Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетел азаматы Қазақстанға мигранттарды тасымалдау үшін оларды жүк көлігіне жасырған

Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында заңсыз көші-қонның жасырын арнасы жойылды. Қылмыстық полицияның жедел қызметкерлері арнайы операция кезінде мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өтпек болғандардың жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.

Жедел іс-шара кезінде Ресей арқылы Қазақстанға тасымалдау схемасын ұйымдастырған шетел азаматы ұсталды. Қылмыс жасау үшін ол MAN маркалы жүк көлігін пайдаланған.

Көлікті тексеру кезінде жедел уәкілдер адамдарды жасырын тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған құпия орынды анықтады. Автокөлік тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Ұйымдастырушыға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

"Көлік беру және оған қатысты қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін және ұсталған тұлғаның басқа да осындай фактілерге қатыстылығын тексеру үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді Павлодар облысы ПД КПБ бастығы Жаслан Танжанов.

Полиция заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар барлық тұлғалар тізімін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін вице-премьер-министр, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мигранттарға тексеріс күшейтілетінін айтқан еді. Оның сөзінше, үкімет көші-қонға қатысты тәсілдерін қайта қарап, жүйені ашық және басқарылатын етіп жатыр.

"Заңдылық және тәртіп" қағидатына ерекше назар аударылады. Көші-қон заңнамасының орындалуы күшейтілмек. Ал ережені бұзғаны үшін мигранттарға да, жұмыс берушілерге де жауапкершілік қарастырылады. Мигрант кіргеннен шыққанға дейін қауіпсіздік талаптары сақталуы керек.

2026 жылдың қаңтарынан бастап шетелдіктерді (этникалық қазақтарды қоса алғанда) іріктеу үшін балл жүйесі енгізіледі. Бұған олардың мемлекеттік тілді білуі, цифрлық сауалнама жүргізу, сұхбат және қосымша тексерулер кіреді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 15:49