Ер адам қолтырауынға толы өзенде 55 шақырым жүзіп өтіп, рекорд орнатты

35 жастағы британ-аустралиялық ультрамарафоншы Энди Дональдсон Аустралиядағы Орд өзенінде 55 шақырым қашықтықты жүзіп өткен. Бұл өзенде мыңдаған тұщы су қолтырауыны мекендейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
The Guardian мәліметінше, Дональдсон шамамен 12 сағат бойы 5,5 мың тұщы су қолтырауыны бар өзенде жүзген.
Марафонның басында-ақ спортшыны 2,5 метрлік бауырымен жорғалаушы күтіп тұрған. Алайда ол батылдық танытып, жүзуді бастап кеткен. Нәтижесінде спортшы мәреге 11 сағат 51 минутта жетіп, бұрынғы рекордты шамамен төрт жарым сағатқа жақсартты.
“Ең басты бонус – аяқ-қолым түгел орнында”, – деді жүзгіш мәре сызығына жеткен соң.
Өзендегі жыртқыштармен тікелей байланыс болмағанымен, бұл жүзу спортшы үшін өте ауыр сынаққа айналған. Оған аптап ыстық, қарсы соққан жел, су бетінің мүлде тынық болған тұстары және тұщы су қиындық тудырған.
“Өзімді арқама піл көтеріп келе жатқандай сезіндім. Соңғы 10 шақырым азап болды, ал соңғы бес метр ешқашан бітпейтіндей көрінді”, – деді спортшы журналистерге.
Оған арнайы қолдау тобы еріп жүрген. Команда құрамында 2024 жылы дәл осы қашықтықты жүзіп өткен алғашқы әйел Симона Блейзер де болған. Дональдсон дәл сол спортшының 16 сағат 13 минуттық рекордын жаңартты.
Оқыңыз2013 жылы Аустралияға көшіп келген шотландиялық спортшы бұған дейін де бірнеше әлемдік рекорд орнатқан. Олардың қатарында Манхэттенді айнала 45 шақырым жүзу, Бахрейн суларындағы 170 шақырымдық марафон және Жаңа Зеландиядағы Кук бұғазын жалғыз жүзіп өту бар. Соған қарамастан, Дональдсон бұл жүзуді мансабындағы ең үздік жетістік деп атады.