Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

20 өңірлік штаб, 30 мың сенімді өкіл: "Әділет" партиясы сайлауалды науқанға кірісті

Бүгін “Әділет” партиясы да бұл бәйгеге үлкен дайындықпен кірісті: еліміздің әр түкпірінде 20 аймақтық, 226 аумақтық штабын құрып, 30 мыңға жуық сенімді өкілін аттандырды.

Штаб жұмысын ашқан Айбек Дәдебай партия дайындық кезеңін аяқтап, енді еліміздің барлық өңірінде сайлаушылармен белсенді жұмысқа кірісетінін айтты.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары елімізде түбегейлі, оң өзгерістерге жол ашып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсті. Биылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция саяси жүйеміздің жаңа архитектурасын қалыптастырып, мемлекеттілігімізді нығайта түсуге кепілдік болып отыр. Конституциялық құндылықтар – “Әділет” партиясының да негізі, өзегі. Біз – елдегі ауқымды жаңғыру кезеңінде дүниеге келген жаңа форматтағы партиямыз. Біздің саяси күшіміз Қазақстанмен бірге өсіп, бірге дамып келеді. Біз өз болашағымызды да, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын да Қазақстанмен байланыстырамыз. Сондықтан мемлекеттің одан әрі дамуына деген жауапкершілігімізді терең сезінеміз. Әр азаматтың үнін естіп, халықтың сұранысы мен қоғамның қажеттілігін, елдің таңдауын негізге ала отырып жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені дәл осы құндылықтар Қазақстанның келешек дамуының берік іргетасына айналуы тиіс”, – деді партия төрағасы.

Ал партияның ресми сайтындағы сайлауалды бағдарламасында экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Құжатта мемлекет пен бизнес арасындағы қатынасты қайта қарау, әкімшілік кедергілерді азайту және отандық өндірушілерге ұзақмерзімді қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар бастама ұсынылған.

Партияның “Әділетті болашақ үшін”  атты сайлауалды бағдарламасында Қазақстан экономикасы шикізаттан біртіндеп бас тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беру қажеттігі айтылған. Осы мақсатта салық, өнеркәсіп, сауда, қаржы және білім беру саясаттарын өзара үйлестіріп, өңдеу секторын дамыту көзделіп отыр.

Сонымен қатар құжатта дайын өнім шығаратын адал кәсіпорындарға қосылған құн салығын қайтару рәсімін жеделдету ұсынылған. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл өңдеуші кәсіпорындардың қаржы айналымын көбейтіп, өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса бағдарламада офтейк-келісімшарттар тәжірибесін кеңейтуге де ерекше назар аударылған. Ұзақмерзімді сатып алу келісімдері ұлттық компаниялармен қатар жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйені құраушы кәсіпорындарға да таралуы тиіс деп көрсетілген. Бұл шағын және орта бизнеске өндірісті алдын ала жоспарлап, банктерден қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ  мемлекеттің жеке бизнес тиімді жұмыс істей алатын салаларға қатысуын азайтып, кәсіпкерлер үшін қаржыландыру мен мемлекеттік тапсырысқа қолжетімділікті арттыру да көзделген. Осы айтылғандардан бөлек, франчайзингті дамыту, факторингке қатысты салықтық жеңілдіктерді қайтару және еңбекақыға байланысты салықтар мен аударымдарды автоматтандыру ұсынылған.

Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шұрмановтың айтуынша, бағдарламаның экономикалық бөлігінде бизнес үшін маңызды бірнеше нақты шешім бар.

“Өнеркәсіп саласындағы негізгі қағида – “өндіру, тек өндіру емес, өңдеу”. Партия бағдарламасында дайын өнім шығаратын кәсіпорындарға ҚҚС-ты қайтару рәсімін жеделдету ұсынылған. Бұл бизнес үшін аса маңызды, өйткені ҚҚС-тың кешіктірілуі өңдеуші кәсіпорындардағы қаражат айналымын ұзақ жылдар бойы тежеп келді”, – дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, офтейк-келісімшарттарды кеңейту де шағын және орта бизнес үшін маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін.

“Мұндай келісімдер кәсіпкерлерге өнімді өткізу бойынша ұзақмерзімді кепілдік береді. Соның арқасында бизнес өндірісті жоспарлап, банктерден қаржы алу мүмкіндігіне ие болады”, – дейді экономист.

Сарапшы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты ұсыныстарға тоқталып өтті. Бағдарламада ауыл шаруашылығында шикізат экспортынан терең өңдеуге көшу негізгі мақсаттардың бірі ретінде айқындалған. Соның нәтижесінде экспорттағы қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар бағдарламада бағаны әкімшілік тәсілмен реттеудің орнына цифрлық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Бұл өнім қоры мен нарықтағы жағдайды алдын ала талдап, тапшылық тәуекелдерін ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен сарапшы кез келген бастаманың нәтижесі оны іске асыру сапасына байланысты екенін атап өтті.

“Бүгінде Үкіметтің нақты экономикаға басымдық беруіне сұраныс жоғары. Бірақ кез келген бағдарламаның тиімділігі онда жазылған мақсаттарға емес, сол міндеттердің қаншалықты жүйелі орындалатынына байланысты болады”, – дейді Бауыржан Шұрманов.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов партияның Ұлттық қор қаражатын стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау туралы бастамасына оң баға береді. Оның айтуынша, бағдарламадағы жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісім жасау отандық өндірушілер үшін маңызды қолдау болмақ.

“Кәсіпорын өз өнімін үш-бес жылдан кейін де өткізе алатынына сенімді болса ғана жаңа жабдық сатып алып, өндірісті кеңейтуге инвестиция салады. Сондықтан мұндай келісімдер бизнестің дамуына нақты серпін береді”, – деді сарапшы

Осылайша, “Әділет” партиясының экономикалық блогында бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, ұзақмерзімді келісімшарттарды дамыту, өңдеу өнеркәсібін қолдау және кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту сияқты нақты ұсыныстар қамтылған. Ал бағдарламаның қаншалықты тиімді болатыны бұл бастамалардың іс жүзінде орындалуына байланысты болмақ.

Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін "Әділет" партиясының сайтынан оқи аласыздар. https://adilet-partiyasy.kz/kz/kurultai/program
Дайындаған: 

“Әділет” партиясының баспасөз қызметі.

“Әділет” партиясы” ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 21:20
Талқылау