Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар Үлкен Алматы өзені жағалауында шам бағандарынан тоқ ұратынын айтып шағымданды

тоқ соғады
Фото: Видеодан скрин

Алматы тұрғындары Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы жарық шамдарының бағандары тоқ ұратынына шағымданды. Әлеуметтік желіде тараған видеода қала тұрғыны серуендеу кезінде бағаннан тоқ соққанын айтып, өзге тұрғындар да бірнеше шам бағанынан тоқ ұратынын жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғыны Үлкен Алматы өзені жағалауындағы жарық шамдарының бағандары тоқ ұратынын айтып, бұл жағдайдың әсіресе ит серуендетіп жүрген адамдар үшін қауіпті екенін жеткізді. 

"Бағандардың қайсысынан тоқ ұрып тұрғанын бірден түсінбедік. Кейін қарасақ, бірнеше шам бағанынан тоқ өтеді екен. Жер дымқыл болғанда барлық шамдар тоқ соғады. Бұл жер ғана емес, әл-Фараби даңғылы жақта да, өзеннің екі жағында да сондай жағдай бар. Тіпті арнайы өтініш те жаздым. Таңертең тоқ ұрмайды, тек шамдар жанған кезде ғана солай болады. Жаңбыр жауғанда тротуардың өзінен тоқ өтеді", – дейді қала тұрғыны.

Оқиғаға қатысты Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы пікір білдірді.

"Тексеру барысында жағалаудың шығыс бөлігіндегі сыртқы жарықтандыру желісінің жекелеген учаскелерінде электр тогының ағып кетуі анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған кабель желісінің механикалық зақымдануы себеп болған. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында аталған сыртқы жарықтандыру желісін уақытша өшіру туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады басқармадан.

Ведомствоның мәліметінше, мердігер ұйым қазір жарықтандыру кабельдерін толық тексеріп, ақаудың нақты себебін анықтау және оны жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін сыртқы жарықтандыру желісінің электрмен жабдықталуы штаттық режимде қайта қосылады", – деп толықтырды экология және қоршаған орта басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылдың мамырында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 10 жасар Бейбарыс жоғары кернеулі электр қосалқы станциясында тоққа түсіп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның бір аяғын ампутациялауға мәжбүр болды. Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтауға кіріскен еді. Жәбірленуші тарап қосалқы станцияның құлыпталмағанын айтып, жауапты мекемені кінәлаған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 14:19