"Адамдыққа жат": Әнші Жасұлан Базарбаев әйелдерді ұл немесе қыз туғаны үшін кінәлайтындарға шүйлікті

Танымал әнші, “Диета KZ” тобының солисі Жасұлан Базарбаев әйелдерді ұл немесе қыз туғаны үшін кінәлауға қатысты ойын білдірді. Өнер иесі мұндай көзқарастың адамгершілікке де, діни ұстанымға да қайшы екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің сөзінше, оған әлеуметтік желіде “Қыз туатын қатын менде ғана ма?” деген пікір көзге түскен. Осыдан кейін ол бұл мәселеге қатысты ойын ашық жеткізуді жөн көрген.
“Ана болу – оңай емес. Әйел адам тоғыз ай сәби көтеріп, өмір мен өлімнің арасында жүріп дүниеге бала әкеледі. Сондай жанға ұл не қыз туғаны үшін кінә арту – адамдыққа да, иманға да сыймайды”, – деп жазды Жасұлан Базарбаев.
Өнер иесі баланың ұл немесе қыз болып дүниеге келуін адам емес, Алла шешетінін атап өтті. Оның айтуынша, қыз да, ұл да – Жаратқанның сыйы, сондықтан екеуіне де шүкіршілік ету керек.
“Қыз бергеніне де сансыз шүкір, ұл бергеніне де сансыз шүкір. Жақсылықты ұлдан көресің немесе қыздан көресің деп ешкім кесіп айта алмайды. Оны бір Алла ғана біледі”, – деді әнші.
ОқыңызСонымен қатар Жасұлан Базарбаев әр баланың отбасындағы орны ерекше екенін айтты. Ол ұл мен қыздың ата-анаға деген сүйіспеншілігін әртүрлі білдіретінін мысалға келтіріп, ешқайсысын бір-бірінен артық көруге болмайтынын жеткізді.
“Сондықтан әйелді кінәлауды доғарайық. Баланың жынысына бола ана жүрегін жараламаңыздар. Ең үлкен байлық – тәрбиелі, иманды, аман-есен перзент. Ұл болсын, қыз болсын… Аман болсын!” – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін желіде Жасұлан Базарбаевтың "ерекше" қызын жасанды интеллектімен сөйлеткен "Хабар" арнасының журналистерінің басы тағы да дауға қалғаны хабарланған еді. Әнші телеарнаның тікелей эфирдегі "КешREC" бағдарламасына қонақ болған. Бағдарлама барысында жүргізуші әншінің ерекше қызына қатысты жасанды интеллект арқылы жасалған видеоны көрсетеді. Кадрларда әншінің қызы әкесіне жылы сөздер айтады.
Мұны көрген әнші эмоцияға беріліп, көз жасына ерік берген.
Ал желі қолданушылары мұндай эмоциялық сәтті эфирге шығаруды орынсыз әрі этикаға сай емес деп бағалап отыр.
“Менің де жүрегім қақ айырылды. Мен де ерекше баланың анасымын. Бұл өте орынсыз, дұрыс емес деп санаймын”, “Мынау недеген қатыгездік. Хабар арнасы қонақты жылату үшін осындай жауыздыққа бардыңдар ма? Редакцияда бір адам болсын “Бұл дұрыс емес” деп ойламады ма сонда?”, “Не сұмдық? Бұлай жасауға болмайды ғой, контент деп өзге адамның жанына бататын нәрсе жасағаны дұрыс емес”, – деп жазды олар.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты