"Аш, ботам, мен келдім": Астаналық бойжеткен түні бойы бөтен ер адам есігін ашуға әрекет еткенін айтты
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде бейтаныс ер адам қыздың пәтеріне бірнеше рет келіп, есікті ашуды талап еткен. Қыздың айтуынша, ол үйде кімдер тұратынын білген. Полиция оны ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Алайда ол босатылған соң қайтадан сол пәтердің алдына келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елордалық қыз мән-жайды Threads парақшасында жазды.

Оның айтуынша, оқиға 18 қыркүйек күні кешкі сағат 21:30 шамасында болған. Сол кезде қыздың әпкесі үйден шығып кеткен. Ал ол пәтерде жалғыз қалған. Шамамен 10 минуттан кейін біреу есікті қаққан. Қыз есіктің көзшесінен қараса, сыртта бейтаныс ер адам тұрған.
“Аш, ботам, мен келдім” деді. Есікті ашпадым. Оған мекенжайдан қателескенін айттым. Бірақ ол кетпеді. Шамамен 20 минут есігімнің алдында тұрып, қайта-қайта қақты. Кейін алыстап кеткен соң, бәрі бітті деп ойладым. Бірақ біраз уақыттан кейін ол қайта келді. Полиция достарымнан бұрын жетті. Алайда әлгі адам осы уақыт ішінде жасырынып үлгерген екен. Полицейлер ештеңе істей алмайтынын айтты. Үйде жалғыз отырғанымды және қатты қорқып тұрғанымды айтып, тым болмаса әлгі адамды тауып беруді сұрадым. Десе де полиция қызметкері таңертең келетінін айтты”, – деп жазды қыз.
Сол кезде көршілердің бірі полицияға бұл ер адамды тұрғын үй айналасынан бірнеше рет көргенін айтқан.
“Сол кезде мені аңдып жүр ме, деген ой келді. Үйге көбіне жалғыз қайтамын. Кейде екі жастағы жиеніммен бірге келемін. Демек, ол қашан келетінімізді, қай уақытта жалғыз қалатынымды аңдыған болуы мүмкін. Көршінің сөзінен кейін полиция оны іздей бастады. Полицейлер кеткен соң көп ұзамай достарым да келді. Үйден шығып бара жатқан кезде, көрші әйел мені бір ер адам іздеп келгенін айтты”, – дейді қыз.
Қыз алғашында өзін іздеген кім екенін білмеген.
“Мұнда тұратын қызды іздеп келдім деп, мен тұратын пәтерді көрсеткен. Сосын үйде кімдер тұратынын да айтып шығыпты. Мұны естігенде денем түршігіп кетті. Демек, ол біздің есікке жай ғана кездейсоқ келген жоқ. Кімге келгенін білді. Үйдегі адамдарды, пәтерде кім тұратынын да білген”, – деп жазды қыз.
Сосын қыз достарымен бірге ер адамды іздеген. Алайда мүлде таба алмаған. Кейін достарымен бірге басқа бағытқа кеткен.
“Арада шамамен бір сағат өткенде әлгі адам қайтадан домофонға қоңырау шалған. Бұл жолы ол есікті ашуды талап етіп, өзін агрессивті ұстады. Бақытымызға қарай, домофоннан түскен қоңырау телефоныма да келетін. Оның жүзіне скриншот жасап үлгердім. Сосын бірден полиция шақырдым. Бұл жолы полиция оны тауып, ұстады. Кейін оның 43 жастағы ер адам екені айтылды. Бұған дейін есірткі заттарын сақтағаны, отбасылық зорлық-зомбылық және суық қару қолданғаны үшін сотталғаны туралы ақпарат алдық. Сол күні әлгі адам қандай да бір заттың әсерінде болыпты”, – деп жазды қыз.
Бір қызығы полиция ер адамды ұстағанымен, оған жай ғана айыппұл салған. Сосын ер адам бостандыққа шығып, қайтадан қыздың пәтерінің алдына келген.
“Түнгі сағат 02:30 шамасында ол тағы да үйімнің маңында тұрған. Кейін тұрғындар чатында оның бұл тұрғын үй кешенінде тұрмайтыны айтылды”, – дейді қыз.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі полициядан мән-жайды сұрады.
Полиция не дейді?
Астана қаласы полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Полиция мәліметінше, оқиға бойынша “102” арнасына хабарлама түскен.
“Біз құқық бұзушыны ұстадық. Тексеру барысында аталған адамның пәтер мекенжайын шатастырғаны анықталды. Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген жауапта.
Ведомство “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында кез келген құқық бұзушылықтың жолы кесілетінін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада үш кішкентай бала ұйықтап жатқан пәтерге бөтен ер адам кіріп кеткені туралы жазған едік. Оны үйге келген балалардың әкесі тауып, пәтерден шығаруға әрекет жасаған кезде ер адам шабуыл жасаған. Оқиға балаларының көз алдында болған.
"Ауруханаға өз аяғымен кіріп, табытпен шықты": Қызылордалық ер адам анасының өліміне дәрігерлерді айыптады