Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады
Әлеуметтік желіде 14 жастағы қыздың салған суреттері қызу талқыға түсті. Қара түспен салынған алғашқы суретте үлкен көз, жылап тұрған кішкентай адам мен қорқынышты бейне көрінеді. Ал екінші суретте адамның бет-әлпеті мен денесі бейнеленген. Мұны көрген әпкесі жағдайға алаңдаған. Осы орайда Stan.kz психолог маманнан мұндай суреттер қандай мағына беруі мүмкін екенін және ата-ана балаға қалай көмектесе алатынын сұрады.
Аталған жағдайды Threads парақшасында қыздың әпкесі баяндады. Оның айтуынша, кешкі сағат 21:00 шамасында сіңлісі асүйде отырып, осы суреттерді салған.
“Сіңлімнің жанына барсам, бірінші суретті сызып отыр екен. Қатты қорқып, өзінен суретті түсіндіріп берші деп сұрадым. Өзі де білмейді. Күліп, жай сыза салдым деп айтты да, орнынан тұрып, кетіп қалды. Екінші күні, тағы екінші суретті салып, үстел үстіне қойып кетіпті. Сонда бұл суреттер не айтқысы келіп тұр. Қытайша сөздің мағынасы: “Мені алдаған адамдар 100 мың тал ине жұтсын” дейді”, – деп жазды қыздың әпкесі.
Желі қолданушыларының бірі қыздың жасы өтпелі кезеңге сәйкес келетінін айтып, мұндай суреттер оның көрген дүниелерінің әсерінен салынуы мүмкін екенін жазды.
“Мен де осы жаста қорқынышты фильмдер мен анимелер көретін едім. Қазір 35 жастамын, әлі де көремін. Қыздың шығармашылық қабілеті бар сияқты. Дегенмен суицид туралы сөз болғаны алаңдатады. Онымен жиі сөйлесіп, көңіл бөлген жөн. Әсіресе ата-анасы жанында болмаса, оларды сағынып жүруі де мүмкін”, – деп жазды ол.
Тағы бір желі қолданушысы баланың суреттеріне бейжай қарамау керегін айтты.
“Жақында ғана жақын құдамыздың қызы өзіне қол жұмсап, өмірден өтті. Ол 10-сыныпта оқыған. Ағасының айтуынша, қыз өте жақсы сурет салған екен. Бірақ үнемі осындай қорқынышты бейнелерді қара қаламмен салатын. Ешкім оған мән бермеген, шығармашылыққа жақын бала деп ойлаған болуы мүмкін. Ең қорқыныштысы – қыз өзіне қол жұмсаған кездегі бейнесіне ұқсас суретті де алдын ала салып қойған екен”, – деп жазды ол.

Тағы бір қолданушы жасөспірім кезінде өзі де қиын кезеңді бастан өткеріп, осындай суреттер салғанын айтты.
“Мен де 14 жасымда осындай суреттер салатын едім. Ол кезде қатты күйзелісте жүрдім. Жауапсыз махаббат, жақындарымның ауыр сөздері, мұғалімдердің қысымы мен сыныптастарымның буллингі әсер етті. Мүмкін, бала ішіндегі жан айғайын осылай жеткізіп жүрген шығар. Оған ең алдымен қолдау керек. “Мен сені жақсы көремін” деп жиі айтып, өзін қажетсіз сезінбейтіндей болуы тиіс”, – деді ол.
Өзін психолог ретінде таныстырған желі қолданушысы екі суреттегі кейбір бөлшектерге назар аударып, баланың жағдайын мұқият зерттеу керегін жазды.
“Екі суретте де ауыз бен тамақ тұсына ерекше мән берілгені ойландырады. Бала айтқысы келгенін жеткізе алмай жүрген болуы мүмкін. Дегенмен суретке қарап қана суицидтік ой бар деп тұжырым жасауға болмайды. Баланың жағдайын зерттеп, оған психологиялық қолдау көрсеткен дұрыс”, – деп жазды ол.

Тағы бір ана қызының басынан өткен жағдайды мысалға келтіріп, баланың суреттеріне ғана емес, оның күнделікті өміріне де назар аудару керегін айтты.
“Қызым 6-сыныпта оқып жүргенде өзін жалғыз қалған кейіпкер ретінде бейнелеп, оқиға ойлап табатын. Басында қиялының жемісі шығар деп ойладым. Кейін сыныптастарының онымен араласпайтынын, достары жоқ екенін білдім. Қазір 9-сыныпта оқиды. Бірақ әлі де ешкіммен тіл табыса алмай жүр. Анасы ретінде алаңдаймын”, – деп жазды ол.
Ал тағы бір қолданушы өзі де бұрын осындай суреттер салғанын айтып, жасөспірімдерге көбірек көңіл бөлу керегін жеткізді.
“Мен де бұрын осындай суреттер салатын едім. Телефоннан не көрсем, соны сала беретінмін. Көбіне көңіл күйім түсіп жүретін. Жасөспірім кезде түрлі ой мазалайды ғой. Сондықтан баланың көңілін аулап, оған көбірек уақыт бөліп, ішкі сезімдерін ашық айтуына жағдай жасау керек деп ойлаймын”, – деп жазды ол.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі психолог Гүлбанум Мурадуллаевадан бұл сурет қандай мағына беретінін сұрады.
Суреттер баланың ішкі күйін білдіруі мүмкін бе?
Психолог Гүлбану Мурадуллаева жасөспірімнің салған суреті оның ішкі сезімдерін білдіруі мүмкін екенін айтты. Маман суреттердегі көз жасы мен қара-қызыл түстерге назар аударған. Оның пікірінше, кейде бала өз ойын ашық жеткізе алмаған кезде сезімдерін сурет арқылы көрсетуі мүмкін.
“Бұл — 14 жастағы бала. Ол өз пікірін, ойын анық әрі еркін айта алмай жүруі мүмкін. Суреттерде көз жасы да бар. Екінші суретте де қара және қызыл түстер қолданылған. Мұның бәрі баланың ішкі күйіне қатысты белгілі бір ой тудыруы мүмкін”, — деді психолог.
Маманның сөзінше, бала кейде сурет арқылы өзін жалғыз сезінетінін немесе оны ешкім түсінбейтіндей күйде жүргенін білдіруі мүмкін. Дегенмен мұндай тұжырымды тек суретке қарап жасауға болмайды.
Психолог балалардың қорқынышты суреттер салуына әлеуметтік желілерден, TikTok-тан немесе басқа да көрген дүниелерінен алған әсері себеп болуы мүмкін екенін айтты.
Қара және қызыл түстер нені білдіреді?
Қара немесе қызыл түсті қолдану міндетті түрде баланың психологиялық жағдайында мәселе бар екенін білдірмейді. Бұл оның сурет салудағы әдеті, ұнататын түстері немесе көрген дүниелерінің әсері болуы мүмкін.
“Қара түспен сурет салу баланың көңіл күйін білдіруі мүмкін. Бірақ бұл оның үнемі қолданатын түсі де болуы ықтимал. Сондықтан баланы бақылап, басқа да жағдайларға назар аудару керек. Ата-ана баланың тек суреттеріне емес, күнделікті өмірдегі өзгерістеріне де мән бергені жөн. Мәселен, бұрынғыдай сөйлеспей кетсе, көңіл күйі өзгерсе, ұйқысы бұзылса немесе мінез-құлқында айтарлықтай өзгерістер байқалса, мұны ескерген дұрыс”, – деді психолог.
Психолог баламен күн сайын кемінде 15–20 минут сөйлесуге кеңес береді. Бұл уақытта ата-ана баланың күнделікті өміріне қызығушылық танытып, оны мазалайтын мәселелерді ашық айтуына мүмкіндік жасауы керек.
Маман ата-аналарға мынадай сұрақтар қоюды ұсынды:
- Бүгінгі күнің қалай өтті?
- Бүгін қандай жағдайға қуандың?
- Сені не ренжітті?
- Қазір сені не мазалап жүр?
- Мен саған қалай көмектесе аламын?
Психологтың айтуынша, бала бастапқыда бұл сұрақтарға жауап бермеуі мүмкін. Мұндайда оны сөйлесуге мәжбүрлемей, біртіндеп сенімді қарым-қатынас қалыптастырған жөн.
"Егер бала сөйлемесе, ата-ана өз күнінің қалай өткенін айтып бере алады. Мысалы, бүгін неге қуанғанын немесе неге ренжігенін бөліссе, бала да біртіндеп өз сезімдерін ашық айтуға үйренеді", — деді маман.
Қандай жағдайда психологқа жүгіну керек?
Психологтың айтуынша, бала бір рет ерекше немесе қорқынышты сурет салса, бұл оның міндетті түрде психологиялық қиындыққа тап болғанын білдірмейді. Алайда мұндай суреттер қайталанса, баланың көңіл күйі мен мінез-құлқында да өзгерістер байқалса, жағдайға бейжай қарамаған жөн.
“Бала сурет арқылы өзін мазалаған сезімдерін сыртқа шығаруы мүмкін. Кей жағдайда сурет салу оның ішкі күйін білдіру тәсіліне айналады. Сондықтан баланың суреттерін оның жалпы жағдайымен бірге қарастырған дұрыс. Ең бастысы — баланы суреттері үшін кінәламау, қорқытпау және мазақ етпеу. Оның не сезініп жүргенін түсінуге тырысып, өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру маңызды. Ал алаңдаушылық тудыратын өзгерістер байқалса, балалармен жұмыс істейтін психологқа жүгінген жөн”, – деді психолог.
Айта кетейік, бұған дейін Психолог баланы ернінен сүюдің қауіпті екенін ескерткені туралы жазған едік.
Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады