Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

BTS "Грэммиге" бойкот жариялады: Ұйымдастырушылар топтың шешіміне пікір білдірді

BTS
Фото: Instagram.com/bts.bighitofficial

Оңтүстіккореялық танымал BTS тобы 2027 жылы өтетін 69-шы “Грэмми” сыйлығына өз шығармаларын ұсынбайтынын мәлімдеді. Топ мүшелерінің бұл шешімі музыка әлемінде қызу талқыға түсіп, жанкүйерлер оны азиялық орындаушыларға арналған жаңа аталымның енгізілуімен байланыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Топ мүшелері Instagram Stories парақшаларында мазмұны ұқсас бірнеше үндеу жариялап, биыл “Грэммиге” қатыспау туралы шешім қабылдағандарын жеткізді.

Олар музыканы орындаушының шыққан еліне, тіліне немесе аймағына қарай бөлмей, шығарманың сапасына қарап бағалайтын уақыт келеді деген үміттерін білдірді.

“Биыл “Грэммиге” қатыспау туралы шешім қабылдадық. Музыканы аймағына немесе тіліне қарай бөлмей, өз болмысымен тыңдап, бағалайтын уақыт келеді деп сенемін. Бізді әрдайым қолдап жүрген жанкүйерлерімізге рақмет”, – делінген топ мүшелерінің мәлімдемесінде.

BTS
Фото: Скриншот

BTS өз шешімінің нақты себебін ресми түрде түсіндірген жоқ. Алайда әлеуметтік желідегі жанкүйерлер мұны “Грэмми"” ережесіне енгізілген өзгерістермен байланыстырып отыр.

Жазба академиясы биыл бес жаңа аталым енгізді. Соның бірі – Best Asian Pop Performance, яғни “Үздік азиялық поп-орындау” санаты.

Бұл аталымға K-pop, J-pop және C-pop жанрларындағы, Азия елдерінің бір немесе бірнеше тілінде орындалған әрі азиялық музыка нарығында кең танылған шығармалар ұсыныла алады.

Жазба академиясы жаңа санат азиялық поп-музыканың жан-жақтылығын көрсетуге және оның әлемдегі ықпалын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.

Алайда BTS жанкүйерлері мен бірқатар музыка сарапшылары мұндай шешімді қолдамады. Олар азиялық өнерпаздарды жеке санатқа бөлу оларды “Жыл әні”, “Жыл альбомы” және “Жыл жазбасы” секілді негізгі аталымдардан алыстатуы мүмкін деп есептейді.

Әлеуметтік желі қолданушылары әлемдік деңгейдегі музыкалық марапат орындаушыларды аймаққа немесе тілге қарай бөлмеуі керек екенін жазды. Кейбіреулер жаңа санатты мәдени тұрғыдағы оқшаулауға теңеп отыр.

“Грэмми” ұйымдастырушылары не дейді?

BTS-тің шешімінен кейін Жазба академиясының бас директоры Харви Мейсон арнайы мәлімдеме жасады.

Ол топтың “Грэммиге” қатыспау туралы шешіміне өкініш білдіргенімен, олардың таңдауына құрметпен қарайтынын айтты.

“Азиялық поп” (Asian Pop) санаты Азиядан шыққан поп-орындаушылардың тереңдігін, алуан түрлілігін және таңғаларлық өсімін атап өту үшін құрылды. Бұл жаңа санаттың мақсаты – осы маңызды әртістерге ерекше назар аудару”, – деп жазды Мейсон өз үндеуінде.

Сондай-ақ академия басшысы орындаушылардың бір мезетте әрі жанрлық, әрі негізгі аталымдарға үміткер бола алатынын түсіндірді. Яғни "Азиялық поп" санатына ұсынылған музыканттар "Жыл әні" немесе "Жыл альбомы" секілді басты жүлделер үшін де таласа алады.

“Бұл санаттар жанрына қарамастан, талапқа сай келетін кез келген жазба үшін ашық болып қала береді. Жанрлық санатта мойындалу мен негізгі санаттарда мойындалу бір-бірін жоққа шығармайды. Әртіс екеуіне де толықтай үміткер бола алады”, – деп сендірді бас директор.

Ұйымдастырушылардың түсініктемесіне қарамастан, музыка сарапшылары мен жанкүйерлердің бір бөлігі әлі де күмәнмен қарайды.

Олар “Грэммидің” бұған дейін де ақ нәсілді емес орындаушыларға әділетсіздік танытты деген сынға бірнеше рет қалғанын еске салды. Мәселен, америкалық рэпер Tyler, the Creator 2020 жылы қара нәсілді әртістер жанрлық тұрғыдан өзгеше музыка ұсынса да, көбіне рэп немесе urban санатына жіберілетінін сынаған еді. Сыншылар азиялық орындаушыларға арналған жеке санат та осы тәжірибені қайталауы мүмкін деп отыр.

BTS видеолары жоғалып кетті

Жанкүйерлердің наразылығын күшейткен тағы бір жайт болды.

Олар “Грэммидің” ресми YouTube арнасынан BTS тобының Butter және Dynamite әндерімен өнер көрсеткен видеоларының жоғалып кеткенін байқады. Бұл жазбалар кезінде миллиондаған қаралым жинап, академияның YouTube арнасындағы ең танымал видеолардың қатарында болған.

Әзірге олардың не себепті өшірілгені немесе қолжетімсіз болып қалғаны туралы нақты түсініктеме берілген жоқ.

BTS видеолары жоғалып кетті
Фото: Скриншот

69-шы “Грэмми” қашан өтеді?

69-шы “Грэмми” марапаттау рәсімі 2027 жылғы 7 ақпанда өтеді.

Байқауға 2025 жылғы 31 тамыз бен 2026 жылғы 28 тамыз аралығында жарық көрген музыкалық туындылар қатыса алады.

Алғашқы дауыс беру кезеңі 2026 жылғы 12–22 қазан аралығында өтеді. Үміткерлердің толық тізімі 16 қарашада жарияланады. Кейін қорытынды дауыс беру өткізіліп, жеңімпаздар марапаттау рәсімінде анықталады.

“Грэмми” жүлдесі неліктен маңызды?

“Грэмми” жүлдесін жеңіп алу орындаушыға өз елінде немесе белгілі бір жанрда ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалуға мүмкіндік береді.

Мұндай жеңіс әртістің жаңа аудитория жинауына, әлемдік музыкалық алаңдарға шығуына және ірі фестивальдерге шақырту алуына ықпал етеді.

Сондықтан BTS-тің биылғы марапатқа қатыспау туралы шешімі тек топтың жанкүйерлері арасында емес, бүкіл музыка индустриясында маңызды оқиғаға айналды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 15:30