Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамптың екі ұлының Қазақстандағы вольфрам жобасындағы үлесіне қатысты саяси дау туындады

Трамптың ұлдары
Фото: Andrew Harnik/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдарының Қазақстандағы вольфрам кенін игеру жобасына қатысы бар компанияға инвестиция салуы саяси дау туғызды. Сарапшылар мәміленің сыртқы көрінісі күмән тудырғанымен, заң бұзушылықты дәлелдеу қиын екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Foxnews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамп басқаратын Trump Organization құрылыс компаниясына салған инвестициясына байланысты сынның астында қалды. Компания кейін АҚШ үкіметі қаржыландыратын сирек кездесетін пайдалы қазбалар жобасынан пайда табуы мүмкін.  

Алайда Чикагодағы бағалы қағаздар және инвестициялық алаяқтық істері бойынша заңгер Эндрю Столтманның айтуынша, заң бұзушылықты дәлелдеу өте қиын.

"Президент Трамп ұлдарының бұл инвестициясы туралы білді ме деген сұрақ туындайды. Егер ұлдары өздері айтпаса, білмеуі де мүмкін. Олар – мемлекеттік қызметкерлер емес, жеке инвесторлар. Сондықтан олардың пассивті инвестициялары туралы ақпаратты жариялауға заңды міндет жоқ", – деді ол Fox News Digital басылымына.

Даудың мәні неде?

Даулы мәселе Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына қатысты. 2023-2024 жылдары америкалық Cove Capital инвестициялық компаниясы Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізіп, мемлекеттік вольфрам кен орындарының 70%-ын игеру құқығын алуға ұмтылды.

Вольфрам – зымырандар, жойғыш ұшақтар және басқа әскери техника өндірісінде қолданылатын стратегиялық маңызды металл. Әлемдік қордың басым бөлігі Қытай мен Ресейдің бақылауында болғандықтан, АҚШ бұл ресурсты қамтамасыз етуді ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырады.

Трамп ұлдарының инвестициясы

2025 жылдың тамызында Дональд Трамптың ұлдары Dominari Securities арқылы Skyline Builders компаниясының аз үлесін сатып алды. Сол кезеңде Cantor Fitzgerald компаниясы ASP Isotopes компаниясына 46,8 миллион доллар көлемінде несие рәсімдеуге қатысқан. ASP Isotopes кейін Skyline Builders компаниясын бақылауына алды.

2025 жылғы 6 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен кездесіп, Қазақстан АҚШ компанияларына вольфрам жобасын беру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Жобаға АҚШ-тың Export-Import Bank (EXIM) және International Development Finance Corporation (DFC) ұйымдары тарапынан 1,6 миллиард долларға дейін қаржыландыруға қызығушылық білдірген.

Кейін Skyline Builders пен Cove Kaz Capital бірігіп, Kaz Resources (KAZR) атты жаңа компания құрды. Skyline Builders бұл компанияның 20 пайыз үлесіне ие болды.

Қандай күдік айтылып жатыр?

Сыншылардың пікірінше, Трамптың ұлдары Қазақстан АҚШ компаниясына келісім беретінін алдын ала біліп, инвестиция салған болуы мүмкін. Алайда бұл болжамды растайтын нақты дәлелдер әзірге жоқ.

Trump Organization бұл айыптауларды жоққа шығарып, инвестицияның:

  • пассивті сипатта болғанын;
  • келісім жарияланғанға дейін жасалғанын;
  • Қазақстанның АҚШ компаниясын таңдайтыны алдын ала белгілі болмағанын мәлімдеді.

Сарапшы не дейді?

Эндрю Столтманның айтуынша, жағдайдың сыртқы көрінісі күмән тудырғанымен, заң бұзушылықты дәлелдеу қиын.

"Мұндағы басты мәселе – Трамптың не білгені және қашан білгені. Иә, сырт көзге бұл жағымсыз көрінеді. Президенттің ұлдары кейін ірі келісім алған компанияға инвестиция салған. Бірақ мұндай жағдайлар көбіне көп шу туғызғанымен, нақты дәлел болмайды", – деді Эндрю Столтман.

Заңгердің пікірінше, егер демократтар Конгресте көпшілікке ие болса, бұл мәмілеге қатысты құжаттар, телефон жазбалары мен хат-хабарларды талап етуі мүмкін.

Ақ үйдің жауабы

Ақ үйдің өкілі Анна Келли президенттің жеке инвестицияларын өзі басқармайтынын, оларды тәуелсіз қаржы ұйымдары бақылайтынын айтты.

"Мұның бәрі демократтардың Трамп пен оның отбасына қарсы ондаған жылдан бері айтып келе жатқан ескі айыптауларының жалғасы. Президент Трамп әрқашан америкалықтардың мүддесі үшін әрекет етеді. Мұнда ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ", – деді Анна Келли.

Ал Cantor Fitzgerald компаниясы өзінің рөлі тек капитал тартуға және қаржылық қызмет көрсетуге ғана қатысты болғанын, Kaz Resources немесе Skyline Builders компанияларымен келіссөздерге қатыспағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Trump Organization мен АҚШ Сауда министрлігі Fox News Digital басылымының сауалдарына жауап бермеген.

Еске салайық, 2026 жылдың мамырында Financial Times басылымы Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың Қазақстандағы Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындарын игеруге қатысатын Kaz Resources жобасымен байланысты компаниядан үлес алғанын жазған. Басылым мәліметінше, жоба Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар кен орындарын игеруді көздейді. Оның жалпы құны шамамен 1,6 миллиард доллар деп бағаланған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 12:33