Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хэллоуинге емес, Наурызға дайындық көбірек": Ұйымдастырушылар елімізде Хэллоуин тойлайтындар азайғанын айтты

Қазақстандықтар хэллоуин тойлауды азайтқан
Фото: pixabay.com

Қазақстанда Хэллоуин мерекесіне деген қызығушылық бәсеңдеп барады. Бұрын тақырыптық кештер мен қорқынышты костюмдерге сұраныс жоғары болса, қазір ұйымдастырушылар мерекеге дайындық пен оған келушілер саны азайғанын айтуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматылық Дмитрий Павлуцкий қызымен бірге екінші жыл қатарынан үйінің ауласын Хэллоуинге арнап безендірген. Дмитрий бұл мерекені жақсы көретінін және жыл сайын оған ерекше дайындалатынын айтады.

“Барлығын өз қолымызбен жасадық. Суретін салып, ПВХ пластиктен қиып, желімдеп, өзіміз орнаттық. Ауламызды безендіргіміз келді, өйткені мистиканы жақсы көремін. Балалармен бірге қызықты, әрі қорқынышты болса да әдемі дүние жасауды ұйғардық!”, – деді ол.

Хэллоуин жыл сайын 31 қазанда атап өтіледі. Мерекенің тарихы ежелгі кельттердің Самайн мейрамынан басталады. Олар бұл күні егін жинау маусымының аяқталып, қыстың басталғанын атап өткен.

Қазір Хэллоуин қорқынышты кейіпкерлер мен мистикалық бейнелермен байланысты. Бұл күні адамдар түрлі құбыжықтардың костюмін киіп, үйлерін асқабақпен безендіреді, тақырыптық кештер ұйымдастырады.

Мерекенің кең тараған дәстүрлерінің бірі – үй-үйді аралап, тәтті жинау. Балалар көршілерінің есігін қағып, "Тәтті бер немесе тентектік жасаймыз" деп кәмпит сұрайды. Қазақстанда бұл дәстүр кең таралмаған. Мұнда Хэллоуинді көбіне мейрамхана, барлар мен клубтарда атап өтеді. Ал кейбірі мерекені үйде отырып, қорқынышты фильм көрумен өткізеді.

Хэллоуинге көбіне жастар қызығады. Ал аға буын өкілдерінің көзқарасы әртүрлі: бірі мерекені қазақ мәдениетіне жат санаса, енді бірі оған бейтарап қарайды.

 Қазақстандықтар Хэллоуинді көбіне кафе, мейрамхана мен ойын-сауық орындарында атап өтеді. Бұл күні көптеген мекеме тақырыптық кештер ұйымдастырып, келушілерге арнайы жеңілдіктер ұсынады. Ұйымдастырушылар мерекеге дайындықты тамыз айынан бастайды. Алайда олардың айтуынша, соңғы жылдары Хэллоуинге қызығушылық танытатындар азайып келеді.

“Жыл сайын адамдар бұл мерекеге аз көңіл бөле бастады. Өйткені бұл – шетелдік мереке. Ал Наурызға дайындық көбірек. Әрине, ол бізге жақын, төл мерекеміз. Хэллоуин біртіндеп кейінгі орынға ысырылып барады”, – деді іс-шара ұйымдастырушысы Виктор Никитин.

Ал психологтар бұл мерекенің жақсы тұстары да бар екенін айтады. Олардың пікірінше, қорқынышты киімдер мен әзілге құрылған үрейлі көріністер адамдарға өз қорқыныштарымен күресуге және оларға жеңіл қарауға көмектеседі.

“Психологиялық тұрғыдан дені сау адамдарға өлімнен қорқу тән. Бұл – қалыпты жағдай, өмір сүру инстинкті. Сондықтан осындай мерекелерде адамдар қорқынышты тақырыптарды ойынға айналдырып, әзілдейді. Осылайша, ол соншалықты қорқынышты емес екенін сезінеді. Яғни юмор мен әзіл арқылы қорқынышқа қарсы өзіндік екпе алады”, – деді психолог Наталья Обердерфер.

Соған қарамастан, ұйымдастырушылар алдағы уақытта да Хэллоуинге арналған кештер өткізуді жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, бұл мереке көпшілікке достарымен бас қосып, көңіл көтеруге және ерекше атмосфераны сезінуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін Zara балаларға арналған Хэллоуин костюмі үшін сынға қалған еді. Сатып алушылар оның дизайнын нацистік концлагерь тұтқындарының киіміне ұқсатып, наразылық білдірген. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 09:49