Халық партиясы төрағасы ұлының "Қазақстан тарихы оқытылмайды" деген сөзіне түсініктеме берді

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов 16 жастағы ұлы, блогер Ибрагимның “Қазақстан тарихын оқымайтыны” туралы даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, ұлы қателігін мойындаған.
“Бұл жағдайға өзіміз де алаңдадық. Ол мұны айтқанда біз де таңғалдық. Ұлыммен сөйлестім. Өз пікірінің дұрыс болмағанын түсінеді. Қателігін мойындады”, – деді Шоқанов.
Партия төрағасы ұлы “ағылшын мектебінде оқығандықтан Қазақстан тарихын білмейді” деген пікірді жоққа шығарды.
“Жоқ. Ұлымның мектебінде бұл пән оқытылады. Ұлым блогер болғандықтан, көбірек лүпіл жинағысы келген шығар. Қазір Қазақстан тарихын оқып жүр. Қателігін түсінді”, – деді ол.
Оған қоса Шоқанов Назарбаев отбасымен туыстық байланысы бар деген әңгімеге де пікір білдірді.
“Бұл ақпарат бұрыннан айтылып келеді. Тағы да қайталап айтамын: менің Дариға Назарбаевамен де, Назарбаевтар әулетімен де ешқандай туыстық байланысым жоқ. Қазақстан – шағын мемлекет, мұны тексеру қиын емес”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Әлеуметтік желіде жүздеген мың оқырманы бар 16 жастағы тиктокер Ибрагим Шоқановтың видеосы тараған еді. Онда ол бір жиында "Қазақ хандығы қашан құрылды" деген сауалға жауап бере алмаған. Онда ол: "Бізде Қазақстан тарихы оқытылмайды. Біз ағылшын мектебінде оқимыз" деп жауап берген. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ал жақында ғана Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағасы қызметінен кетіп, оның орнына блогер Ибрагим Шоқановтың әкесі Нұрсұлтан Шоқанов партия төрағасы қызметіне сайланды.
Бурабайға шомылуға барған отбасы тері ауруын жұқтырған: Дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады