Әншінің "ерекше" қызын ЖИ-мен сөйлеткен: "Хабар" арнасы тағы да дауға қалды

Желіде әншінің "ерекше" қызын жасанды интеллектімен сөйлеткен "Хабар" арнасының журналистерінің басы тағы да дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Танымал әнші, "Диета KZ" тобының солисі Жасұлан Базарбаев телеарнаның тікелей эфирдегі "КешREC" бағдарламасына қонақ болған. Бағдарлама барысында жүргізуші әншінің ерекше қызына қатысты жасанды интеллект арқылы жасалған видеоны көрсетеді. Кадрларда әншінің қызы әкесіне жылы сөздер айтады.
Мұны көрген әнші эмоцияға беріліп, көз жасына ерік берген.
Осыдан кейін өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Әнші бұрын эфирде жылаған адамдарды түсіне бермегенін, тіпті мұндай сәттерге ашуланатынын, алайда адамның жанды жеріне дәл тиген кезде көзден еріксіз жас шығатынын енді түсінгенін жеткізді.
“Қызым дүниеге келгелі бері осындай сөзді есту менің ең үлкен арманым еді. Бүгін қызымды жасанды интеллект арқылы сөйлеткен сәтте өзімді ұстай алмадым. Көңілді басталған сұхбат аяқ астынан осындай сезімге ұласып, эфир барысында ұзақ үзіліс жасауға мәжбүр болдым”, – деп жазды ол.
ОқыңызЖасұлан Базарбаев қызының аузынан шыққан әр сөзді жүрегімен тыңдағанын айтты. Оның сөзінше, біреулер үшін бұл жай ғана технология болып көрінуі мүмкін. Ал өзі үшін бұл көптен күткен арманының бір сәтке болса да орындалғанындай әсер қалдырған.
“Сол себепті эфирдегі толқынысымды түсіністікпен қабылдайсыздар деп сенемін. Көрермендерден және “Хабар” телеарнасынан эфир барысында ұзақ үзіліс жасап қойғаным үшін шын жүректен кешірім сұраймын”, – деп жазды ол.
“Недеген қатыгездік”
Ал желі қолданушылары мұндай эмоциялық сәтті эфирге шығаруды орынсыз әрі этикаға сай емес деп бағалап отыр.
“Менің де жүрегім қақ айырылды. Мен де ерекше баланың анасымын. Бұл өте орынсыз, дұрыс емес деп санаймын”, “Мынау недеген қатігездік. Хабар арнасы қонақты жылату үшін осындай жауыздыққа бардыңдар ма? Редакцияда бір адам болсын “Бұл дұрыс емес” деп ойламады ма сонда?”, “Не сұмдық? Бұлай жасауға болмайды ғой, контент деп өзге адамның жанына бататын нәрсе жасағаны дұрыс емес”, – деп жазды олар.
Желі қолданушылары бағдарлама жүргізушісінің эфирдегі әрекетін сынға алды. Олардың бірі бұл жүргізушіге бұған дейін де ескерту айтқанын, жобаларды тәжірибелі мамандармен ақылдасып жасаған дұрыс екенін жазды.
“Ылғи қисынсыз әзіл айтып отырады экран алдында. Мынау қылығы артық болды енді. “Супер әнші” болмасаңыз да дегені де дұрыс емес. Этика керек қой”, – деп жазған желі қолданушысы.
Кейбір көрермендер адамның ең нәзік тұсы – бауыр еті баласы екенін айтып, мұндай тақырыпта әзілдеу немесе ойланбай сөйлеу дұрыс емес деп есептейді. Олар бұл жағдайдың өздеріне де ауыр тигенін жеткізді.
Тағы бір пікірде жүргізушілер қандай да бір әрекет жасамас бұрын ойланып, адамның жеке сезіміне тиетін дүниелерден сақ болуы керек екені айтылды.
“Недеген ақымақ жүргізуші, қызында нелерің бар? Бірнәрсе жасамас бұрын шамалы ойлансаңдаршы”, – деп жазды қазақстандық.
Сондай-ақ желі қолданушылары эфир мәдениеті, субординация және кәсіби жауапкершілік мәселесін көтерді. Олардың сөзінше, адам көпшілік алдында не айтып, не істеп отырғанына жауапкершілікпен қарауға тиіс.
“Мына журналистсымақты жұмыстан шығару керек. Бағдарлама редакторын да. Адамның жүрегін ауырттыңдар, сендерге кім рұқсат берді?” – деп жазды ол.
Алайда актердің бұған дейін желіде өз парақшасында ЖИ көмегімен қызының осындай видеосын жасап көруді сұратқаны да айтылды.
Неге Қазақстан қалаларында аялдама бағасы пәтер құнымен тең: Әкімдіктер қанша қаржы жұмсайды?