Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Farfetch онлайн-платформасы бұғатталды

Farfetch
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда халықаралық Farfetch онлайн-платформасына қолжетімділік шектелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. 

Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі көзделген.

Осыған байланысты мемлекеттік кірістер комитеті Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау хабарламасын жолдады. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.

“Комитет мұндай шаралар тиісті талаптар қолданылатын және Қазақстан бюджеті алдындағы салықтық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен қолданылатынын атап өтеді”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Farfetch – киім, аяқкиім және аксессуарлар, оның ішінде танымал брендтердің тауарлары сатылатын халықаралық онлайн-платформа.

Pinduoduo платформасы мен Claude әзірлеушілері Қазақстанға 8 миллиард теңге салық төлеген

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша Pinduoduo бюджетке 6,8 миллиард теңге (15,1 миллион доллар) салық төлеген.

Сонымен қатар Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салықтық кезеңдер үшін 1,2 миллиард теңге (шамамен 2,6 миллион доллар) төледі. Компания камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламаларды орындаған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда шетелдік маркетплейстерге қатысты салық талаптарын күшейту ұсынылған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 19:28