20 мыңнан аса мигрант Испания шекарасын бұзып кірген: Ел билігі Сеута анклавына әскер жіберді

Мароккодан Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута анклавына заңсыз өтпек болған мигранттар легі күрт артты. Бейсенбі күні жүздеген адам теңіз арқылы жүзіп, үрлемелі шеңберлермен қалқып немесе құрлықтағы шекара қақпаларын бұзып өтіп, қалаға басып кірген. Осыған байланысты Испания үкіметі анклавтағы полицияға қолдау көрсету үшін әскери бөлімшелерді жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Испанияның мемлекеттік TVE телеарнасының мәліметінше, бір күннің ішінде шекараны 2 мыңнан 3 мыңға дейін адам кесіп өткен. Алайда бұл мәліметті Испанияның Азаматтық гвардиясы әзірге ресми растаған жоқ. RTVE телеарнасы кейінгі екі аптада ғана Сеутаға 1,5 мыңнан астам адамның келгенін, олардың басым бөлігі жас марокколықтар екенін хабарлады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда мигранттардың теңіздегі толқын сындырғышты айналып жүзіп келе жатқаны, үрлемелі шеңберлерге сүйеніп су кешіп өткені және құрлықтағы шекара қақпаларын бұзып қалаға лап қойғаны көрінеді. Кейбірі “Жасасын Испания!” деп айғайлаған.
Марокконың солтүстік жағалауында орналасқан Сеута Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетуді көздейтін мигранттардың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бұл қала Испанияға тиесілі болғанымен, Африка құрлығында орналасқан.
Шілдедің басында Испанияның Жоғарғы соты теңіз арқылы Сеутаға жетуге әрекеттеніп ұсталған мигранттарды бұрынғыдай бірден Мароккоға кері қайтаруға болмайды деген шешім шығарған еді. Испания үкіметі бұл шешімді адам тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтар пайдаланып, мигранттарды жаппай шекарадан өткізуге кіріскен деп санайды.
AFP агенттігінің журналисі бейсенбі күні кешке Марокконың Фнидк қаласына жүздеген адамның ағылғанын хабарлады. Бұған Сеута шекарасы ашылды деген қауесет себеп болған.
Reuters агенттігіне сұхбат берген Закария Жадид есімді мигрант шекарадан өту оңай болмағанын айтты.
“Бұл өте қиын болды. Полиция бізді тоқтатуға тырысты. Бірақ біздің жігеріміз бен табандылығымыздың арқасында осында жеттік”, – деді ол.
Испанияның Азаматтық гвардиясының өкілі Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін мигранттар ағыны аз болғанын, алайда кейінгі тәулікте жағдай күрт өзгергенін мәлімдеді.
Биліктің мәліметінше, бейсенбі күні теңізден тоғыз адамның мәйіті табылды. Осылайша бірнеше айда Сеутаға жетуге әрекеттеніп көз жұмған мигранттар саны 60 адамға жетті.
Жағдайды бақылауға алу үшін Испания құрлықтан 200 арнайы полиция қызметкері мен 60 әскери қызметшіні жіберді.
Қазіргі жағдай 2021 жылғы оқиғаны еске салады. Ол кезде небәрі бірнеше күн ішінде халқы 85 мың ғана болатын Сеутаға Марокко мен Африканың өзге елдерінен шамамен 10 мың мигрант өткен еді.
Испания премьер-министрі Педро Санчес жұма күні ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласкамен бірге Сеутаға барып, қауіпсіздік күштері мен жергілікті билік өкілдерімен кездеседі.
Бұған дейін Испанияның Азаматтық гвардиясы мигранттардың Тарахаль толқын сындырғышы арқылы теңізбен жаппай келіп жатқанын мәлімдеген. Бұл жерден жүзіп өткен адамдар Сеута аумағына кіре алады. Полиция қазір жағдайды толық бақылауда ұстай алмай отырғанын да мойындады.
Сеута қаласының орталығында дүкен ұстайтын кәсіпкер Энрике Серрано Reuters агенттігіне кәсіпкерлердің полиция күшінің жеткіліксіздігінен қауіптеніп, өзара қорғаныс жасақтарын ұйымдастырып жатқанын айтты.
Сеута мен Мелилья – Еуроодақтың Африка құрлығындағы құрлық арқылы шектесетін жалғыз екі аумағы. Сондықтан бұл қалалар Еуропаға заңсыз өтуді қалайтын мигранттардың негізгі нысанына айналған.
Reuters агенттігі Испания Еуроодақтағы мигранттарға барынша қолайлы саясат жүргізетін елдердің бірі саналатынын жазды. Жақында ел билігі құжатсыз жүрген шамамен 500 мың мигрантты заңдастыру бағдарламасын қабылдады. Осыдан кейін мұндай мәртебе алуға өтініш білдірушілер саны күтілгеннен екі есе көп болған.
Осы жағдайға байланысты Испаниядағы оңшыл партиялар премьер-министр Педро Санчесті қатаң сынға алды. Халықтық партияның жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо әлеуметтік желідегі X парақшасында:
“Сеутадағы жағдай тығырыққа тірелді. Үкімет бұған көз жұма қарай алмайды. Біз ұлттық қауіпсіздік дағдарысымен бетпе-бет келіп отырмыз”, – деп жазды.
Ал Сеута мэрі Хуан Хесус Вивас Испания үкіметін өңірде төтенше жағдай жариялауға шақырды.
Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни Сеутадағы жағдай Испанияның көші-қон саясатының тиімсіздігін көрсететінін айтты. Reuters деректеріне сүйенсек, Италия Испаниядан келетін адамдарға қатысты шекаралық бақылауды қайта енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Премьер-министр Джорджа Мелони де бұл мәселе бойынша қатаң шаралар қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді.
“Италия сырттан қарап отырмайды. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен мемлекеттік шекараны қорғау үшін қажет болса, Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтатуға дейін баратын төтенше шараларды қабылдауға дайынбыз”, – деді ол.
Сонымен қатар Марокконың Фнидк қаласына адамдардың ағылуы әлі де жалғасып жатыр. Испанияның Ішкі істер министрлігі Мароккомен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын және Сеутаға заңсыз кірген адамдарды мүмкіндігінше тезірек кері қайтару мәселесін талқылап жатқанын хабарлады.
Кейінгі жылдары Испания Сеута мен Мелильядағы шекаралық бақылауды күшейтіп, қоршауларды нығайтып, бақылау жүйелерін жаңартқанымен, Еуропаға жетуге ұмтылған мигранттардың легі әлі де тоқтар емес.
"Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ": Қазақстандық этнодизайнер ұлттық киімдер қалай сәнге айналғанын айтып берді
Оқыңыз