Қазақстандық ер адам әлеуметтік желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Жұбайы аккаунт жалған екенін айтып отыр
Алматы тұрғыны Дмитрий Бородаев әлеуметтік желіде украиналық ұлтшылдар туралы пікір қалдырғаны үшін ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бородаев әлеуметтік желілерде украиналық ұлтшылдар туралы жағымсыз пікірлер қалдырған. Сондай-ақ қазақ тіліне тіл тигізген.

Алайда оның жұбайы Вероника желіде жазба жариялап, қылмыстық іске Threads әлеуметтік желісіндегі жалған аккаунттан жарияланған жазба негіз болуы мүмкін екенін айтты. Оның пайымдауынша, бұл парақша Бородаевтың атына кір келтіру үшін ашылған.

Желі қолданушылары да жалған аккаунт болуы мүмкін деген болжамды алға тартты. Олардың айтуынша, Бородаевтың Threads желісіндегі dimugan парақшасына ұқсас, соңында төменгі сызықшасы бар dimugan_ аккаунты ашылған болуы мүмкін. Алайда бұл парақшаның кімге тиесілі екені және даулы жазбаны нақты кім жариялағаны әзірге анықталған жоқ.
Дмитрий Бородаев 29 қыркүйекте ұсталған. Желіде тараған мәліметтерге сәйкес, оған ұлттық араздықты қоздырды деген күдік келтіріліп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
3 қазанда жарияланған ақпаратта Бородаевтың 2 қазанда жұбайымен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасы туралы мәлімет тарады. Онда ер адам өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және даулы жазбаны өзі жарияламағанын айтқан.
Сондай-ақ аудиожазбаға қатысты жарияланымда Бородаевтың 29 қыркүйекте полицияға өзі барып, оның атынан тараған жазбаға байланысты арыз түсірмек болғаны айтылады. Алайда арызы қабылданбағаны туралы мәлімет бар. Бұл ақпаратты полиция әзірге ресми растаған жоқ.
Бұған дейін Бородаевқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі бойынша сот отырысы 2 қазанда өтуі тиіс болғаны хабарланған.
Болған жағдайға қатысты редакция Алматы полиция департаментіне ресми сұрау салды. Қазір полиция Дмитрий Бородаевтың ісіне қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
“Қазір істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті процестік шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді.
Басқарма өкілдері сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін қарағандылық информатика мұғалімі Жарқын Әбдікәрім жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат беруге қатысты жаңалыққа ашуланып, Қазақстанға "азап" пен экономикалық күйреу тілеген еді. Мұғалім кейін жазбасын өшіріп, ашумен жазғанын айтып, елден кешірім сұрады. Сондай-ақ ол жұмысынан кетті.
Қазақстандық ер адам әлеуметтік желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Жұбайы аккаунт жалған екенін айтып отыр
