Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Zara балаларға арналған Хэллоуин костюмі үшін сынға қалды

Зараның балаларға арналған киімі
Фото: Jam Press

Испаниялық Zara бренді балаларға арналған Хэллоуин костюміне байланысты дау ортасында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі independent.co.uk порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сатып алушылар оның дизайнын нацистік концлагерь тұтқындарының киіміне ұқсатып, наразылық білдірген. Осыдан кейін даулы тауар брендтің Ұлыбританиядағы сайтынан алынып тасталды.

Құны 39,99 фунт стерлинг болатын костюм (23 754 теңге) сұр-көк түсті тік жолақтары, өңі кеткендей көрінісі мен пішіні үшін сынға ұшыраған. Кейбір қолданушылар киімдегі өрнектердің концлагерьлердегі тікенекті сымдарға ұқсайтынын да айтқан.

Zara костюмді "тік жолақты дизайны, сәндік тігісі, жағасындағы гүлі және ескірген әсері бар балаларға арналған киім" деп сипаттаған. Екі бөліктен тұратын костюм мақта мен полиэстерден жасалған.

Әлеуметтік желі қолданушылары брендті сынға алды. Бірі Zara-дан енді ештеңе сатып алмайтынын жазса, енді бірі костюмді концлагерь тұтқындарының формасына ұқсату үшін "тек нөмір қосу қалғанын" айтқан.

Дегенмен кей қолданушылар киімнің дизайны "Битлджус" фильміндегі танымал қара-ақ жолақты костюмге көбірек ұқсайтынын жазған.

Израильдің Ақпарат және құжаттама орталығының директоры Наоми Меструм да костюмнің Холокостпен байланысты ассоциация тудырғанын түсінетінін айтты.

"Мұндай реакция білдірген адамдардың ашуын түсінемін. Zara үшін бұл жағдай сабақ болуы керек", – деді Наоми Меструм.

Сонымен бірге ол костюмді сатылымнан алып тастауды талап етпегенін және компанияның оны әдейі жаман ниетпен жасағанына сенбейтінін атап өтті.

Костюмге қатысты шағым түскеннен кейін Zara өкілі компанияның жағдайдан хабардар екенін және мәселені тиісті бөлімдерге жеткізгенін мәлімдеді.

Zara-ның осындай сынға алғаш рет ұшырауы емес. 2014 жылы бренд концлагерь тұтқындарының киіміне ұқсайды деген шағымнан кейін балаларға арналған жұлдызша белгісі бар жолақты жейдені сатылымнан алып тастаған. Ал 2007 жылы свастикаға ұқсайтын өрнегі бар сөмке де дүкен сөрелерінен алынған.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша костюм Zara-ның Ұлыбританиядағы сайтында сатылымда болмаған. Компания әзірге жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық жас шығармашылық топ Ay Qyz әлемдік Adidas брендімен бірлескен жоба түсірді. Бастапқыда портфолио үшін жасалған қазақ мәдениеті мен ауыл өмірін заманауи стильде көрсететін бейнеролик Instagram-да 1 миллионнан астам қаралым жинап, бренд өкілдерінің назарына іліккен. Кейін Adidas командаға ресми тапсырыс беріп, жаңа топтамаға арналған үш бейнеролик пен фотоматериалды Ақтау мен Маңғыстауда түсірді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 13:00