"Голливудта да мұндай болмаған": Трамптың ұлы мен Дастан Мұхамедрақым тауда адасып кеткен
Қазақстандық саяхатшы-блогер Дастан Мұхамедрақым АҚШ президентінің үлкен ұлы кіші Дональд Трамппен бірге Моңғолия тауларында адасып кеткенін айтты. Жол іздеп жүріп өзенге тірелген саяхатшылар арғы бетке атпен өтуге мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде көпшілікке @bydastann атымен танылған блогер сапардан түсірілген видеоны Instagram парақшасында жариялады. Оның айтуынша, елдімекендерден жырақта жүрген топ бір сәтте бағытынан жаңылып, жол таба алмай қалған. Ал алдарынан шыққан өзеннен өз беттерінше өту мүмкін болмаған.
“Голливудта да мұндай болмаған. Трамптың ұлымен бірге тауда адастық, жол іздедік. Өзеннен өте алмай, таудан аса алмай жүрдік. Қысқасы, кәдімгідей кино болды. Бірақ уайымдамаңыздар, бәріміз аманбыз. Өзеннің арғы бетінен ат әкелді”, – дейді Дастан.
Саяхатшылар атқа кезек-кезек мініп, өзеннен өткен. Ал Дастанның судан өтіп келе жатқан сәтін кіші Дональд Трамптың өзі видеоға түсірген.
“Өзеннен өтіп бара жатқанымды Трамптың ұлының өзі видеоға түсіріп тұр десем, сенесіздер ме? Жалпы, мен мұнда не істеп жүрмін?” – деп әзілдеді блогер.
Жағаға жеткен Дастан серігіне “Қолымыздан келді!” деп, онымен алақан соғыстырған.
Бірге киіз үйде түнеп, бір дастарханнан дәм татқан
Блогердің айтуынша, бұл кездейсоқ кездесу емес. Оны сапарға Трамптың ұлын Моңғолияда қонақ етіп жүрген Жандос есімді танысы шақырған.
“Жандос аға Трамптың ұлын Моңғолияда осымен төртінші рет қонақ етіп отыр. Маған да осында қонақ болу бұйырған екен”, – деді Дастан.
Олар тауда үш күн өткізіп, киіз үйде түнеген, бір дастарқаннан дәм татып, сапардың қызықты сәттерін камераға түсірген.
Трамптың ұлына шапан жауып, тымақ кигізген
Дастан америкалық қонаққа қазақтың шапаны мен тымағын сыйлағанын көрсеткен еді. Жарияланған кадрларда кіші Дональд Трамп ұлттық киіммен камераға түскен.
Еске салайық, бұған дейін әлемдік travel-блогерлер Қазақстанға келіп, еліміздің таңғажайып кадрларын көрсеткені хабарланған еді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды