Қызының дүниеге келгенін тойлаған қазақстандық бас бостандығынан айырылды
Абай облысы, Жарма ауданында жүргізуші мас күйінде көлік айдағаны үшін 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. 53 жастағы ер адам мәңгілікке көлік айдау құқығынан да айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сот кезінде ер адам кінәсін мойындаған және ішімдік ішу себебін де түсіндірген. Сөзінше, қызының дүниеге келуіне байланысты алкоголь тұтынған.
“Жарма ауданының Қалбатау ауылында 2026 жылғы 22 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған 53 жастағы ер адам ВАЗ-21099 автокөлігінің рөлінде мас күйде отырған. Боранбай би көшесінде оны полиция қызметкерлері тоқтатқан. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растаған”, – деп жазды облыстық департамент.
Абай облысы департаментінің мәліметінше, ер адам бұған дейін де ішімдікпен ұсталып, көлік жүргізу куәлігінен, сондай-ақ мас күйде көлікке отырғаны үшін де темір тордың ар жағында өз жазасын өтеген.

Бұған дейінгі жүргізушінің бұзушылықтары
- 2015 жыл. Мас күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- 2018 жыл. Тағы да заң бұзды. Бұл жолы жүргізуші куәлігінсіз әрі мас күйде көлік басқарғаны үшін 120 тәулікке қоғамдық жұмыстарға тартылып, көлік жүргізу құқығынан тағы үш жылға айырылды.
- 2020 жыл. Бұрынғы жазадан да қорытынды шығармады. Қайтадан мас күйде көлік басқарғаны үшін сегіз айға бостандығынан айырылды.
- 2022 жыл. Тағы да сол әрекет. Сот оны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, екі жылға бас бостандығынан айырды.
- 2026 жыл. Арада жылдар өтсе де, жағдай өзгермеген. Өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салынған азамат тағы да мас күйде рөлге отырған.
“Басқаша айтқанда, әкімшілік жаза да тоқтатпады, қоғамдық жұмыс та нәтиже бермеді, түрме де сабақ болмады. Заң алдындағы жауапкершілік бірнеше рет ескертілсе де, азамат сол әрекетін қайталаған” – деп мәлімдеді департамент.
Еске сала кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев түнгі тыныштықты бұзып, мас күйде жүргені үшін жауапқа тартылды деген ақпарат тарады. Алайда полиция оның аты-жөнін ресми түрде растаған жоқ.
Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады