Ақтөбеде жасөспірімдерді мешітте сабаған ер адамды прокурор қамауға алуды сұрады

Ақтөбеде “Нұр Ғасыр” мешітінде жасөспірімдерді ұрған ер адамға прокурор 1,6 жыл түрме жазасын сұрады. Сотталушы, мешіт имамы да осыған дейін жәбірленушілерден кешірім сұрамағаны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе қалалық сотында қоғамда резонанс тудырған іске жарыссөз оқылып, сотталушыға соңғы сөз берілді.
“Жасаған ісіме өкінемін, соттан кешірім сұраймын. Мені үй абақтысында болдым. Аяғыма білезік салып қойды. Барып кешірім сұрайтын мүмкіндік болған жоқ. Таңертең учаскелік инспектор, прокурорданбыз деп органның адамдары келеді. Кешке тағы учаскелік инспектор келіп, фотоесеп, видео түсіреді. Ешқайда шыға алмадым. Барып кешірім сұрайтындай мүмкіндік болмады. Екі жәбірленушіден кешірім сұраймын, істеген ісіме өкінемін. Азаматтық талап арызды мойындамаймын. Үйдегі ата-анамның жалғыз асыраушысы, мен”, – деді сотталушы.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі (Бұзақылық), 107-бабы 2-бөлігінің 2, 5 және 8-тармақтары (Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша айыпталған.
Прокурор сотталушыны сот залынан қамауға алуды сұрады.
“Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес түпкілікті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жаза өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде тағайындауыңызды сұраймын. Сот залынан қамауға алынсын”, – деді прокурор Альбина Асқарова.
Сотта жасөспірімдердің ораза кезінде мешітке намаз оқуға барғаны айтылды.
Оқиға 2026 жылғы 20 ақпанда Ақтөбе қаласындағы “Нұр Ғасыр” мешітінің дәлізінде болған. Тергеу дерегінше, сотталушы мен жасөспірімдер арасында сөзге келіспеушілік туындап, айыпталушы жасөспірімді екі рет бетінен ұрған. Оқиғаны тоқтатпақ болған тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім де соққы алған. Айыптау актісіне сәйкес, жанжал мұнымен аяқталмаған. Сотталушы жәбірленушіні оң қолымен ұстап тұрып, басынан үш рет жұдырықпен ұрады. Кейін оны жерге шалып құлатып, басынан бір рет, іш тұсынан бір рет және сол аяғымен тағы екі рет тепкен.
Сараптама қорытындысына сәйкес, оқиға салдарынан жасөспірім бас миының шайқалуын, жабық бас-ми жарақатын және жеңіл дәрежедегі бас миының соғылуын алған. Бұл жарақаттар денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған. Сондай-ақ жәбірленушіде мұрын сүйегінің жабық сынуы, сол жақ маңдай-қас тұсында, мұрын аймағында тері асты гематомалары анықталған. Сот үкімі 31 шілде күні оқылады.
Еске салайық, соңғы уақытта қоғам назарын аударған "Нұр Ғасыр" мешітіне қатысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін дәл осы мешітте белгісіз ер адамның қызға тиіскені туралы видео әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың қызу талқысына түскен еді. Ол мешітте қызға интимдік қатынас үшін бір реттік некеге тұруды ұсынған.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді
Оқыңыз