Қазақстандық блогер "Реал Мадридтің" бас бапкері Жозе Моуриньомен кездесті
Көпшілікке ByDastan лақап атымен танымал қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрахым әйгілі футбол жаттықтырушысы Жозе Моуриньомен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол кездесуден түсірілген видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Блогердің айтуынша, бұл кездесу Қазақстанды әлемге танытуға бағытталған жаңа жобасы аясында ұйымдастырылған. Ол футбол әлеміндегі танымал тұлғамен жүздесіп, еліміздің жетістіктері туралы әңгімелескен.
“Тағы бір ерекше жаңалық! Жақында ғана сіздерге Қазақстанның көпшілік біле бермейтін мақтан тұтар жетістіктерін көрсетіп жүрген едім. Ал бүгін, міне, аты аңызға айналған Жозе Моуриньюдің өзіне Қазақстан туралы айтып тұрмын! Мен үшін бұл – ерекше әрі ұмытылмас сәт!” – деп жазды Дастан Мұхамедрахым.
Блогер бұған дейін Coca-Cola компаниясына Қазақстанда өндірілетін сусынды әлемдік аудиторияға таныстыру туралы ұсыныс жасаған. Оның сөзінше, компания өкілдері бұл бастамаға қызығушылық танытқан.
Айта кетейік, Жозе Моуриньо – әлемдегі ең танымал футбол жаттықтырушыларының бірі. Ол әр жылдары мадридтік “Реал”, “Челси”, “Интер”, “Манчестер Юнайтед”, “Тоттенхэм” және “Рома” клубтарын жаттықтырған. Сондай-ақ Чемпиондар лигасында екі түрлі клубпен жеңіске жеткен.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық саяхатшы-блогер Дастан Мұхамедрақым АҚШ президентінің үлкен ұлы кіші Дональд Трамппен бірге Моңғолия тауларында адасып кеткені хабарланған еді. Жол іздеп жүріп өзенге тірелген саяхатшылар арғы бетке атпен өтуге мәжбүр болған.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
