"Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек" деп айтқан қарағандылық мұғалім жұмысынан кетті
Қарағандылық информатика мұғалімі Жарқын Әбдікәрім жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат беруге қатысты жаңалыққа ашуланып, Қазақстанға "азап" пен экономикалық күйреу тілеген еді. Оның жазбасы желіде тарап, қоғамда қызу талқылау туғызды. Мұғалім кейін жазбасын өшіріп, ашумен жазғанын айтып, елден кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Министрліктің позициясын енді түсінгендеймін"
Жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат берген білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін деген жаңалық кейбір қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Солардың бірі қарағандылық мұғалім Жарқын Әбдікәрім. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында аталған жаңалыққа қатысты пікір білдіріп, Қазақстанға қатысты өткір жазба қалдырған.
"Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла күйретші! Әмин", – деп жазған ер адам.
Кейін жазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен соң, Жарқын Әбдікәрім оны өшіріп тастаған. Алайда жазба көпшілікке тарап үлгерген. Ер адамның жазбасына көпшілік сын тағып, оның бұлай жазуына не түрткі болғанын және мұндай адамдарды жіті тексеру керек екенін айтып дабыл қақты. Қоғам белсендісі Роза Әшірбаева қарағандылық мұғалімнің Қазақстанға қатысты жазбасын бөлісіп, оның пікіріне алаңдайтынын жеткізді.
"Оқу-ағарту министрлігінің позициясын енді түсінгендеймін. Бұрын “орамалда тұрған ештеңе жоқ” деп ойлаушы едім. Көзім ашылғандай. Мұндай ойдағы адамдар Ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді деп ойлаймын. Мұндайлар тым көп. Мен қорқамын. Биыл 5 сыныптан бастап оқушылар Заң және тәртіп негіздерін де оқи бастайды. Осы дұрыс. Мемлекет пен дін, мектеп пен дін бір-бірінен алшақ болу керек екеніне көзім жетті. Көзімді жеткізді осындай пікірлер. Ойым өзгерді", – деп жазды Роза Әшірбаева.

Роза Әшірбаева осындай пікірдегі адамның мектепте жұмыс істеуіне күмән келтіріп, оқу-ағарту министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне шара қабылдауға шақырды. Кейін Әшірбаева оқырмандарды да Жарқын Әбдікерімнің жазбасына қатысты E-өтініш арқылы шағым түсіруге үндеген. Қоғам белсендісі бұған қоса мұғалімнің атына өзі арыз жазғанын айтып, оның жазбасындағы скриншоттарды шағымға қоса беруге шақырды.
"Радикалды көзқарастағы мұғалім өз мемлекетіне, министрліктің шешіміне қарсы шығып жатса. Кәмелетке толмаған балаларды сыныпта қамап алып не деп миын шаятынын білмейміз. Еліміздің мүддесін, мемлекеттігіміздің тұғырын құндылық көрмейтін адам балаларға сабақ беруге құқығы жоқ!" – деп пікір білдірді Роза Әшірбаева.
"Жеке мектепте шатақтарыңыз қанша?!"
Жарқын Әбдидің жазбасына қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір тарап қоғам белсендісі Роза Әшірбаеваның ұстанымын қолдап, мұғалімнің жазбасын алаңдатарлық деп бағаласа, енді бірі оның пікіріне қарсы шықты. Сонымен қатар кей қолданушылар мұғалімнің сөзін ақтамаса да, хиджабқа қатысты шешімнің өзіне күмән келтіріп, оқушының таңдау құқығы болуы керек екенін жазды.
"Екінші Ауғанстанға айналмас үшін, Роза ханымға толықтай қосыламын", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір қолданушы мемлекет пен діннің арақатынасына қатысты пікір білдіріп, Қазақстанның геосаяси жағдайын ескеру қажет екенін айтты.
"Англияда, Швецияда, Францияда хиджабқа рұқсат бар анау-мынау деп жатқандарға айтарым. Ол елдер Каспий теңізі бойынша Иранмен шекараласпайды. Ауғанстанмен бір аумақта емес. Ресейдегі Кавказдың радикалдануы оларға әсер етпейді. Біз осылардың ортасында отырған мемлекетпіз", – деп жазды ол.
Ал Роза Әшірбаеваның әрекетін сынағандар оның мұғалімге қатысты ұстанымын шамадан тыс деп бағалады. Олардың пікірінше, оқушының киім таңдау құқығы ескерілуі керек.
"Роза ханым, мынауыңыз тым артық. Жеке мектепте шатақтарыңыз қанша?! Орамал тағып-тақпайтынын оқушы өзі шешуі керек. 7-8-сынып оқушылары қазір бәленің бәрін біледі. Ата-анасы орамалды күштеп кигізе алмайды. Сол үшін баланың таңдауын да құрметтеуді үйренуіміз қажет", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі радикализм мәселесін орамалға тыйым салумен шешу мүмкін емес екенін айтып, мұндай жағдайда балалардың білім алу мүмкіндігіне нұқсан келмеуі керегін алға тартты.
"Радикализмді орамал шешу арқылы жеңу мүмкін емес. Күрескен сайын көбейе беретін зат. Салдармен емес, себеппен жұмыс істеу керек. Егер мектеп орамалмен кіргізбесе, ал ата-анасы орамалсыз жібермесе, ол қыздың болашағы не болады? Білім алып, айналасын танып, қоғамда өз орнын қалыптастыру мүмкіндігінен айырылуы керек пе?" – деп жазды оқырмандардың бірі.
Ал үшінші тараптағы пікір білдірушілер мұғалімнің Қазақстанға қатысты жазған сөзін дұрыс деп санамайтынын, алайда мәселені тек бір адамның жазбасымен шектемей, хиджаб мәселесінің өзіне қатысты пікірталас қажет екенін айтты.
"Өзім орамалдамын, бірақ мектепте орамал таққанға қарсымын! Орамал деген адам ақылы толып, өзі шешім қабылдай алатын уақытта тағатын нәрсе. Мектеп кезде қайдағы ақыл, таңдау. Басына күшпен тағып қойған, оданша сабағын оқысын", – деген пікір білдірді желі қолданушысы.
"Өзім иманды болғаннан кейін бе, ашуға берілдім..."
Қарағандылық тілші әлеуметтік желіде Қазақстанға қатысты даулы пікір жазған информатика мұғалімі Жарқын Әбдікәрімнің жұмыс орнына барып, одан жазбаны не себепті жариялағанын сұрады. Мұғалім жекеменшік мектептердегі хиджабқа қатысты жаңалыққа ашуланып, эмоцияға берілгенін айтты.
"Ашуға беріліп кеттім. Өзім иманды болғаннан кейін бе, орамалға қатысты ақпарат болғаннан кейін бе, білмеймін. Кешегі орамалға байланысты жаңалықта жекеменшік мектептерде орамал тағуға рұқсат берсе, олардың лицензиясынан айыратыны айтылған. Содан кейін соған ашуланып, ашу үстінде жазып жібердім. “Қазақстанға азап келсін, осы экономикасы құрысын” деген сияқты сөздер ашу үстінде кетіп қалды. Негізі, олай айтқым келген жоқ. Сол себепті қазақ елінен кешірім сұраймын", – деп түсіндірген мұғалім.
Бұған қоса мұғалімнің өз балаларының мектепте хиджаб кимейтінін нақтылап, соған қарамастан жекеменшік мектептердегі орамалға қатысты шешімге не себепті ашуланғанын айтты.
"Қыз балаларым, тоғызда. Хиджаб кимейді, мектепте кимейді. Мемлекеттік мектептердегі шешім жарайды. Бірақ жекеменшік мектептер болғаннан кейін, онда сондай қатты қыспаққа алғандары менің қатты ашуыма тиді. Сол ғана", – дейді мұғалім.
Әлеуметтік желіде жазбасы тарап, оған қатысты сын күшейгеннен кейін мұғалім өз әрекетін әдейі жасамағанын айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ол Қазақстанға зиян келсін деген ниеті болмағанын, барлығы эмоцияға беріліп айтылған сөз екенін жеткізді.
"Мен әдейі түрде қазақ еліне зияным тиіп кетсін деген жоқпын. Жай ғана ашуға тиіп кетті, сол себепті эмоцияға беріліп кеттім. Кешірім сұраймын қазақ елінен, барлық азамат-азаматшалардан", – деді Жарқын Әбдікәрім.
Мұғалім жұмысынан кетті ме?
Осыдан кейін редакция Қарағанды облысының білім басқармасына хабарласты. Басқарма Жарқын Әбдікәрімовтің Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегенін растады. Мұғалімнің осы мектепте сабақ беретіні басқа да ашық дереккөздерде көрсетілген.

Білім басқармасы әлеуметтік желіде даулы жазбасы тараған мұғалімнің кейін өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеді.
Ал Қарағанды облысының полиция басқармасы мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты ақпараттың тексеріске алынғанын хабарлады. Қазір жағдай бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр екен.
"Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек" деп айтқан қарағандылық мұғалім жұмысынан кетті