Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желкені сынып, мұхитта қалып қойған саяхатшы бір айдан кейін аман табылды

Кай Сато
Фото: Hawaii News Now

39 жастағы америкалық Кай Сато Тынық мұхитында желкенді яхтасымен жалғыз жүзіп жүріп, бір айдан астам уақыт бойы ашық теңізде аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hawaii News Now-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Ол 7 маусымда Санта-Каталина аралынан Тынық мұхитын жалғыз кесіп өту мақсатымен жолға шыққан. Алайда екі аптадан кейін яхтасының діңгегі сынып, сапары күрт өзгерген. Оның айтуынша, сол сәтте бір апта бойы жылаған.

Жағалауға қозғалтқышпен жетуге тырысқанымен, жанармайы тез таусылған. Кейін ПВХ құбырлары мен ескектерден қолдан желкен жасап, жағалауға қарай баяу жылжи бастаған.

11 шілдеде ауыз су қоры да біткен. Осыдан кейін ол теңіз суын пакетке жинап, ішінде жиналған конденсатты жалап, шөлін басқан. Ал азық ретінде өзімен бірге алған сұлы жармасын, жолай аулаған балық пен кальмарды тұтынған.

Кай Сатоның айтуынша, мұхит ортасында жүргенде ол көмек сұрап айғайлаған, медитация жасаған, тіпті жел мен теңізбен “сөйлескен”. Кей кездері бала кезінде бірге желкенмен жүзген марқұм ағасының рухы қасында жүргендей сезінгенін де айтқан.

21 шілде күні оның яхтасын өтіп бара жатқан кеме экипажы байқап, саяхатшыны құтқарып алған. Теңізшілер оған киім, тамақ және демалатын орын берген.

Басына түскен ауыр сынаққа қарамастан, Кай Сато саяхатын тоқтатпақ емес. Ол алдағы уақытта Филиппинге дейін жүзуді жоспарлап отыр.

Кай Сатоның кемесі
Фото: Hawaii News Now

 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 13:07