Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында заңсыз кен қазғандар 338 мың текше метр топырақты бүлдірген

кен
Фото: Depositphotos.com/sheriff69

Қарағанды облысында кәсіпкерлер темір мен марганец кенін рұқсатсыз өндіріп, жерді бүлдірген. Заңсыз қазба жұмыстары Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген. Үш карьер пайда болған аумақты қалпына келтіруге шамамен 485 миллион теңге қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторинг агенттігінің дерегінше, заңсыз кен өндіруді “Vertex Co.” және “MiningMetal” ЖШС директоры ұйымдастырған. Жұмыстар жер қойнауын пайдалануға рұқсат беретін құжаттарсыз жүргізілген.

Кен қазу үшін жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Олардың қатарында экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және жүк көліктері болған.

Өндірілген кен алдымен ұсатылып, кейін сатуға және сыртқа жөнелтуге дайындалған. Одан соң өнім теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Тексеру кезінде жердің үстіңгі қабатының едәуір бөлігі аршылып, кен өндірілген үш карьер анықталды. Қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандардың есептеуінше, бүлінген аумақты қалпына келтіріп, карьерлерді қайтадан пайдалануға жарамды күйге келтіруге 485 миллион теңге қажет.

Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық мақсаттағы үй-жайға тыйым салынды.

Қазір күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстаудан шетелге 45 миллиард теңгенің мұнай өнімдері заңсыз шығарылып келгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 23 Қазан, 2026 10:05