Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 14 қабатты үйдің шатырына коммерциялық нысан салына бастаған: Тұрғындар құрылысқа қарсы шықты

Алматылық тұрғындар
Фото: Видеодан скриншот

Алматыдағы 14 қабатты тұрғын үйдің тұрғындары ғимарат шатырында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына алаңдаулы. Олардың айтуынша, техникалық қабатқа баратын жолдар жабылып, есіктерге құлып салынған. Жұрт шатырда коммерциялық немесе ойын-сауық орны ашылуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындар мен шатырға иелік ететін тарап арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан көрінеді. Үй тұрғындары техникалық қабат көппәтерлі үйдің ортақ мүлкіне жатуға тиіс екенін айтып, онда қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын білгісі келеді. Алайда құрылыс жүріп жатқан аумаққа ешкімді кіргізбейтінін жеткізді.

"Техникалық қабат үй тұрғындарының ортақ мүлкі болуы керек. Қазір шатырда нақты не салынып жатқанын білмейміз. Бізді ол жаққа өткізбейді. Барлық есікті жауып, техникалық қабатқа көтерілетін сатыны да алып тастаған”, – дейді тұрғын Ләззат Үсенова.

Оның сөзінше, тұрғындар бұл мәселе бойынша полицияға да жүгінген. Алайда әзірге нақты шара қолданылмаған.

Тұрғындардың бірі Жандос Асан шатырға көтеріліп, жағдайды өз көзімен көрмек болғанын айтады. Алайда оның сөзінше, құрылыс аумағындағы адамдар оны әрі қарай өткізбей, күш қолданған.

"Не болып жатқанын білу үшін шатырға көтерілдім. Бірақ мені ішке жібермеді. Кейін итеріп, жейдемді жыртып, соққыға жықты", – дейді ол.

Бұл үйде 140-қа жуық пәтер бар. Тұрғындар шатырда коммерциялық нысанның ашылуына түгел қарсы. Олардың айтуынша, мәселе тек тыныштыққа тіреліп тұрған жоқ. Жұрт ең алдымен ғимараттың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Тұрғын Ақалтын Бегімбаеваның сөзінше, осыдан екі жыл бұрын шатырда өрт болған. Ол өрттің шығуына заңсыз тартылған электр желісі себеп болды деп есептейді.

"Екі жыл бұрын шатыр өртенді. Ол кезде бұл аумаққа заңсыз электр желісі жүргізілген еді. Қазір нақты қандай нысан салынып жатқанын айта алмаймыз. Бірақ көңіл көтеретін орын ашылуы мүмкін деген күдігіміз бар. Бізді шатырға мүлде жолатпайды", – дейді тұрғын.

Үй тұрғындары мәселені шешу үшін прокуратура мен сотқа да жүгінгендерін айтады. Айтуларынша, құрылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде шешім шыққан. Соған қарамастан, шатырдағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Ал өзін нысанның меншік иесі ретінде таныстырған кәсіпкер Дина Тұрыстаева тұрғындардың күдігін жоққа шығарды. Оның айтуынша, шатырда ешқандай коммерциялық немесе ойын-сауық орны салынбайды. Қазіргі жұмыстар ғимаратты жауын-шашыннан қорғау үшін жүргізіліп жатыр.

"Бұл мүлікке 20 жылдан бері иелік етемін. Нысан осы уақыт бойы заңды түрде пайдаланылып келеді. Мемлекетке тиісті салығын төлеп отырмыз. Қазір шатырды өз қаражатымызға жөндеп жатырмыз. Негізгі мақсат – жаңбыр кезінде су өтпеуін қамтамасыз ету", – деді кәсіпкер.

Алайда тұрғындар бұл уәжге сенбейтінін айтады. Олар шатырдағы жұмыстың заңдылығы толық тексеріліп, техникалық қабатқа кіруге қойылған шектеулер алынғанша, өз талаптарын жалғастыра бермек.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Самал-3 тұрғындары саябақтың құрылысқа берілуіне қарсы шыққаны хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 10:15