Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала ағылшын тілін білмесе, тамақтандырмау керек пе?": Экс-депутат Мұрат Әбенов НЗМ-ні сынға алды

депутат

Фото: Мәжіліс

Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру жүйесін сынға алды. Оның айтуынша, елдегі барлық мектеп бірдей мемлекеттік білім беру стандартымен жұмыс істеуі керек. Ал оқушыларға жасалатын жағдайларда айырмашылық болмауы тиіс, дейді Әбенов. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әбеновтің айтуынша, зияткерлік мектептердегі оқу бағдарламаларында қазақстандық мазмұн, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. 

“Мен бұл мектепті он жылдан бері сынап келемін. Неге оларға бөлек бағдарлама керек? Неге ол жерде ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік саясат толыққанды оқытылмайды? Бағдарламасына қарасаңыз, қазақстандық тақырыптар өте аз, ал жаһандық бағыттағы пәндер басым”, – деді Мұрат Әбенов.

Экс-депутат желіде Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысының “Қазақ хандығының қашан құрылғанын білмейтіні” түсірілген видеоны мысалға келтірді. Ол мұндай жағдайлар оқу бағдарламасына қатысты мәселелердің бар екенін көрсетеді деп есептейді.

Сонымен қатар Әбенов біліммен қатар тәрбие мәселесіне де ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет қаржыландыратын кез келген мектепте ұлттық құндылықтар мен азаматтық тәрбиеге бірдей көңіл бөлінуі тиіс.

Бұған қоса, ол Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларына берілетін тегін үш мезгіл тамақ мәселесін де көтерді. Әбеновтің пікірінше, мұндай мүмкіндік қарапайым мектептерде оқитын балаларға да берілуі керек.

“Бала ағылшын тілін білмесе, оны тамақтандырмау керек пе? Ертең ауылдағы тракторист болатын балаға үш мезгіл тамақ бермеуіміз керек пе? Болашақ дәрігер, аспаз немесе басқа маман болатын балалардың қандай кінәсі бар? Балаларды бұлай бөліп-жаруға болмайды”, – деді ол.

Әбенов мемлекет қаржысына жұмыс істейтін барлық мектепке бірдей талап қойылуы керек деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан тарихы мен қазақ тілін барлық білім беру ұйымында бірдей деңгейде оқыту қажет.

“Ертең мектеп бітірген азамат “қазақ тілін білмеймін” деп айтпауы керек. Мемлекет саған білім беруге қаржы жұмсады. Сондықтан барлық мектеп бірыңғай мемлекеттік стандартпен жұмыс істеуі тиіс”, – деді бұрынғы депутат.

Осыған байланысты Мұрат Әбенов Зияткерлік мектептердің қазіргі артықшылықтарын қайта қарап, оларды бірыңғай мемлекеттік білім беру стандартына көшіруді ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Әлеуметтік желіде жүздеген мың оқырманы бар 16 жастағы тиктокер Ибрагим Шоқановтың видеосы тараған еді. Бір жиында блогер “Қазақ хандығы қашан құрылды” деген сауалға жауап бере алмаған.

Онда ол: “Бізде Қазақстан тарихы оқытылмайды. Біз ағылшын мектебінде оқимыз” деп жауап берген. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ал жақында ғана Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағасы қызметінен кетіп, оның орнына блогер Ибрагим Шоқановтың әкесі Нұрсұлтан Шоқанов партия төрағасы қызметіне сайланды. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 18:57
Талқылау