Lenovo топ-менеджерінің қазасы: Алматы облысы полициясының лауазымды тұлғаларына қатысты ҰҚК тергеу жүргізіп жатыр
Алматы облысында Lenovo компаниясының топ-менеджері Ермек Жәкіпжановтың қазасына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Ал облыстық полиция департаментінің бірқатар лауазымды тұлғасына қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлек тергеу жүргізіп жатыр. Мұны Stan.kz тілшісінің ресми сауалына Алматы облысының прокуратурасы жауап берді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде осы қылмыстық іске байланысты полиция тергеушісінің жауапқа тартылғаны және облыстық полицияның кейбір басшыларына қатысты іс қозғалғаны туралы жазба жарияланды.
Жазбаға сәйкес, Алматы облысында Lenovo компаниясы топ-менеджерінің өліміне қатысты іс бойынша полиция тергеушісінің қамауға алынғаны айтылған. Сондай-ақ жазба авторы кейбір полиция басшыларына қатысты да тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Прокуратураның мәліметінше, Е.Е. Жәкіпжановты қасақана өлтіру дерегі бойынша соталды тергеуді Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті жүргізген.
Тергеу 2026 жылғы 1 қыркүйекте аяқталған.
Қазір қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Сонымен қатар прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек қылмыстық іс тергеліп жатқанын растады.
“Алматы облысы бойынша ҰҚК департаментінің Соталды тергеп-тексеру басқармасы Алматы облысы Полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр”, – делінген прокуратура жауабында.
Алайда ведомство тергеудің нақты кімдерге қатысты жүргізіліп жатқанын, олардың процессуалдық мәртебесін және қандай әрекеттерге байланысты күдікке ілінгенін ашып айтпады. Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін мәлімдеді.
Іс туралы не белгілі?
Еске салайық, Lenovo компаниясының топ-менеджері Ермек Жәкіпжанов 2024 жылғы 9 қазанда Алматыдағы үйінен шығып, кейін байланысқа шықпай қалған. Келесі күні оның денесі Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылының маңынан зорлық белгілерімен табылды. Сол кезде полиция адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, көп ұзамай 24 жастағы күдіктіні Қарағанды облысында ұстаған еді.
Кейін тергеу барысында қылмысқа екі орындаушының қатысы бар екені хабарланды. Бір күдікті Қазақстанда ұсталған, екіншісі кейін Әзербайжанда қолға түскен. Тергеу нұсқасы бойынша, Жәкіпжановты кездесуге шақырып, оған күш қолданып, мүлкін иемденген, кейін қала сыртына алып шығып өлтірген.
2025 жылғы қазанда ІІМ қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен іздеуде болған Қазақстан азаматының Дубайда ұсталғанын мәлімдеді. Ведомство дерегіне сүйенсек, болжамды тапсырыс беруші Интерпол желісі бойынша іздестірілген. Тергеу қылмыстың себебін техника жеткізуге байланысты өтелмеген қарызбен байланыстырған. Сол кезде екі болжамды орындаушының да қамауда екені хабарланған еді.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды