Шымкентте 15 жастағы жасөспірімнің асқазанынан 1 келі шаш алынды

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына 2011 жылы туған жасөспірім жедел жәрдем бригадасымен жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Науқас ауруханаға түскен кезде ішінің ауыратынын, тәбетінің төмендегенін, ашушаңдық пен жалпы әлсіздікке шағымданған.
Қабылдау бөлімінде кезекші хирургтер жасөспірімді тексеріп, нақты диагноз қою үшін қан мен зәрдің жалпы талдауы, іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуі, шолу рентгенографиясы және компьютерлік томография жүргізді.
Тексеруден соң дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады.
Ота барысында дәрігерлер жасөспірімнің асқазанынан салмағы шамамен 1 келі, ұзындығы 30 сантиметр болатын трихобезоарды (тығыз шаш шоғын) алып шықты.
Операция сәтті өтті. Одан кейін науқас дәрігерлердің бақылауында болуы үшін жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды.
Еске салайық, бұған дейін биыл ақпанда Түркістан облысында дәрігерлер 15 жастағы жасөспірім қыздың асқазанынан салмағы 900 грамм болатын шаш түйінін алып шыққан еді. Үш сағатқа жуық созылған күрделі ота сәтті өтіп, науқастың жағдайы тұрақтанған. Дәрігерлер мұндай жағдайлардың сирек кездесетінін және дер кезінде ем көрсетілмесе, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін айтқан.
Оқыңыз