Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сол бір 0,1% немесе inDrive.Қалааралықпен басқа қалаға қалай қауіпсіз қатынаймыз

inDrive.Қалааралық мәліметінше, 2026 жылы Қазақстандағы қалааралық сапарлардың 99,9%-ы еш оқыс оқиғасыз аяқталған. Ал қалған 0,1%-ы ше? Көрсеткіш мардымсыз болып көрінгенімен, жол үстінде тығырыққа тірелген жолаушы үшін бұл тек сандар жиынтығы емес.

Басқа қалаға жолға шыққанда түрлі ой мазалайды. Жүргізуші рөлде ұйықтап кетпей ме? Жылдамдықты шамадан тыс асырса ше? Көлік бұзылып немесе жол жабылып қалса, не істейміз? Ал сапар кезінде бір жағдай бола қалса, кімнен көмек сұраймыз?

Осы сұрақтарға жауап іздеп, жолаушыларды жиі алаңдататын жеті мәселені қарастырдық. Қауіптің қаншалықты негізді екенін, inDrive.Қалааралық қандай шаралар қолданатынын және жолаушының өзі нені ескеруі керегін білдік.

 

№1 қорқыныш. "Жүргізуші рөлде ұйықтап кетсе ше?"

Қауіп қаншалықты негізді? Бұл – жол үстіндегі ең қауіпті жағдайлардың бірі. Ұзақ уақыт көлік жүргізген адамның назары әлсіреп, жолдағы жағдайға дер кезінде жауап беруі қиындайды. Әсіресе 6-7 сағат бойы рөлде отырған жүргізушінің шаршауы апат қаупін арттырады.

Микроұйқы бұдан да қауіпті: адам тіпті көзін жұмбастан, 2–30 секундқа ұйқы құшағына еніп кетеді. Мұндай кезде жүргізуші көзі ашық отырса да, айналасында не болып жатқанын аңғармай қалуы мүмкін. Мысалы, көлік сағатына 90 шақырым жылдамдықпен келе жатса, жүргізуші төрт секундқа қалғып кеткенде, машина шамамен 100 метр жолды бақылаусыз жүріп өтеді.

inDrive компаниясының ішкі деректерінде жүргізушінің рөлде ұйықтап кетуі оның кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі ретінде көрсетілген.

Сервис қандай шара қолданады? 2025 жылдың желтоқсанынан бастап inDrive.Қалааралық жүргізушінің рөлде қанша уақыт отырғанын бақылап келеді. Жүргізу уақыты белгіленген шекке жақындағанда, қосымша ескерту жібереді. Ал шекке жеткенде, жүргізушіге тоқтап, тынығып алу ұсынылады.

Егер ол ескертуді елемей, жолын жалғастыра берсе, Safety Hub арнайы қолдау қызметі операторлары жағдайды бақылайды. Бұл қызмет жүргізушінің шаршау белгілеріне және жылдамдықты шамадан тыс арттыруына жедел әрекет етуге арналған. Алдымен оператор жүргізушімен сөйлесіп, қауіпсіздік талаптарын еске салады. Ереже қайта бұзылса, жүргізушінің аккаунты уақытша бұғатталуы мүмкін.

Жолаушы не істей алады? Егер жүргізушінің қайта-қайта есінегенін, көзін уқалағанын немесе көліктің жолда ирелеңдей бастағанын байқасаңыз, үндемей отыра бермеңіз. Қауіпсіз жерге тоқтап, тынығып алуын сұраңыз. Сапардан кейін бұл туралы қосымшаға пікір қалдырып, шағым түсіруге болады.

 

№2 қорқыныш. "Жүргізуші қатты айдаса ше?"

Бұл қауіп қаншалықты негізді? Жылдамдықты шамадан тыс арттыру – жолдағы апат қаупін күшейтетін негізгі факторлардың бірі. Қазақстан Көлік министрлігінің дерегінше, жол-көлік оқиғаларының 33 %-ы жылдамдықты асырумен байланысты.

Жылдамдық жоғарылаған сайын көлікті тоқтату да қиындай түседі. Бұл жерде физика заңына қарсы келе алмайсың: 100 км/сағ жылдамдықта толық тоқтау үшін 120 метрдей аралық керек болса, 160 км/сағ жылдамдықта тежелу жолы 240 метрге дейін созылады. Ал жылдамдықты сағатына 20 шақырымға арттыру арқылы кей бағытта ұтатын уақыт бар болғаны он минуттай болуы ықтимал. Алайда осы аз ғана уақыт үшін тәуекелге барудың қажеті бар ма?

inDrive мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында қалааралық бағыттарда болған жол-көлік оқиғаларының 66 %-ы жүргізуші тарапынан болған себептерге байланысты тіркелген. Компания өкілдері технология қауіптің алдын алуға көмектескенімен, жолдағы қауіпсіздік көп жағдайда жүргізушінің өзіне байланысты екенін айтады.

Сервис қандай шара қолданады? Қосымша 2GIS арқылы жолдың әр бөлігіндегі рұқсат етілген жылдамдық туралы мәлімет алып, оны көліктің нақты жылдамдығымен салыстырады. Егер жүргізуші белгіленген шектен сағатына 20 шақырымнан артық асырып, жылдамдығын төмендетпесе, қосымша дыбыстық және экрандағы ескертуді береді.

Ереже қайта-қайта бұзылса, шара да күшейеді. Жүргізушіге ескерту жасалып, аккаунты уақытша бұғатталуы немесе жаңа тапсырыстарды бөлу кезінде басымдығы төмендеуі мүмкін. Ал талаптарды жүйелі түрде елемеген жүргізуші сервистен ажыратылады.

Жолаушы не істей алады? Ең алдымен, қауіпсіздік белдігін тағыңыз. Бұл алдыңғы орындықта отырғандарға ғана емес, артқы орындықтағы жолаушыларға да қатысты.

Жүргізушіден жылдамдықты төмендетуді сұрауға да болады. Сонымен қатар рейтингі жоғары, "Супержүргізуші" мәртебесі бар адамдарды таңдаған жөн.

Компания мәліметінше, бұл мәртебе рейтингі 4,8-ден жоғары, шағымы жоқ, қауіпсіздік бойынша оқудан өтіп, сынақтардан өткен және жылдамдық режимін сақтайтын жүргізушілерге беріледі.

 

№3 қорқыныш. "Қосымшада көрсетілген жүргізуші емес, басқа адам келсе ше?"

Бұл қаншалықты жиі кездеседі? Жолаушы үшін көлікке кімнің отырғаны және қандай көлікпен жолға шығатыны аса маңызды. Өйткені қосымшадағы мәлімет пен келген жүргізуші немесе көлік сәйкес келмесе, сапардың қауіпсіздігіне күмән туады.

inDrive дерегінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда жүргізуші немесе көлік туралы мәліметтің сәйкес келмеуіне байланысты шағымдар саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 %-дан астам азайған.

Сервис қандай шара қолданады? Жүргізуші тапсырыс қабылдамас бұрын құжаттары мен көлігі тексеріледі. Бұдан бөлек, аккаунтты басқа адамның пайдаланып жүрмегенін анықтау үшін жүргізушілерден қосымша арқылы қайта-қайта селфи түсіру сұралады.

Жолаушы сәйкессіздік туралы шағым түсірсе, жүргізушіге қосымша тексеріс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда оны тапсырыстардан шеттетуі мүмкін.

Компанияның мәліметінше, соңғы бір жылда қала ішінде және қалааралық бағыттарда жұмыс істеген шамамен 33 мың жүргізушінің аккаунты бұғатталған. Бұған жүргізушінің немесе көліктің ауыстырылуы, сондай-ақ жолаушы тасымалдауға рұқсат етілмейтін оң жақ рөлді көліктерді пайдалану себеп болған.

Жолаушы не істей алады? Көлікке отырмас бұрын оның нөмірін, маркасын және жүргізушінің түр-тұлғасын қосымшадағы мәліметпен салыстырыңыз. Бір нәрсе сәйкес келмесе, көлікке отырмай, қолдау қызметіне хабарласыңыз.

 

№4 қорқыныш. "Бейтаныс адамдармен бірнеше сағат бойы бірге отыруға тура келсе ше?"

Бұл қауіп қаншалықты негізді? Қалааралық сапарда жолаушыларды жолдың өзі ғана емес, салондағы адамдар да алаңдатуы мүмкін. Жүргізушінің мінезі қандай? Жолда тағы кімдер мінеді? Жолаушылармен қарым-қатынасы қалай болады? inDrive.Қалааралықтың ішкі дерегіне сәйкес, қалааралық сапарларға қалдырылған пікірлердің 91 %-ы оң болған.

Сервис қандай шара қолданады? Компания қалааралық бағыттарда жұмыс істейтін жүргізушілерге жолаушылармен дұрыс қарым-қатынас жасау жөнінде оқыту жүргізеді. Қосымша ішіндегі хат алмасу да бақылауда болады. Егер жол үстінде жағдай ушығып кетсе, жолаушы шұғыл көмек шақырып, тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне жүгіне алады.

Жолаушы не істей алады? Жолға шықпас бұрын жүргізушіден көлікте тағы қанша жолаушы болатынын және оларды қай жерден мінгізетінін сұрап алыңыз. Егер жол үстінде өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, көлікті жанармай құю бекеті немесе жол бойындағы дәмхана сияқты адам көп жерде тоқтатуды өтініңіз. Қажет болса, қолдау қызметіне хабарласыңыз.

 

№5 қорқыныш. "Жақындарым қайда келе жатқанымды білмей қалса ше?"

Бұл қауіп қаншалықты негізді? Басқа қалаға шыққан адамның жолда байланыссыз қалуы жақындарын алаңдатуы мүмкін. Әсіресе ұялы байланыс ұстамайтын жерде телефон сөніп қалса немесе сапар ұзаққа созылса, үйдегілер түрлі ойға беріледі.

Сервис қандай шара қолданады? Қосымшадағы Қауіпсіздік орталығы арқылы жолаушы сапары туралы мәліметті жақындарымен бөлісе алады. Арнайы сілтемені алған адам көліктің картадағы қозғалысын, жүргізуші мен көлік туралы ақпаратты көре алады. Сондай-ақ осы бөлімде алдын ала сенімді байланыс адамдарын қосуға болады.

Жолаушы не істей алады? Сапар сілтемесін жолға шыққанға дейін, байланыс бар кезде жақындарыңызға жіберіңіз. Телефонды толық қуаттап, өзіңізбен бірге қосымша қуаттағыш алып жүрген де артық емес.

 

№6 қорқыныш. "Жол жабылып, трассада тұрып қалсам ше?"

Бұл қауіп қаншалықты негізді? Әсіресе күз бен қыс мезгілінде мұндай жағдай жиі алаңдатады. Боран, көктайғақ, су тасқыны немесе жол жөндеу жұмыстары салдарынан республикалық маңызы бар трассалардың кейбір бөлігі жабылуы мүмкін.

Мұндай жағдайды жолға шықпай тұрып білген әлдеқайда тиімді. Әйтпесе бірнеше сағатқа жоспарланған сапар ұзақ кідіріске ұласуы ықтимал.

Сервис қандай шара қолданады? inDrive.Қалааралық "ҚазАвтоЖол" жүйесімен біріктірілген. Жолдың жабылғаны немесе қозғалысқа шектеу қойылғаны туралы мәлімет жүргізушінің қосымшасына он минут ішінде түседі.

Хабарламада шектеудің себебі, орны және белгілі болса, оның қанша уақытқа созылатыны көрсетіледі. Осы мәліметке сүйеніп, жүргізуші бағытын өзгерте алады немесе сапар уақытын кейінге шегере алады.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылдың сәуіріне қарай осындай ескертулер саны 6 мыңнан асқан.

Жолаушы не істей алады? Жолға шықпас бұрын жүргізушіден бағытта шектеу бар-жоғын сұрап, ауа райы болжамын тексеріңіз. Қыста жол қысқа болса да, жылы киім мен су алып шыққан дұрыс. Өйткені жолдағы жағдайды алдын ала толық болжау мүмкін емес.

 

№7 қорқыныш. "Жолда бірдеңе болса, кім көмектеседі?"

Бұл қауіп қаншалықты негізді? Қалааралық сапарлардың басым бөлігі ешқандай оқиғасыз өткенімен, жолдағы қауіп толық жойылды деуге болмайды. Ал төтенше жағдайға тап болған адам үшін ең маңыздысы – дер кезінде көмек алу және қиын сәтте жалғыз қалмау.

Сервис қандай шара қолданады? Компанияның мәліметінше, әр сапар автоматты түрде сақтандырылады. Жүргізуші мен барлық жолаушының өмірі мен денсаулығы 4 миллион теңгеге дейінгі сомаға сақтандырумен қамтылған. Сақтандыру сапар басталғаннан аяқталғанға дейін қолданылады. Қауіпсіздік орталығында төтенше қызметтерді шақыруға арналған SOS батырмасы және тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметі бар. Қауіпсіздікке қатысты өтініштер бірінші кезекте қаралады, ал оқиғаларды арнайы топ тексереді.

Күдікті жағдайлардың белгілерін анықтауға жасанды интеллект те көмектеседі. Дегенмен шешімді адамдар қабылдайды. Бұдан бөлек, Sezim ұйымымен серіктестік аясында зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі.

Жолаушы не істей алады? Сапар басталмай тұрып Қауіпсіздік орталығын ашып, SOS батырмасының қай жерде орналасқанын және қолдау қызметіне қалай хабарласуға болатынын қарап алыңыз. Қиын сәтте қажетті батырманы іздеп уақыт жоғалтпаған жөн.

Тағы бір маңызды нәрсе – қауіпсіздік белдігі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, белдік тағу жол апатында қаза болу қаупін 40–50 %-ға төмендетеді. Бұл – әр жолаушы өзі жасай алатын қарапайым әрі маңызды қадам.

inDrive.Қалааралықтың Қазақстандағы бағытының жетекшісі Борис Хванның айтуынша, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін технология мен адам жауапкершілігі қатар жүруі керек.

"Қауіпсіздікті бір ғана технологиямен немесе бір ғана ережемен қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз жүргізушінің орнына рөлге отыра алмаймыз. Бірақ қауіпсіз әрі мұқият жүруді тәуекелге барғаннан тиімді ететін жағдай жасай аламыз. Ал бірдеңе дұрыс болмай қалса, жолаушының ар жағында нақты адам жауап беретін көмек батырмасы болуы керек", – дейді inDrive.Қалааралықтың Қазақстандағы бағытының жетекшісі Борис Хван.

Ақгүл Айдарбекқызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 19:30