Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысып ұстап, денесін сипалаған": Астаналық қыз өзін белгісіз ер адам зорламақ болғанын айтты

қылмыс
Фото: Видеодан скрин

Астанада жұмысқа бара жатқан қызға саябақ аумағында белгісіз ер адам шабуыл жасаған. Оның кейін полиция ұстап, қамауға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елордадағы Президент саябағында болған жайтты жәбірленушінің анасы баяндап берді.

Жағдай қалай болды?

Оның айтуынша, оқиға 29 шілде күні таңертең болған. Қызы жұмысқа бара жатқан кезде белгісіз ер адам оған арқа жағынан келіп, шабуыл жасаған. 

“Ер адам қызыма жыныстық сипаттағы әрекет жасау мақсатында артқы жағынан келіп, қатты қысып ұстап, оған күш қолдануға әрекеттенген. Алайда қызым қатты айғайлап, барынша қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін шабуылдаушы қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қашып бара жатқан кезде оны қызым телефонға түсіріп үлгеріпті. Кейін біз полицияға арыз жазды. Егер қызым қарсылық көрсетпегенде, не боларын елестетудің өзі қорқынышты”, – дейді қыздың анасы. 

Жәбірленушінің анасы қызының жағдайы қазір қалай екенін айтты. Оның сөзінше, қызының кеуде тұсы, қабырғалары мен денесінің ішкі бөліктері қатты ауырады. Оқиғадан кейін жедел жәрдем шақырылып, бойжеткен сот-медициналық сараптамаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жарақатын толық анықтау үшін травматологқа қаралу қажет екенін айтқан.

“Қазір қызымның кеуде тұсы, қабырғалары мен басы қатты ауырады. Психологиялық күйе де ауыр. Қызым қазір үйден шығуға қорқып, түнде ұйықтай алмады. Дәрігерлер психологқа, невропатологқа қаралу керек екенін айтты”, – дейді анасы.

Оның айтуынша, қызы денсаулығына байланысты жұмысқа да шыға алмай қалған.

“Бұл тек физикалық жарақат емес. Психологиялық, моральдық және материалдық шығын әкелді. Қызым жұмысынан қалып отыр”, – дейді ол.

Сонымен қатар жәбірленушінің анасы полиция қызметкерлерінің әрекетіне де наразылық білдірді.

“Полиция бізді әйел ретінде де, жәбірленуші ретінде де дұрыс сыйламады. “Тез қол қойып, кете беріңдер” деп дөрекі сөйледі. Мен сөйлейін десем, “сіз сөйлемеңіз, қызыңыз кәмелет жасына толған, өзі сөйлесін” деп тоқтатты. Тіпті олар бізге сараптамаға бару керегін де айтпады. Өзіміз жедел жәрдеммен ауруханаға барып, дәрігерлердің көмегімен тексерілдік. Кейін Бас прокуратураға eGov арқылы шағым жолдадық”, – дейді жәбірленушінің анасы.

Ол шабуыл жасаған ер адамға тек "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалғанына қарсылық білдірді. 

“Бұл жай ғана бұзақылық емес. Бұл – зорлауға оқталу. Егер қызым айғайламағанда, қарсылық көрсетпегенде жағдайдың қалай аяқталары белгісіз. Ертең мұндай адам қайтадан көшеде еркін жүріп, басқа қыздарға шабуыл жасамасына кім кепіл?”, – дейді ол.

Жәбірленушінің анасы қазір сот отырысын күтіп отырғанын айтты. 

“Қазір соттың шешімін күтіп отырмыз. Одан кейін травматологқа барамыз. Кейін психологтың көмегіне де жүгінеміз. Бұл іс қылмыстық іс ретінде қаралуы керек деп есептеймін. Кейін басқа да қыздардың осындай жағдайға тап болғанын қаламаймын”, – дейді ол.

Күдікті ұсталып, қамауға алынды

Оқиғаға қатысты Астана қаласының полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, жәбірленушіге қатысты заңға қайшы әрекеттер туралы ақпарат түскен бойда полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізді. 

“Қысқа уақыт ішінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. 27 жастағы ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар соттың қарауына жолданды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте оқушы қызға қол жүгірткен 56 жастағы ер адам айыппұлмен құтылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 12:20