"Мұғалімнің беделін түсірді": Дилназ Ахмадиеваның даулы клипі үшін Алматыдағы колледж тексеріліп жатыр
Қазақстандық әнші Дильназ Ахмадиева мен “Азия” тобының Milfa әніне түсірген бейнебаяны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Мұғалім мен оқушылардың бейнесі көрсетілген клип көпшіліктің наразылығын туғызып, Алматыдағы колледж басшылығына қатысты тексеру басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғамдағы қызу талқылаудан кейін “Азия” тобының мүшелері арнайы бейнеүндеу жариялап, мұғалімдерді ренжіту ойларында болмағанын жеткізді.
Топ мүшесі Ринат Баситтің айтуынша, бейнебаян америкалық әнші Бритни Спирстің танымал клипіне әзіл ретінде еліктеп түсірілген.
“Біз ешкімді ренжіткіміз де, құрметсіздік көрсеткіміз де келген жоқ. Егер шығармашылығымыз біреудің көңіліне тисе, шын жүректен кешірім сұраймыз. Ешқандай жаман ойымыз болған жоқ. Менің де анам мұғалім, топтағы жігіттердің де аналары ұстаз. Бұл Бритни Спирстің танымал клипіне жасалған әзіл-сықақ пародия ғана. Түсірілімге тек кәсіби актерлер қатысты”, – деді ол.
Алматыдағы колледж басшылығы не үшін тексеріліп жатыр?
Azattyq Rýhy басылымының мәліметінше, даулы бейнебаян Алматыдағы колледждердің бірінде түсірілген.
Қалалық білім басқармасы бастапқыда оқу орнында Дильназ Ахмадиеваның студенттермен кездесуі жоспарланғанын мәлімдеді. Әнші жастарға өзінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы айтып беруі керек болған.
Алайда кейін колледж ғимаратында Milfa әнінің бейнебаяны түсірілген.
Басқарманың ақпаратына сүйенсек, түсірілімге оқу орны басшысының міндетін атқарушы рұқсат берген. Бірақ бейнебаянның сценарийі мен мазмұны алдын ала тиісті деңгейде тексерілмеген. Осыған байланысты колледждің жауапты қызметкерлеріне қатысты тексеру басталған.
“Клипті түсіруге колледж басшысының міндетін атқарушы рұқсат берген. Бұл ретте түсірілімнің нақты мақсаты, сценарийі мен бейнематериалдың мазмұны колледж әкімшілігі тарапынан тиісті деңгейде зерделенбеген. Түсірілім жұмыстарын тиісті келісімсіз ұйымдастыруға жол берген колледж директорының міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралады”, – делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесі бойынша тәртіптік шара қолдану жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Дильназ Ахмадиеваның мұғалім кейпіндегі жаңа бейнебаяны сынға қалғаны хабарланған еді. Клипте Дильназ Ахмадиева мұғалімнің рөлін сомдаса, “Азия” тобының мүшелері оқушылардың кейпіне енген. Оқиға оқу кабинетінде өрбиді. Ән мәтініндегі “Қандай тәте? Тәте деген қате, хотя бы милфа де” деген сөздер де желі қолданушыларының назарын аударған.
Клип жарық көргеннен кейін түрлі пікір айтылды. Бірі әншілердің өнерін әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі мұғалім бейнесін бұлай көрсету ұстаздық мамандықтың беделіне нұқсан келтіреді деп есептеген.
“Мұғалімдердің беделі онсыз да төмендеп барады. Ал сіздер оны одан сайын түсірдіңіздер. Бұл – ұят. Мектеп пе, колледж бе, маңызды емес. Ұстаздарды бұлай қорлауға болмайды”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір оқырман мұғалімдердің киім үлгісі мен бейнесінің көрсетілуіне наразылық білдірген.
“Сіздердің ойларыңызша, мұғалімдер осылай киіне ме? Ұстаздардың абыройын бұлай түсіруге болмайды”, – деді ол.
Дегенмен өнер иелерін қолдағандар да табылды. Олар бейнебаянды көңілді, әзілге құрылған шығармашылық жұмыс деп бағалап, әннің хитке айналатынын жазған.