"Ұрып-соғып, денесіне темекі басқан": Қазақстандық әйел полицияның өзіне қорлық көрсеткен күдіктімен татуластырмақ болғанын айтты

Таразда әйел өзіне бірнеше ер адам тиісіп, зорламақ болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілер денесін шақпақпен күйдіріп, темекі сөндірген. Кейін ұрып-соғып, батпаққа итеріп жіберген. Ал полиция қызметкерлері жәбірленушіні күдіктімен татуластыруға тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Денесіне темекі басып күйдірген”
Адам шошырлық жайт 15 шілде күні болған. Мән-жайды “НеМолчи” қоры мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, әйел күндіз таныстарының үйіне қонаққа барған. Біраз уақыттан кейін есінен танып қалған. Ал есін жиғанда өзіне қатты азап көрсетіліп жатқанын сезген. Оның денесін оттықпен күйдіріп, бетіне, қолына және аяғына темекі басқан. Денесіндегі көптеген күйік іздері медициналық құжаттарда тіркелген.
Сонымен қатар әйел интимдік қатынастан бас тартқан соң ер адам оны басынан тепкен. Күйдіріп азаптаған соң ұрып-соғып, бос жатқан жерге апарып, батпаққа итеріп жіберген. Әйел бұталарға жармасып аман қалып, жалаңаяқ қашып кеткен.
18 шілдеде жәбірленушінінің әпкесі әйелді Тараз қалалық полиция басқармасының №2 бөліміне алып барған. Әпкесі сыртта күтіп отырған кезде әйелден төрт сағат бойы бес полиция қызметкері жауап алған. Одан бөлек, оны үш полиция қызметкері негізгі күдіктіге апарып, татуласуға көндірмек болған.
“Қатты күйзелісте болдым, жарақаттарым ауырып тұрды. Соған қарамастан олар психологиялық қысымға алып, камера алдында татуласқанымды айтуға мәжбүрледі. Азаптаған адам қасымда тұрғандықтан қорықтым. Қазір сол қысымға көнгеніме өкінемін. Кейін полиция қызметкерлері мені жол жиегіне тастап кетті. Содан кейін травматологиялық пунктіге барып, денемдегі жарақаттарды тексерттім”, – деген жәбірленуші.
Жәбірленушінің әпкесі оны полиция бөлімінде деп ойлап, күтіп отырған. Алайда кейін әйелді полиция қызметкерлері жол жиегіне қалдырып кеткенін көріп, өзі ауруханаға жеткізген.
Қордың айтуынша, кейін полицейлер аудиохабарлама жолдап, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанын айтқан.
“Қылмыс құрамы болмағандықтан іс қозғалмайды. Дәлел жоқ. Жауап алынған төрт адамның барлығы әйелді ұрмағанын айтты”, – делінген аудиода.
Көшеде бейнекамера болған
“НеМолчи” қорының мәліметінше, әйелді азаптады делінген көшеде бейнебақылау камерасы орнатылған.
Сонымен қатар жәбірленушінің денесіндегі көптеген күйік, сырылған және көгерген жарақаттар медициналық құжаттармен тіркелген. Қазір сот-медициналық сараптама олардың қалай және қашан пайда болғанын анықтауы тиіс.
Қор мәліметінше, қазір іс Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы бойынша сараланған. Бұл бапта айыппұл немесе бірнеше тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Полиция не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрады.
“Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүріп жатыр”, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жұмысқа бара жатқан қызға саябақ аумағында белгісіз ер адам шабуыл жасағаны туралы жазған едік.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді
Оқыңыз