Мектепте хиджабқа ғана емес, діни сипаттағы кез келген киім элементіне шектеу қойылады – Дінтанушы
Қазақстанда мектеп оқушыларының діни киім киюіне қандай талап қойылған? Хиджабқа қатысты заңда нақты не жазылған және бұл талаптар зайырлы мемлекет қағидатымен қалай үйлеседі? Осыған байланысты дінтанушы Әл-Фараби Болатжан Stan.kz тілшісіне мектеп формасына діни сипаттағы киім элементтерін қосуға қатысты түсініктеме берді.
Дінтанушының айтуынша, қолданыстағы талап тек хиджабқа ғана қатысты емес. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
"Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының 13-тармағында “Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды” деп айқын бекітілген. Яғни мұнда хиджаб па, мәсіхшілік (христиандық) крест пе, яһудилік кипа ма маңызды емес, бәріне ортақ тыйым салынады. Қолданыстағы норманы "хиджабқа ғана арнайы тыйым салынған" деп түсіндіру дұрыс емес. Демек, нақты хиджабқа ғана ерекше тыйым салынған деп айта алмаймыз", – деп түсіндірді Әл-Фараби Болатжан.
"Мектеп діни бейтарап орта болуы керек"
Әл-Фараби Болатжан мектеп формасына қойылатын талаптарды Қазақстанның зайырлы мемлекет қағидатымен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл қағидат білім беру және тәрбие жүйесіне де әсер етеді.
"Еліміздің зайырлы мемлекет қағидаты білім мен тәрбие беру жүйесіне, соның ішінде сол жүйедегі мекемелердегі униформаға тікелей әсер етеді. Бұл балаларымыздың діни бейтарап ортада білім-тәрбие алып, қалыпты жетілуіне әсер етеді", – деп атап өтті дінтанушы.
Ол кейбір діни түсініктерде қыз баланың балиғат жасына жетуімен белгілі бір діни талаптар басталатынын атап өтті. Әл-Фараби Болатжанның айтуынша, діни тұрғыдағы балиғат жасы мен мемлекеттің заңнамасындағы кәмелет жасы – екі бөлек ұғым.
Мектеп формасына қойылатын талап тек сыртқы келбетке қатысты емес. Дінтанушының пікірінше, бірыңғай талап оқушылар арасында әлеуметтік немесе діни ерекшеліктеріне қарай жіктелудің алдын алуға бағытталған.
"Мақсаты бір – балаларымыздың қандай да бір себептермен бөлінбей, қолайлы ортада сапалы білім, өнегелі тәрбие және жоғары мәдениет алуында. Әркім өз діни киімімен, діни символикасымен келсе, бұл мектеп ішінде бөлінушілікке апаруы әбден ықтимал. Балалар сынып ішінде бөлінгенмен қатар, сынып-сынып болып оқшаулануы да бек мүмкін. Мәселен, бір ағымдағы ата-аналар басқа ағымдағыларды жақтырмай, өз балаларын мектептің тек бір ғана сыныбына беруі мүмкін. Осылайша, сыныптар ортақ білім алатын орта емес, оқшауланған ошақтарға айналуы ықтимал", – деп екшеледі дінтанушы.
Діни киімге қатысты талап орындалмаған жағдайда мәселе бірден баланың өзіне жүктелмеуі керек. Дінтанушы алдымен ата-анамен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың да заңда белгіленген міндеттері бар екенін еске салу қажет екенін айтады.
"Бала барлық дерлік жағдайда тек ата-анасының ырқын орындаушы болып келеді. Сондықтан алдымен ата-анаға заңнаманың талаптарын түсіндіру керек. “Білім туралы” заңда білім алушылардың да, ата-аналардың да мектеп формасына қатысты нақты міндеттері белгіленген. Егер түсіндіру жұмыстарына қарамастан ата-ана баласына діни киім кигізіп, мектепке жібере берсе, мектеп әкімшілігі тиісті органдарға хабарлай алады. Мұндай жағдайда мәселе баланы жазалауға емес, ата-ананың заңда белгіленген міндетін орындауына қатысты қаралуы тиіс", – деп баса айтты дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.
Дінтанушы ата-аналарға баланың діни тәрбиесі мен мектептегі білім алуын бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін айтады.
Мектепте хиджабқа ғана емес, діни сипаттағы кез келген киім элементіне шектеу қойылады – Дінтанушы