезінде ата-аналық міндетін дұрыс орындамағанын, алкогольді шамадан тыс пайдаланғанын айтып, талаппен келіспеген", – дейді Алина Шынтаева.

Заңгердің айтуынша, бұл істе сот екі тараптың да уәжін қараған. Бір жағынан анасының ауыр науқасы мен мұқтаждығы, екінші жағынан баланың бала күніндегі жағдайы ескерілген.

"Сот “анасы айтты екен” деп бірден 173 мың теңгені өндіріп бермейді. Баланың табысына, жасына, материалдық жағдайына қарайды. Осылайша, сот ата-ананың сұраған сомасына емес, баланың нақты мүмкіндігіне сүйеніп шешім қабылдаған", – дейді заңгер.

Бұдан бөлек, Алина Шынтаеваның сөзінше, балаларынан алимент өндіріп алған ата-аналар да бар. Соның бірі Ақтөбеде қаралған іс.

"Ақтөбе қаласында 92 жастағы батыр ана 8 баласын сотқа беріп, алимент өндіріп алған жағдай болды. Анасы денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж екенін айтып, сотқа жүгінген. Ол кезде анасына тек кіші қызы қарап жүргені анықталған. Қалған балалар “көмектесіп жүрміз” дегенімен, оны дәлелдей алмаған", – дейді заңгер.

Сот барысында кейуананың кейбір балалары көп жылдан бері анасымен араласпай кеткені де айтылған.

"Бұл істе де сот барлық жағдайды қараған. Анасына нақты кім қарап жүргенін, кімнің көмектескенін зерттеген. Осылайша, сот төрт баласынан алимент өндіру туралы шешім шығарған. Ал қалған төртеуі зейнет жасындағы адамдар болғандықтан, оларға мұндай міндет жүктелмеген", – дейді Алина Шынтаева.

Алина Шынтаева
Фото: Алина Шынтаеваның жеке архивінен

Заңгердің айтуынша, осы мысалдардан сот әр істі жеке қарайтынын байқауға болады. Алина Шынтаева талап-арыз жайлы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 145-бабында нақты көрсетілгенін атап өтті.
 
"Кодекстің 145-бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға міндетті. Егер бұл міндет ерікті түрде орындалмаса, ата-ана сот арқылы алимент өндіруге құқылы", – дейді Алина Шынтаева.

Алимент талап ету үшін қандай шарттар болуы керек?

Алина Шынтаева заң бойынша ата-ананың ересек баласынан алимент талап етуі үшін екі негізгі шарт болуы қажет екенін айтады.

  • ата-ананың еңбекке жарамсыз болуы;
  • материалдық көмекке мұқтаж болуы.

Еңбекке жарамсыздық зейнеткерлік жасқа жетуімен немесе мүгедектігі туралы медициналық анықтамамен дәлелденеді. Ал мұқтаждықты зейнетақы мөлшерінің төмендігі, емделуге, дәрі-дәрмекке және күнделікті қажеттіліктерге кететін шығындар арқылы растауға болады.

"Мысалы, адам тек базалық зейнетақы алып отырса және ол қаражат дәрі-дәрмек пен күнделікті қажеттіліктерге жетпесе, бұл мұқтаждық ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі құжаттармен дәлелденуі керек", – дейді заңгер Алина Шынтаева.

Осыған байланысты сотқа жүгінетін ата-ана өзінің әрі еңбекке жарамсыз екенін, әрі қаржылай көмекке мұқтаж екенін дәлелдеуге міндетті.

Сотқа қандай құжаттар тапсырылады?

Алина Шынтаеваның сөзінше, сотқа талап арызбен бірге мынадай құжаттар ұсынылады:

  • талап арыз;
  • жеке куәлік көшірмесі;
  • туу туралы куәлік немесе туыстық қатынасты дәлелдейтін өзге құжаттар;
  • зейнетақы немесе жәрдемақы мөлшері туралы анықтама;
  • медициналық құжаттар;
  • емделуге және дәрі-дәрмекке кеткен шығын түбіртектері.

"Яғни алиментке мұқтаж екенін дәлелдейтін барлық құжат қоса берілуге тиіс", – дейді заңгер.

алимент ата-ана
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Алимент мөлшерін сот қалай анықтайды?

Егер тараптар өзара келісімге келе алмаса, алимент мөлшерін сот белгілейді. Бұл кезде ата-ананың және баланың материалдық жағдайы, отбасылық ахуалы мен басқа да маңызды мән-жайлар ескеріледі дейді заңгер. Заңгер Алина Шынтаева ата-аналарға төленетін алименттің нақты бекітілген бір ғана сомасы болмайтынын айтты. Оның сөзінше, сот әр істі жеке қарап, баланың табысына, материалдық жағдайына және ата-ананың мұқтаждық деңгейіне қарай шешім шығарады.

"Мысалы, бір баланың табысы жоғары болуы мүмкін, енді біреуінің тұрақты жұмысы жоқ, несиесі бар немесе кәмелетке толмаған балалары болуы мүмкін. Сот осының бәрін қарайды. Яғни “бәрі бірдей бір соманы төлейді” деген қағида жоқ. Әркімнің жағдайына қарай есептеледі", – дейді Алина Шынтаева.

Заңгердің айтуынша, сот алимент мөлшерін тағайындағанда 2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді де негізге алады. Биыл Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге, ең төменгі жалақы – 85 000 теңге, ал ең төмен күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге болып белгіленген.

"Егер ата-ана тек ең төменгі зейнетақымен өмір сүріп, дәрі-дәрмекке, емге, күнделікті қажеттілікке ақшасы жетпей отырғанын дәлелдесе, сот балаларына белгілі бір көлемде қаржылай көмектесуді міндеттеуі мүмкін. Бірақ мұнда да нақты бір “минимум” жоқ. Сот адамның шығынын, табысын, денсаулығын түгел қарап барып шешім шығарады", – дейді заңгер.

Оның сөзінше, кей жағдайда сот алиментті ай сайын нақты ақша сомасымен белгілесе, кей жағдайда АЕК-пен есептеп тағайындайды. Сондықтан бәрі ата-ананың мұқтаждығына және баланың қаржылық мүмкіндігіне байланысты деп түсіндірді Алина Шынтаева.

 "Егер баланың аға-інілері немесе апа-сіңлілері болса, ол соттан алимент төлеу міндетін барлық балаға тең бөлуді сұрай алады", – дейді Алина Шынтаева.

Заңгердің айтуынша, кәмелетке толған бала да алимент мөлшерін азайтуды сұрап, өз дәлелдерін келтіре алады. Мысалы:

  • тұрақты жұмысының болмауы;
  • кәмелетке толмаған балаларының болуы;
  • ауыр материалдық жағдай;
  • баспанасының жоқтығы.
алимент
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қандай жағдайда балалар алимент төлеуден босатылады?

Қазақстан заңнамасында балаларды ата-анасын асырау міндетінен босатуға мүмкіндік беретін нормалар да бар. Егер сот ата-ананың бұрын баланы тәрбиелеуден, асыраудан жалтарғанын анықтаса, онда кәмелетке толған бала алимент төлеуден босатылуы мүмкін.

"Егер әкесі немесе анасы бала өміріне араласпаса, алимент төлемесе, тәрбиесіне қатыспаса, мұның бәрі кейін сотта ескеріледі. Мұндай жағдайда бала қартайған ата-анасын асыраудан бас тартуға құқылы", – дейді заңгер.

Сонымен қатар ата-ана құқығынан айырылған адамдардың балаларынан алимент талап етуге құқығы жоқ. Алина Шынтаеваның айтуынша, әкесі немесе анасы кенеттен пайда болып, баласынан "Мені асыра, алимент төле" деп талап қоятын жағдайлар болады. Мұндай сәтте заңгер балаларына еш саспау керек екенін айтады.

"Ата-аналар 20 жыл бұрын ажырасып кеткен делік. Бірақ әкесі сол уақыттан бері баланың өміріне мүлде араласпаса, алимент төлемесе, әрине, мұның бәрі құжаттармен расталады. Мысалы, атқарушылық іс жүргізу қозғалған болуы мүмкін. Заңда алимент төлеуден қасақана жалтару деген түсінік бар. Барлық дәлел мен мән-жайлар кейін сол әкені, яғни ата-ананы асыраудан бас тартуға негіз бола алады. Яғни, бала қартайған әкесін қамтамасыз етуден бас тартуға құқылы. Өйткені әке бала өміріне мүлде қатыспаса, бүгін келіп қалайша одан қамқорлық талап ете алады? Егер әкенің алимент төлемегені, бала тәрбиесі мен қамтамасыз етуіне қатыспағаны дәлелденсе, бұл кәмелетке толған баланың ата-анасын асыраудан бас тартуына заңды негіз бола алады", – дейді Алина Шынтаева.

Өгей ата-ана алимент талап ете ала ма?

Заңгер Алина Шынтаеваның сөзінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес, асырап алынған балалардың асырап алушылар алдындағы міндеті туған балалардың ата-анасы алдындағы міндетімен бірдей. Яғни асырап алушы әке немесе ана да белгілі бір жағдайда ересек балаларынан алимент талап етуге құқылы. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 146-бабына сәйкес, ерекше жағдайларда кәмелетке толған балалар ата-анасының қосымша шығындарын өтеуге міндеттелуі мүмкін.

Мысалы:

  • ауыр сырқат;
  • мүгедектік;
  • бөгде адамның күтіміне мұқтаждық;
  • медициналық мекемеде ем алу қажеттілігі.

Кей ата-аналар баласынан қартайғанда міндетті түрде қаржылай қамқорлық күтсе, енді бірі керісінше, баласына салмақ салмай, өз өмірін өзі сүріп жүргенді үлкен бақыт деп санайды.

"Қазіргі кезде кейбір ата-аналар "Мен сені тудым, бақтым, қақтым, енді сен мені қарауың керек" деп ойлайды. Бірақ бала өзі сұранып дүниеге келген жоқ қой. Оны ата-анасы өздері үшін дүниеге әкелді. Бала "Мені өмірге әкеліңдер" деп айтқан жоқ. Әр адамның өз сана-сезімі бар. Дегенмен түсінігі бар әрбір ата-ана үшін баласының мойнына масыл болмай, қиянат жасамай, ел қатарлы өмір сүріп, өз күнін өзі көріп жүргенінің өзі үлкен бақыт. Бала өскен сайын, оған деген жауапкершілік те ауырлай түседі", – дейді заңгер.
Айым Атамбаева
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 11:00