Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет қар барысына спутниктік қарғыбау тағылды

Қар барысы
Фото: Instagram.com/katonkaragay_nationalpark/

Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген қар барысына спутниктік қарғыбау тағылды. Оңтүстік Алтайда мұндай жұмыс алғаш рет жүргізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мамандар қар барысына “Алтай” деген ат берген. Енді оның қайда жүргенін, қанша шақырым жол жүретінін және қандай аумақтарды мекендейтінін спутник арқылы бақылауға болады.

Жиналған мәліметтер ғалымдарға сирек кездесетін жыртқыштың тіршілігін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қар барысының мекендеу ортасын сақтап, оны қорғау шараларын тиімді жоспарлауға көмектеседі.

Арнайы қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары қатысқан.

Жоба Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сирек кездесетін жыртқышты сақтау үшін оның табиғи ортадағы қозғалысы мен тіршілік ету ерекшеліктерін зерттеу маңызды.

Еске салайық, бұған дейін "Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері сирек кездесетін қар барысын видеоға түсіріп алғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 16:26