"Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ": Қазақстандық этнодизайнер ұлттық киімдер қалай сәнге айналғанын айтып берді

Осыдан он-он бес жыл бұрын тақия киіп көшеге шығу тосын көрінетін. Ал бүгінде ұлттық нақыштағы киім жастардың гардеробына да, сән индустриясына да нық енді. Бұл уақытша тренд пе, әлде қоғамның ұлттық құндылықтарға қайта бет бұрғанының белгісі ме? Осы ретте Stan.kz тілшісі этнодизайнер Айгүл Жансеріковамен ұлттық киімнің бүгінгі орны, қолөнердің ахуалы және қазақ этнодизайнының болашағы туралы сөйлесті.
Этнодизайнер, "Қазақ өнері" ұлттық қауымдастығы мен "Қазақ өнері" шеберлер орталығының жетекшісі Айгүл Жансерікова соңғы жылдары ұлттық киімге деген көзқарас түбегейлі өзгергенін айтады. Оның сөзінше, бүгінде ұлттық нақыштағы киім арнайы мерекенің емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді.
"Кейінгі жылдары ұлттық киімге деген қызығушылықтың күрт артқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Халықаралық көрмелерде немесе форумдарда ұлттық киім киіп шыққанда шетелдіктердің әрбір бұйымның тарихын сұрап, ерекше қызығушылық танытатыны байқалады. Қазақстанның ішінде де дәл сондай өзгеріс бар. Егер бұрын тақияны күнделікті өмірде көру сирек болса, қазір оны жастар да, үлкендер де еркін киеді. Ұлттық киім енді арнайы күнге арналған дүние емес, адамның күнделікті мәдени болмысының бір бөлігіне айналып келеді", – дейді Айгүл Жансерікова.
Әлеуметтік желілер ұлттық киімнің танымал болуына ықпал еткенімен, Айгүл Жансерікова бұл үрдістің негізгі себебі қоғамның ұлттық болмысқа қайта бет бұруында деп есептейді.
“Меніңше, басты өзгерісті әлеуметтік желілер емес, қоғамның өзі жасады. Адамдар өз тамырына қайта үңіліп, ұлттық болмысын көрсеткісі келе бастады. Instagram мен TikTok бұл үрдісті тек жылдамдатты. Ал дизайнерлер қоғамдағы сол сұранысқа жауап беріп, ұлттық киімді заманауи стильмен ұштастырды. Егер адамдардың ішінде ұлттық құндылыққа деген қажеттілік болмаса, ешқандай тренд ұзаққа созылмас еді”, – деді хас шебер.
Айгүл Жансерікованың айтуынша, этнодизайн тек ою-өрнекті киімге орналастырумен шектелмейді. Бұл ұлттық дүниетаным мен дәстүрлі білімге негізделген тұтас бағыт.
"Ұлттық стиль ең алдымен дүниетанымнан басталады. Киімнің пішіні, материалы, түсі, тігіс технологиясы – барлығы бірге ұлттық кодты қалыптастырады. Әрбір оюдың өз орны мен мәні бар, оны сәндік элемент ретінде ғана қолдануға болмайды. Сондықтан этнодизайнер тек суретші емес, этнограф та болуы керек. Ұлттық киімнің рухын сақтай отырып қана оны қазіргі заманға бейімдеуге болады", – дейді отандық дизайнер.
Этнодизайнердің пікірінше, қазақтың дәстүрлі материалдары қазіргі әлемдегі экологиялық сән индустриясында сұранысқа ие бола алады. Әсіресе киіздің мүмкіндігі әлі толық пайдаланылмай отыр.
"Бұрын да Қазақстан мұнайымен емес, жүнімен танылуы керек дегенмін және бұл пікірім өзгерген жоқ. Жүн – жыл сайын жаңаратын табиғи ресурс. Киізден бүгінде тек дәстүрлі бұйымдар емес, сәнді киімдер, интерьер заттары, тіпті дыбыс оқшаулайтын панельдер жасауға болады. Әлемде slow fashion бағыты күшейіп келеді, ал киіз осы талаптардың бәріне толық сәйкес келеді. Бізге тек осы әлеуетті толық пайдалану керек", – дейді этнодизайнер.
Этнодизайнер ұлттық киімге деген сұраныстың артуы қолөнер саласының да дамуына серпін бергенін атап өтті.
"Біз халықаралық көрмелерге барған сайын қазақтың этностильдегі бұйымдарына қызығушылық жоғары екенін көреміз. Бірақ басты мәселе – өндіріс көлемі. Көптеген этнобренд шағын шеберхана ретінде жұмыс істейді, сондықтан үлкен тапсырыстарды орындау қиын. Сонымен бірге маркетинг, логистика және экспорттық инфрақұрылым әлі де әлсіз. Біз сапалы өнім жасауды үйрендік, енді оны әлемге кәсіби түрде ұсынуды үйренуіміз керек", – дейді Айгүл Жансерікова.
Айгүл Жансерікованың пікірінше, бүгінде бұл бағыт мәдени мұраны сақтаумен қатар, креативті экономиканың маңызды бөлігіне айналып келеді.
"Ұлттық киімге деген сұраныстың артуы қолөнершілерге үлкен мүмкіндік ашты. Қазір шағын шеберханалар, авторлық брендтер көбейіп жатыр. Бұл адамдар тек мәдени мұраны сақтап отырған жоқ, одан табыс тауып, жаңа өндіріс қалыптастырып отыр. Сондықтан қолөнерге тек өнер ретінде қарау жеткіліксіз. Ол экономиканың да маңызды саласына айналуы тиіс", – дейді дизайнер.
Орталық Азия елдерінің қолөнерді қолдау тәжірибесі Қазақстан үшін де маңызды. Ол бұл салада мемлекеттік қолдауды жүйелі түрде күшейту қажет екенін айтады.
“Өзбекстанда қолөнершілерге арнайы салықтық жеңілдіктер беріледі, мемлекет шеберханалар мен қолөнер көшелерін салып береді. Соның нәтижесінде олардың өнімдері халықаралық көрмелерде өте көп кездеседі. Бізде де белгілі бір қолдау бар, бірақ оны жүйелеу қажет. Әсіресе жеңілдетілген қаржыландыру, экспортқа шығу және халықаралық маркетинг бағытында нақты механизмдер керек. Қолөнерге салынған инвестиция ұлттық мәдениетке салынған инвестиция екенін түсіну маңызды”, – дейді Айгүл Жансерікова.
Этнодизайнердің айтуынша, бұл салада таланттан бұрын еңбек пен кәсіби шеберлік шешуші рөл атқарады. Сондықтан ол шәкірттеріне ең алдымен тәжірибе мен тәртіптің маңызын түсіндіруге тырысатынын айтады.
"Талант адамға мүмкіндік береді, бірақ нәтиже еңбектен туады. Шәкірттеріме, ең әуелі, “қолдарыңды үйретіңдер” деп айтамын. Дизайнер тек сурет салып қоймайды, материалдың қасиетін, технологиясын, мәдениеттің тарихын білуі керек. Жүздеген адамды оқыттым, бірақ табысқа жеткендері – тоқтамай еңбек еткендер. Нағыз стиль тәжірибемен қалыптасады", – дейді шебер.
Айгүл Жансерікова Алматыда қолөнершілер мен дизайнерлерге арналған тұрақты мәдени кеңістік ашу қажет деп санайды. Оның пікірінше, мұндай орталық ұлттық мәдениетті дамытуға ғана емес, туризм мен креативті индустрияның өркендеуіне де ықпал етер еді.
“Біздің үлкен арманымыз – Алматыда қолөнершілер мен дизайнерлерге арналған тұрақты мәдени кеңістік ашу. Онда шеберлер жыл бойы жұмыс істеп, өнімдерін сатып, шеберлік сабақтарын өткізе алар еді. Туристер қазақ қолөнерін бір жерден көріп, танысар еді. Мұндай орталық ұлттық мәдениеттің ғана емес, креативті экономиканың да қуатты орталығына айналады. Кейін осы алаң халықаралық этнодизайн фестивалінің де негізі бола алады”, – дейді этнодизайнер.
Этнодизайнердің сөзінше, ұлттық киімнің болашағы сән көрсетілімдерінде емес, адамдардың күнделікті таңдауында жатыр. Сондықтан ол ұлттық киімді оның мәнін түсініп кию маңызды екенін айтады.
“Жастарға ұлттық киімді сән үшін емес, оның мәнін түсініп киіңіздер дер едім. Ол жай ғана әдемі киім емес, халықтың дүниетанымы мен тарихының жалғасы. Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ. Керісінше, дәл қазір әлемде өзіндік болмыс ең жоғары бағаланады. Ұлттық киім өткеннің белгісі емес, болашақтың құндылығы ретінде қабылдануы керек”, – деп түсіндірді Айгүл Жансерікова.
"Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ": Қазақстандық этнодизайнер ұлттық киімдер қалай сәнге айналғанын айтып берді