Әлемдік сән үйлерінің киімін таныстырған қазақстандық модель Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр
Әлемдік сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімін таныстырған қазақстандық модель әскери форма киіп, Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған. Ол бойы мен келбеті арқасында сән индустриясына келіп, кейін халықаралық подиумдарға шыққан. Шыңғыс әр жылдары Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімін көрсетіп, түрлі елдерде өткен сән көрсетілімдеріне қатысқан.
Ал қазір оның өмірінде мүлде басқа кезең. Бұрын подиумда нық қадаммен жүрсе, қазір әскери сапта жүр. Бір қарағанда, сән әлемі мен әскери қызметтің арасында байланыс жоқ сияқты. Алайда сарбаздың айтуынша, екі саланың да негізінде тәртіп, жинақылық және жауапкершілік жатыр.
“Модель үшін подиумда өзін сенімді ұстап, әр қимылын бақылау маңызды болса, әскери қызметте де берілген тапсырманы дәл орындап, әр әрекетіне жауапкершілікпен қарау қажет”, – дейді Шыңғыстың өзі.
Қазір Шыңғыс Қарағандыдағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Ол бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті күзетеді.
Қызмет барысында тұрғындармен тікелей байланыс құрып, қажет кезде көмек көрсетуге де араласады. Мәселен, ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына жеткізуге және тұрғындардың жоғалған бағалы затын қайтаруға көмектескен.
Осылайша, бір кездері сән әлемінің назарында болған Шыңғыс бүгінде басқа формада, басқа міндетпен елге қызмет етіп жүр.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам Ұлттық ұлан әскери қызметкері еліміздің 21 қаласында күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетеді. Ал Қарағандыда бұл қызметке күн сайын 250-ден астам сарбаз жұмылдырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысының әкімдігі сәнді жол талғамайтын көліктерді жөндеуге миллиондаған қаражат жұмсағаны туралы жазған едік.
Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ете ала ма?: Ел неге дайын болуы керек
