Қазақстандық әйел пәтерақысын бірнеше ай төлемеген жалға алушыны үйінен шығара алмай отыр
Алматы тұрғыны Айгүл Кинбаева Астанадағы пәтерін адамдарға жалға беріп, олардан пәтер ақысын да, үйін де ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Ол Конституцияға енгізілген өзгерістердің кесірінен жалға алушыны пәтерімнен шығара алмай отырмын дейді. Stan.kz редакциясы жәбірленушімен тілдесті.
Айгүлдің айтуынша, 9-10 жастағы баласы бар әйел Айгүлдің Астанадағы пәтерін жалға алған. 3 шілдеде онымен жалдау шарты жасалған. Пәтер жалдаушымен шартты Айгүлдің қызы жасасқан. Себебі өзі Алматыда тұрады.
“Пәтер Хан Шатырдың маңындағы жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан. Пәтерге кірген күні жалға алушы өзіне ақша түсуі керек екенін және алғашқы төлемнің 50%-ын төлейтінін айтты. Жалпы жалдау ақысы мен депозиттің сомасы – 480 мың теңге. Оның 240 мың теңгесін, яғни 50%-ын, алғашқы күні кешке дейін төлеуі керек еді. Қалған 50%-ын бір апта ішінде төлеуге уәде берді”, – дейді Айгүл.
Жалға алушы соттағы қызметін айтып, сес көрсеткен
Үй иесінің сөзінше, жалдау шарты Krisha.kz сайтынан жүктеліп, мұқият әзірленген. Барлық талаптар келісімшартқа енгізілген. Айгүл пәтер жалдаушыға қосымша уақыт беріп, “баласы бар жалғызбасты әйел” деп ойлап, жеңілдік те жасағанын айтады.
“Келісімшартта алғашқы төлемді, яғни бірінші айдың ақысын 10 жұмыс күні ішінде төлеуге келістік. Яғни, оған бұл жерде де жеңілдік жасадым. Алайда алғашқы күннің соңына қарай ол ақша төлемеді. Ол түрлі сылтау айта бастады. "Клиентім маған ақша төлемеді, төлемді күтіп отырмын, ақша түскенде төлеймін" деді. Кейін де үнемі "ертең төлеймін" деп уақыт созды. 10 жұмыс күні өтіп кетті. Оған пәтер қымбат болса басқа жерден бөлме жалдауын, мен төлем қабілеті бар адамдарды қарастыратынымды айтты. Алайда ол ешқайда көшпейтінін, ақшасын төлейтінін айтты. Келісімшартта көрсетілген 10 жұмыс күні өткен кезде ол жалпы 480 мың теңге төлеуі керек еді. Бірақ бар болғаны 165 мың теңге ғана төледі”, – дейді пәтер иесі.
Кейін Айгүл оған барлық мерзімдер мен талаптар көрсетілген сотқа дейінгі талапты жіберген. Онда бір күн ішінде қарызды өтеу немесе пәтерді босату керектігі көрсетілген. Алайда ол пәтерден де шықпаған, қарызын да төлемеген. Осыдан соң Айгүл сотқа жүгінген.
Ол Астананың аудандық азаматтық істер жөніндегі сотына арыз жазып, іс шамамен екі ай қаралған. Содан пәтерді жалға алушы Айгүлге өзінің сотта жұмыс істейтінін, өзіне ештеңе істей алмайтынын айтып, қорқытқан.
“Сотқа берген талап арызымда екі негізгі талап болды. Біріншісі – жалдау шартын бұзылған деп тану және жалға алушыны пәтерден шығаруды міндеттеу. Екіншісі – екі айдың жалдау ақысын, өсімпұлды, айыппұлды, коммуналдық шығындарды, мемлекеттік бажды және моральдық зиянды өндіріп алу. Алғашқы сот отырысында судья маған төленген мемлекеттік баждың сомасы жеткіліксіз екенін, тағы 3 400 теңге төлеу керегін айтты. Арада шамамен бір жарым, екі ай өткен соң соттың шешімі шықты. Алғашқы талабым бойынша "кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотқа жүгіну керек" деген негізбен бас тартылды. Ал екінші талабым бойынша мемлекеттік баж сомасы жеткіліксіз деген себеп көрсетілді. Мен мемлекеттік бажды судьяның өзі айтқан соманы ескере отырып, екі рет төлеген едім”, – дейді Айгүл Кинбаева.
Кейін ол сот шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа жүгінді. Апелляциялық сот та істі шамамен бір жарым-екі ай қарап, соңында олар да жәбірленушінің талабын қанағаттандырмаған. Сонымен қатар мемлекеттік баждың сомасы жеткіліксіз деп, пәтерден шығару мәселесі бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотқа жүгіну керегін айтты.
Айгүл бұл мәселені заңды түрде шешілетініне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған баланың мүддесі ескеріліп, әсіресе жылыту маусымы басталған кезде, соттың пәтерден шығаруға рұқсат беруі екіталай.
“Қоңырауға жауап бермейді, пәтерімді тексере алмаймын”
Қазір жалға алушы пәтерақы төлемей отыр. Пәтер иесінің хабарламаларына жауап бермейді және баспананы тексеруге де мүмкіндік бермей отыр. Осылайша, ол жалдау шартының талаптарын бұзған.
“Бұл пәтерді мен несиеге сатып алғанмын. Ай сайын 400 мың теңге көлемінде несие төлеймін. Ал бұл пәтердің нарықтағы жалдау құны кемінде 300-350 мың теңге. Мен оған жеңілдік жасап, пәтерді 240 мың теңгеге жалға бердім. Соған қарамастан ол бұл соманы да төлемей, пәтерден шықпай отыр. Егер Конституцияға тиісті өзгерістер дер кезінде енгізілмесе, бұл жағдайдан жалға берушілер де, жалға алушылар да зардап шегуі мүмкін. Конституцияның 28-бабында "Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйден айыруға және одан шығаруға сот шешімінсіз жол берілмейді" деп жазылған. Бірақ мұнда нақты қандай құқықтағы тұрғын үй туралы айтылып тұрғаны көрсетілмеген. Мысалы, тұрғын үй меншік құқығында ма, әлде жалға алу немесе басқа да заңды негізде ме – нақты көрсетілуі керек. Сонда кез келген адам кез келген пәтерге, үйге, жалпы тұрғын үйге кіріп алып, сот шешімінсіз ол жерден шықпай отыра алады деген сөз бе”, – дейді пәтер иесі.
Айгүлдің сөзіне, ол жалға алу шартын біржақты тәртіппен бұзу туралы жалға алушыға хабарлама жіберген. Хабарламада шарт талаптарының 30 күннен астам уақыт бойы орындалмағаны көрсетіліп, жалға алушыдан қарызды және басқа да шығындарды өтеу талап етілген. Оған пәтерді 10 күн ішінде босатып, берешекті өтеу туралы талап қойылған. Егер жалға алушы бұл талаптарды орындамаса, пәтер иесі қайтадан сотқа жүгінетінін айтты.
Сондай-ақ пәтер иесі 10 күндік мерзім аяқталғаннан кейін Алматыдан Астанаға барып, пәтерді жалға алушымен бірге тексеруді жоспарлап отыр. Тексеру кезінде пәтердің жағдайын, мүліктің сақталуын және болуы мүмкін залалды видеоға түсіріп, тіркейтінін айтты. Айгүл жалға алушы өз еркімен көшіп кетпесе, пәтерге өзі және отбасы мүшелерін орналастырмақ.
Сот отырысына қатысты арнайы WhatsApp топты пәтерді жалдаушы ашқан
Пәтер иесінің айтуынша, сот процесі кезінде де бірнеше түсініксіз жағдай болған. Бір жолы ол сот отырысы жұма күні кешкі сағат 18:30–19:00 шамасында ғана білген. Сөйтсе, сот отырысы келесі күні таңертеңге белгіленген. Оның сөзінше, сот өкілдері оған отырыс туралы алдын ала хабарламаған. Ол WhatsApp арқылы сот қызметкерлеріне жазып, отырыстың уақытын нақтылаған.
Сондай-ақ сот процесіне байланысты WhatsApp-та арнайы топ ашылған. Айгүлдің айтуынша, мұндай топты әдетте сот өкілдері құрып, онда тараптар мен судья байланысып, құжаттар жіберіледі. Алайда бұл жолы топты жауапкер, яғни пәтерде тұрып жатқан жалға алушының өзі ашқан. Пәтер иесі осы жағдайға байланысты күмән келтіріп отыр.
“Сот отырысының соңында судья бейнежазбаны өшіріп, маған жалға алушының қарызын кешіруді және тараптардың өзара келісіп, жалға алушының ерікті түрде пәтерден шығуын ұсынды. Жалға алушының сотта өзін заң саласында жұмыс істейтін маман ретінде таныстырды. Жауапкер бастапқыда өзін адвокат ретінде көрсетті, кейін сотта мұның қате екенін айтып, өзін заң кеңесшісі деп таныстырды. Бұдан бөлек, жауапкер маған қарсы жеке талап арыз берді. Ол жалдау шартын жарамсыз деп тануды сұрады. Ол шартқа менің 15 жастағы қызым қол қойғанын алға тартты. Сонымен қатар жалға алушы бұған дейін төлеген 165 мың теңгені қайтаруды талап етті. Сонымен қатар жалға алушы сотта пәтерде қажетті тұрмыстық заттар болмағанын айтып, кастрөл, киім кептіргіш сияқты заттарды өзі сатып алуға немесе сыртта тамақтануға мәжбүр болғанын айтты. Сол шығындарын да менен өндіріп беруді сұрады”, – дейді Айгүл Кинбаева.
Пәтер иесі жауапкердің сөзімен келіспейді. Айтуынша, пәтер жалға берілгенге дейін толық жөндеуден өтіп, жаңа жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Барлық заттарды сатып алғанын растайтын Kaspi төлемдері, түбіртектер мен басқа да құжаттары бар. Пәтерді жалға берер алдында оны тазалатқанын да құжаттармен дәлелдей алатынын айтты.
Пәтер иесінің сөзінше, жалға алушы сотта пәтер бұрын біреулер тұрған, ескі әрі лас болған деп мәлімдеген. Ал пәтер иесі бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, көршілер мен қолындағы құжаттар арқылы пәтердің жағдайын дәлелдей алатынын жеткізді.
“Пәтер жалдаушының кәмелетке толмаған баласы болуы немесе жылыту маусымы басталғаны оны жалға алған пәтерден шығаруға тыйым салмайды”
Осы тұста BDA Lawyer" ЖШС заң консультанты, заңгер Фархад Құрбазаровтан жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол пәтер жалдаушы пәтерді босатудан бас тартқанда не істеу керегін түсіндірді.
“Егер пәтр жалдаушы жалдау ақысын төлемесе немесе пәтерді босатудан бас тартса, пәтер иесі алдымен бұл жағдайды тіркеп, арендаторға жазбаша түрде талап қоюы керек. Талапта келісімшарттың қандай талаптары бұзылғанын, қарыз сомасын көрсетіп, оны өтеуге және пәтерді босатуға белгілі бір мерзім беру қажет. Азаматтық кодекстің 546-бабы 1-тармағына сәйкес, жалға алынған мүлікті пайдаланғаны үшін төлемді жалға алушы, егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, шартта белгіленген тәртіппен, мерзімде және нысанда төлейді. Сонымен қатар Азаматтық кодекстің 556-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, пәтер жалдаушы келісімшартта белгіленген төлем мерзімі өткеннен кейін екі реттен көп төлем жасама үй иесі келісімшартты бұзуды және мүлікті қайтаруды талап ете алады”, – дейді заңгер.
Бұл нормаға сәйкес, пәтер иесі келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етпес бұрын, жалға алушыға өз міндеттемелерін орындауға ақылға қонымды мерзім беруі керек. Сондықтан жалға алушыға жазбаша талап жіберу маңызды. Бұл оған қарызын өтеуге және мәселені сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді.
Заңгердің айтуынша, егер жалға алушы талапты алғаннан кейін де қарызын өтемесе және пәтерді босатпаса, пәтер иесі сотқа жүгініп, келісімшартты бұзуды, қарызды өндіріп алуды және жалға алушыны пәтерден шығаруды талап ете алады. Бұл ретте пәтер иесі жалға алушыны өз бетімен шығара алмайды. Мысалы, құлыпты ауыстыруға немесе оның заттарын сыртқа шығаруға болмайды.
Егер жалға алушы пәтерді өз еркімен босатпаса, оны мәжбүрлеп шығару сот шешімі негізінде сот орындаушысы арқылы жүзеге асырылады. Пәтерден шығаруға негіз ретінде жалдау келісімшартының тоқтатылуы немесе бұзылуы және жалға алушының пәтерді өз еркімен босатудан бас тартуы қарастырылады.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңының 106-бабы 1-тармағына сәйкес, егер пәтерден шығару туралы атқарушылық құжат борышкер тарапынан белгіленген мерзімде орындалмаса, үйден шығару сот орындаушысы арқылы мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.
Заңгер жылыту маусымында пәтерден шығаруға жалпы тыйым салынбағанын атап өтті.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 29-бабы 3-1-тармағына сәйкес, жылыту маусымында Қазақстан аумағындағы жалғыз тұрғын үйіне меншік құқығы мәжбүрлі түрде тоқтатылатын азаматтардың кейбір санаттарын үйден шығаруға тыйым салынады. Оларға әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар, кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар, сондай-ақ I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасылар жатады. Яғни, жылыту маусымында борышкердің жалғыз меншігіндегі тұрғын үйінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды, сондай-ақ I немесе II топтағы мүгедектігі бар адам тұратын отбасыларды мәжбүрлеп шығаруға шектеу қойылған. Бұл шектеу борышкердің өзіне тиесілі жалғыз тұрғын үйіне қатысты. Ал басқа адамның меншігіндегі жалға алынған пәтерге бұл норма қолданылмайды”, – дейді Фархад Құрбазаров.
Сондықтан пәтер жалдаушының кәмелетке толмаған баласы болуы немесе жылыту маусымы басталғаны оны жалға алған пәтерден шығаруға тыйым салмайды. Егер сот пәтерді босату туралы шешім шығарса, арендатор пәтерден шығуы керек.
“Жылыту маусымында пәтерден шығаруға қатысты шектеу адамның өзіне тиесілі жалғыз баспанасына қатысты. Ал жалға алынған пәтер арендатордың жеке меншігі емес. Сондықтан бұл шектеу жалдамалы пәтерге қолданылмайды. Яғни, пәтер жалдаушының кәмелетке толмаған баласы бар болса да, ол жалдау ақысын төлеуге міндетті. Пәтер иесі қарызды өндіріп алуды, келісімшартты бұзуды және пәтерді босатуды талап ете алады. Бірақ пәтер иесі сотқа қайта жүгінбес бұрын алдыңғы сот шешімін мұқият қарауы керек. Егер сот дәл сол адамдар арасындағы, дәл сол мәселе бойынша істі бұрын қараған болса, сол талаппен сотқа қайтадан жүгінуге болмайды”, – дейді заңгер.
Сондықтан алдымен соттың алғашқы талапты неге қанағаттандырмағанын анықтау қажет дейді ол. Содан кейін ғана сотқа қайта жүгінуге бола ма, қандай талап қою керек және оның негізі қандай болуы тиіс деген мәселені шешуге болады.
Қазақстандық әйел дәрігерлерді жүктілігін анықтай алмай, жатыр түтігін жарып алды деп айыптады