Алматы облысындағы ауылда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының жасырын ұясы әшкереленді
Алматы облысында Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни-экстремистік ұйымы анықталды. Ұйым Шелек ауылында 25 тұрғынды тартып, түрлі діни мазмұндағы жазбалар мен кітаптарды сақтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ұйымды полиция қызметкерлері жедел-алдын алу шаралары арқылы анықтады.
“Шелек ауылында Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни-экстремистік ұйымына қатысы бар деген күдікке ілінген адамдарға қатысты іс-шаралар жүргізілді. Аталған ұйымның жергілікті бөлімшесінің қызметіне 25 тұрғын тартылғаны анықталды.
Күдіктілердің үйлеріне жүргізілген санкцияланған тінту кезінде, сондай-ақ жеке тінту барысында электронды құрылғылар мен діни мазмұндағы материалдар тәркіленді. Оның ішінде 11 смартфон, 93 кітап, 16 брошюра, 2 дәптер және діни мазмұндағы жазбалары бар блокнот бар”, – делінген хабарламада.

Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тәркіленген әдебиеттер мен электронды материалдар зерттелуде. Сондай-ақ адамдардың тыйым салынған ұйымның қызметіне қаншалықты қатысы бар екені анықталуда.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды