Шымкентте әйел таныстарын қонақүйге алдап шақырып, оларды сыбайластарымен бірге тонаған
Шымкентте адамдарды қонақүйге кездесуге шақырып, сыбайластарымен бірге тонады деген күдікке ілінген қыз Алматыда ұсталды. Алайда ол қамауда ұзақ отырмай, сот оны үйқамаққа жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған іс туралы Instagram желісінде хабарланды. Заңгер Ғабидин Әбдіәлиевтің айтуынша, 2008 жылы туған күдікті таныстарын қонақүйге шақырып, сол жерде сыбайластарымен бірге оларды тонаған.

“Қылмыстық іс ауыр қылмыс санатына жататын бап бойынша тергеліп жатыр. Ал тергеуші күдіктінің ұсталған соң екі рет қашып кеткенін айтып отыр. Неліктен оны бірден қамауға алмағаны түсініксіз”, – деп жазды заңгер.
Шымкент қаласының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар адамдар анықталған.
“Бұл іс бойынша күдіктілердің бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот үкімімен сотталды”, – делінген жауапта.
Полиция мәліметінше, күдікті 29 тамызда Алматы қаласында ұсталған. Алдымен ол қамауға алынған. Алайда 31 тамызда сот оның бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберді.
Редакцияға ұсынылған полиция түсініктемесінде күдіктінің ұсталғаннан кейін екі рет қашқаны туралы ақпарат нақтыланбады.
“Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне сай өзге мәліметтер жария етілмейді”, – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Интерпол қолдауымен бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Байболовты Кореядан Қазақстанға қайтарғаны туралы жазған едік.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты
