Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық модель "Америкалық қорқынышты оқиғалар" сериалының постеріне қалай түскенін айтты

Наргиз Есенгелді
Фото: FX

Қазақстандық модель Наргиз Есенгелді өзі көріп өскен "Америкалық қорқынышты оқиғалар" сериалының ресми постерлеріне түсті. Алайда кастингке өтініш бергенде қандай жобаға қатысатынын білмеген. Ол Stan.kz тілшісіне түсірілімнің қызығы мен қиындығын және киноға түсу арманын айтып берді.

Наргиз жобаға кастинг платформасы арқылы өтініш берген. Алайда бастапқыда қандай түсірілімге қатысатынын білмеген. Оның айтуынша, мұндай платформаларда жобалардың шынайы атауы көбіне көрсетілмейді.

“Өтініш бердім, бірақ қай жоба екенін білмедім. Әдетте жобалар басқа атаумен жарияланады. Түсірілімге екі апта қалғанда хабарласып, мені алдын ала таңдағандарын айтты. Бірнеше күннен кейін постерге менің түсетінімді нақты растады”, – деді модель.

Наргиздің сөзінше, жоба атауын түсірілім алаңына келгенде, құпия ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қояр алдында ғана білген. Алғашында ұсынылған қаламақыға қуанған. Кейін сүйікті сериалының жарнамалық түсіріліміне қатысатынын білгенде, сенер-сенбесін білмеген.

“Шынымды айтсам, сене алмадым. Бірақ қатты қуандым. Тіпті түсірілім басталғанға дейін сенбей жүрдім”, – деді ол.

Наргиз Есенгелді
Фото: Instagram.com/nargizislove/

“Ырылдап, көзімді бақырайтуым керек екенін ешкім айтпады”

Модельге түсірілім кезіндегі міндеті де алдын ала толық түсіндірілмеген. Бастапқыда ұйымдастырушылар оның бет-жүзін қырынан түсіретіндерін ғана айтқан. Ал камера алдында қандай қимыл жасау керегін сол жерде түсіндірген.

“Не істеуім керек екенін түсірілім кезінде ғана білдім. Маған бетімді қырынан түсіру қажет екенін айтты. Бірақ бір мезетте әрі ырылдап, әрі көзімді бақырайтуым керек екенін ешкім ескертпеді. Тапсырманы камераның алдында берді”, – деп бөлісті Наргиз.

Оның айтуынша, алғашқы сынақ кадрын көргенде қобалжыған. Айна алдында жасаған қимылы өзіне ұнамағандықтан, түсірілім тобы жұмысын жалғастырудан бас тарта ма деп алаңдаған. Алайда камера мен жарықты реттегеннен кейін кадр мүлде басқаша көрінген.

Наргиздің сөзінше, алаңда шамамен 15 адам жұмыс істеген. Алғашында тәжірибелі мамандармен түсірілімге қатысуға қобалжығанымен, олардың сабырлы қарым-қатынасы мен әзілдері еркін жұмыс істеуге көмектескен.

Фото: Instagram.com/nargizislove/

Гримді сынауға 12 сағат кеткен

Түсірілім АҚШ-тың Бруклин ауданындағы Warehouse Studio студиясында өткен. Наргиз жобаға барлығы төрт күн қатысқан: екі күн дайындық пен сынаққа, тағы екі күн түсірілімге арналған.

Оның айтуынша, ең қиыны – гримді сынаған күн болған. Бұл жұмыс таңғы 11-ден түнгі 11-ге дейін созылған.

“Бүкіл түсірілім тобы қатты шаршады. Бірақ сол күні бір-бірімізбен жақын араласып, достасып кеттік”, – деді модель.

Постерге шыққан образдан бөлек, Наргизге мыстан бейнесінде тағы бір образ дайындалған. Ол осы түсірілімнің нәтижесін де көргісі келетінін, алайда оның жарияланатыны әзірге белгісіз екенін айтқан.

Модель қорқынышты фильмдерді бала кезінен жақсы көреді. “Америкалық қорқынышты оқиғалар” сериалының маусымдары арасынан үшінші маусымды – “Шабашты” ерекше ұнатады.

Наргиз Есенгелді
Фото: Instagram.com/nargizislove/

Щучинскіден Нью-Йорктегі кастингтерге дейін

Наргиз Щучинскіде дүниеге келген, 11 жасынан бері Астанада тұрған. 2015 жылы Forever 21 дүкенінде оны модельдік агенттік өкілдері байқап, келісімшарт жасасқан. Кейін Францияда жұмыс істеуді ұсынған. Алайда бұл ұсынысты қабылдаса, АҚШ-та оқуға арналған студенттік визасынан айырылуы мүмкін болғандықтан, бас тартуға тура келген.

Модельдік жолын Қазақстанда бастағанымен, алғашқы кезде бұл жұмыстан айтарлықтай табыс таппаған. Ал кәсіби мансабы АҚШ-та дами бастаған.

“Модель болып жұмыс істеуді Қазақстанда бастадым. Бірақ кәсіби мансабым АҚШ-та өрбіді. Нью-Йорктегі агенттік маған хабарласты. Олармен келісімшартқа отырғаннан кейін кастингтерге қатыса бастадым”, – деді Наргиз.

Модельдік жұмыста қиындықтар да кездескен. Наргиздің айтуынша, Zara, Timberland және Asics брендтерінің түсірілімдеріне оны алдын ала таңдағанымен, соңғы сәтте басқа модельдерді бекіткен. Алғашында мұндай жағдайларды ауыр қабылдаған, кейін сабырмен қарауды үйренген.

Ол кейде өзін басқа модельдермен салыстырып, жұмыстан қажитынын айтты. Соған қарамастан кәсібін жалғастырып келеді.

“Қорқынышты фильмге немесе триллерге түскім келеді”

Наргиз постер жарияланғаннан кейін қандай жаңа ұсыныстар түскенін айтуға әлі ерте екенін жеткізді. Сұхбат кезінде ол бұл жұмысын портфолиосына да қосып үлгермегенін айтты.

“Бұл енді ғана болды. Постерімді әлі портфолиома да қоспадым. Осы жұмыс жаңа ұсыныстар алуыма көмектеседі деп үміттенемін. Бірақ ең үлкен тілегім – біреу мені киноға түсуге шақырса екен. Арманым – қорқынышты фильмге немесе триллерге түсу”, – деді ол.

Наргиз әзірге сериалдың жарнамалық түсіріліміне қатысты. Енді ол осы тәжірибесі жаңа ұсыныстарға жол ашып, киноға түсу арманына жақындатады деп үміттеніп отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 02 Қазан, 2026 10:00