Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй киімімен шығып, оралмаған: Таиландта ресейлік ағалы-қарындас жоғалып кетті

Диана, Роман
Фото: instagram.com/___zarina___

Таиландта Ресейден барған ағалы-қарындастың жұмбақ жағдайда жоғалып кетуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Диана мен Роман 25 шілдеден 26 шілдеге қараған түні із-түзсіз жоғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Балалардың анасы Зарина Instagram желісіндегі парақшасында олардың Паттайяда жоғалып кеткенін хабарлады.

“25 шілдеден 26 шілдеге қараған түні, нақтырақ айтқанда, 26 шілде таңға жуық Паттайяда балаларым Диана (22 жаста) мен Роман (17 жаста) жоғалып кетті. Сол түні Диана үйге оралған еді. Бұған дейін ол өзін біреудің аңдып жүргендей сезінетінін айтып, ешқайда серуендеуге шықпайтынын жеткізген.
Алайда таңғы сағат төрттер шамасында Диана мен Роман қайтадан үйден шығып кеткен. Олар үй киімімен, ешқандай заттарын алмай шыққан. Аз уақытқа ғана сыртқа шығып, бірден қайтып келетін адамдар сияқты еді. Бірақ содан бері үйге оралмады”, – деп жазды ол.

Қазір оларды полиция мен көптеген ерікті іздеп жатыр. Әйел іздеу жұмыстарына көмектесіп, ақпарат таратып, балалары үшін дұға етіп жүрген жандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ төрт тәуліктен бері көз ілмегенін, күн сайын полициямен кездесіп, кез келген деректі тексеріп жүргенін айтты.

“Егер Диананы немесе Романды көрген болсаңыздар, қандай да бір, тіпті елеусіз болып көрінетін ақпарат білсеңіздер, маған немесе полицияға хабарласыңыздар. Осы жазбаны таратыңыздаршы. Бәлкім, дәл осы ақпарат балаларымды үйге қайтаруға көмектесер”, – деп жазды әйел.

SHOT Telegram арнасының мәліметінше, отбасы шамамен бес жыл бұрын Түменнен Таиландқа қоныс аударған. Жоғалған ағалы-қарындас Ресей азаматтары.

Диана жоғалардан аз уақыт бұрын анасына телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын айтқан. Мұндай құрылғы оны бақылау үшін пайдаланылған болуы мүмкін. Сондай-ақ бойжеткен өзін біреу аңдып жүргендей сезінетінін жеткізген.

Таңғы сағат 04:26-да оның телефонынан “Urgent!” ("Шұғыл!") деген хабарлама келген. Осыдан кейін Диана мен Роман байланысқа шықпаған.

29 шілдеде Таиландта жоғалған ағалы-қарындасты соңғы рет алып жүрген мопед табылды. Көлік қатты бүлінген, бөлшектеліп, жерге көміліп тасталған. Оның 6379 нөмірі жоғалған жастар мінген көліктің нөмірімен сәйкес келген.

SHOT арнасы Түменнен келген ағалы-қарындастың жоғалуына күдікті адамның бұрын да бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталғанын хабарлады. Ол бұған дейін бала ұрлау және қару сақтағаны үшін ұсталған.

Полиция күдіктінің үйін қоршауға алған.

“Іздеу жарияланған Т.К.-ның қылмыстық өткені бар. 2010 жылы Бангламунг полициясы оны кәмелетке толмаған баланы ұрлағаны үшін ұстаған. 2016 және 2018 жылдары атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін қамауға алынған. Қазір оның үйін Таиландтың арнайы жасағы қоршауға алды. Жоғалған 17 жастағы Роман мен 22 жастағы Диананы іздеуге шыққан еріктілерден орманды аумақты шұғыл тастап шығу сұралды”, – делінген хабарламада.

Полиция мопед көмілген жерге жақын орналасқан тоғанды тексеру үшін құтқарушылар мен сүңгуірлерді де шақырған. Олар қосымша айғақтар іздеп жатыр.

Ауыл старостасының көмекшісі барлық дерек тексеріліп, бейнебақылау камераларының жазбалары сараланғаннан кейін сол аумақта бірнеше ер адамның жер қазып жүргені анықталғанын айтқан.

Еріктілер оқиға орнына барып, күдік тудырған төрт ер адамды көрген. Олар полиция шақырғанымен, бейтаныс адамдар тәртіп сақшылары келгенше қашып үлгерген. Кейін дәл сол жерден мопед қазып алынған.

РБК басылымы Таиландтағы Thairath басылымына сілтеме жасап, ресейлік азаматтардың жоғалуына қатысы бар деген күдікпен екі ер адам ұсталғанын хабарлады. Олар негізгі күдіктілердің қашып кетуіне көмектесіп, қылмыстың ізін жасырды деген күдікке ілінген.

Туристік полицияның нұсқасы бойынша, ұсталғандар 17 жастағы Роман мен 22 жастағы Диананы соңғы рет алып жүрген мопедті жерге көміп тастаған. Сонымен қатар олар екі негізгі күдіктінің қашып кетуіне көмектескен болуы мүмкін. Алайда ұсталғандар өздеріне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарып отыр.

30 шілде кешке SHOT Telegram арнасы Таиландта жоғалған ағалы-қарындастың ісіне қатысы бар қылмыстық топ басшысының ұсталғанын хабарлады.

Күштік құрылым қызметкерлері бұған дейін сыбайласымен бірге мопедпен полициядан қашып кеткен Т.К.-ны қолға түсірген. Ол полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Қазір Т.К. ресейлік ағалы-қарындастың жоғалуына қатысты істегі негізгі күдікті саналады. Оның бұған дейін бала ұрлау және заңсыз қару сақтау қылмыстары үшін сотталғаны белгілі болды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 23:55