Қазақ әжелері Нью-Йорк сән апталығында ұлттық нақыштағы киімдермен сән көрсетті
Қазақ әжелері Нью-Йорк сән апталығының төріне шығып, ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген ерекше образдарды көпшілік назарына ұсынды. Қазақстандық дизайнер Раушан Ануарбекованың топтамасы Манхэттендегі 1010 Park Avenue алаңында таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халықаралық сән сахнасындағы көрсетілімнің басты ерекшелігі – "Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері" жобасы болды. Егде жастағы арулар "Алаша" атты топтаманы киіп, қазақы киім үлгілерінің қазіргі сәнмен жарасымды үндесе алатынын көрсетті.
Жобаның мақсаты – ұлттық киімді әлемге танытып, шетелдік көрерменге қазақ мәдениетін әже образы арқылы жеткізу. Қазақ танымында әже – тек отбасының үлкені емес, парасаттың, тектіліктің, мейірім мен өмірлік тәжірибенің символы. Сондықтан сән көрсетілімінде әрбір киіммен бірге қазақ әйелінің болмысы мен тағдыры да көрініс тапты.
Подиумға шығар алдында әжелер ұлттық киіммен Нью-Йорк көшелерін аралады. Манхэттеннің заманауи ғимараттары аясында қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдер ерекше үйлесім тауып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды. Осылайша ғасырлардан жеткен дәстүр әлемнің ең ірі мегаполистерінің бірінің күнделікті тынысымен астасып жатты.

Алла Ильчунға арналған топтама
Раушан Ануарбекованың бұл топтамасы француз сән әлемінде өзіндік із қалдырған қазақ моделі Алла Ильчунға арналған. Кристиан Диордың музасына айналған әйгілі модельдің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Дизайнердің айтуынша, киімдерді дайындау кезінде Dior сән үйіне тән кейбір пішімдер мен крой бөлшектері пайдаланылған. Алайда топтама Кристиан Диордың еңбектерін немесе Алла Ильчунның жеке стилін қайталамайды. Негізгі мақсат – әлемдік сән тарихындағы қос тұлғаны еске алып, қазақ қызының халықаралық сән индустриясына қосқан үлесін дәріптеу.
"Біз бұл топтаманы осы екі ұлы тұлғаның құрметіне жасадық. Алла Ильчун – қазақ қызы, оның өмір жолы біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оның әлемдік сән индустриясына қосқан үлесі – бәріміз мақтануға тиіс мұра", – деді Раушан Ануарбекова.

Әр әженің артында бір тағдыр бар
Дизайнер "Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері" жобасы тек әдемі киім мен сән көрсетіліміне құрылмағанын атап өтті. Подиумға шыққан әрбір әженің артында отбасы мен қоғамға сіңірген еңбегі, бала тәрбиесі, өмірлік тәжірибесі мен жеке тарихы жатыр.
Қатысушылардың дені – бала өсіріп, еңбек етіп, отбасының ғана емес, елдің дамуына үлес қосқан әйелдер. Жоба сол аналардың еңбегін бағалап, олардың ішкі сұлулығы мен қадір-қасиетін сән тілі арқылы көрсетуге бағытталған.
"Бұл жоба тек сұлулық пен сән туралы емес. Ол қоғамды, үлкен және кіші буынды байланыстырады. Мұнда бір адамның өмір тарихы екіншісінің тағдырымен сабақтасып жатыр", – деді дизайнер.
Жоба өкілдерінің сөзінше, ұлттық киімге Қазақстаннан тыс жерлерде де қызығушылық артып келеді. Қазақы пішімдер, ою-өрнектер мен дәстүрлі бөлшектер заманауи шешімдермен толықтырылғанда, халықаралық сән үрдістерімен табиғи үйлеседі. Сондықтан топтама шетелдік көрерменге ұлттық мәдениетті тек мұра ретінде емес, бүгінгі сәннің бір бөлігі ретінде таныстыруды көздейді.
Нью-Йоркке басталған жол
Жобаға қатысушылардың бірі Тілекші Амангельдиеваның айтуынша, қазақстандық дизайнерлердің жұмысын шетелде таныстыру идеясы осы көрсетілімге дейін пайда болған. Ол Нью-Йоркте сән саласының маманы, бұған дейін Нью-Йорк сән апталығы аясындағы шараларға қатысқан атыраулық маманмен танысқан.
Олар бірлесіп дайындық жұмыстарын бастап, таныстырылымдар мен арнайы бейнероликтер әзірлеген. Қазақстандық дизайнерлермен байланысып, олардың топтамаларын зерттеген. Ізденіс барысында Раушан Ануарбекованың шығармашылығына назар аударып, нәтижесінде оның туындыларын Нью-Йоркте таныстыру туралы шешім қабылданған.
"Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Қазақстандық дизайнердің киімдері Нью-Йоркте таныстырылып, “Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері” жобасының қатысушылары осы сән көрсетілімінің бір бөлігіне айналды", – деді Тілекші Амангельдиева.
Айта кетейік, қазақ әжелері бұған дейін де әлемнің ірі сән алаңдарына шыққан. 2025 жылы жоба қатысушылары Paris Fashion Week және Milan Fashion Week мінберлерінде "Ақ маржан" атты ұлттық нақыштағы топтаманы таныстырған еді. Енді қазақ әжелері Нью-Йорк төрінде дәстүрлі киімнің уақытпен бірге жаңарып, әлемдік сән сахнасынан лайықты орын ала алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
"Қолынан сүйіп, денесін ұстаған": Алматыда 15 жастағы қыз такси жүргізушісінің әрекетінен шошып қалған