Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мұғалімдер заң жүзінде жұмыс уақытынан тыс ата-аналармен хат алмасудан босатылуы мүмкін

Аймағамбетов

Фото: gov.kz

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Мұғалімдер күніне орай Telegram-арнасында жазба арнап, педагогтердің құқығына қатысты биыл заңға енген өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, бұған дейін демалыс күні оқушының басынан бір жағдай өтсе, сол уақытта үйінде отырған мұғалімнен де түсініктеме талап етілетін. Биыл маусымда қабылданған өзгерістерден кейін педагогтің қандай жағдайда жауап беретіні нақты белгіленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Енді педагогтің жауапкершілігі тек кәсіби міндетін орындап жүрген кезеңмен байланысты. Яғни мұғалім жұмысынан тыс уақытта болған жағдай үшін жауап беруге тиіс емес", – деп жазды Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, мұғалімдерден бір құжатты екі рет толтыруды талап етуге де тыйым салынған. Яғни ақпарат электронды жүйеге енгізілсе, сол мәліметті қайтадан қағазға түсіруге мәжбүрлеуге болмайды. Аймағамбетов мұндай талапты бұзғандарға жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Өз міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тарту мәселесі де өзгерген. Бұған дейін мұндай шектеу көбіне мектеп мұғалімдеріне қатысты айтылса, енді ол балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтеріне де қолданылады.

Дегенмен педагогтердің жұмыстан кейінгі уақытына қатысты мәселе толық шешілген жоқ. Аймағамбетов кешкі уақытта және демалыс күндері ата-аналармен мессенджерде хат алмасуды, сондай-ақ мұғалімдерден әлеуметтік желіге рилс, видео немесе пост жариялауды талап етуді әлі де реттеу қажет екенін айтты.

Аймағамбетов мұғалімнің негізгі уақыты есеп пен қосымша тапсырмаға емес, оқушыға кетуі керек деп есептейді. Ол осы тұста PISA зерттеуіндегі көрсеткішті мысалға келтірді, яғни қазақстандық оқушылардың 86%-ы мұғалімі тақырыпты түсінгенше қайта түсіндіретінін айтқан.

"Мұның артында педагогтердің күнделікті еңбегі тұр. Бала өзіне сенбей тұрған кезде оны қолдау, тағы бір рет түсіндіру, басқа мысал табу керек. Мұғалімнің уақыты мен күші дәл осы жұмысқа қалуы тиіс", – деді ол.

Сондықтан ендігі мәселе – қабылданған талаптардың қағаз жүзінде қалып қоймай, мектеп, балабақша және колледждерде күнделікті тәжірибеге айналуы екен деп жазды депутат. 

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 16:37