Психолог баланы ернінен сүюдің қауіпті екенін ескертті: Ол өзіне төнген қатерді аңғармай қалуы мүмкін
Жақында желіде 23 жастағы бойжеткеннің кішкентай баланы ернінен сүйген видеосы қызу талқыға түсті. Қолданушылар қыздың әрекетін қатаң сынға алып, баланың жеке шекарасын бұзды деп айыптады. Көп ұзамай оқиғаға полиция араласып, баланың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал күнделікті өмірде ересектердің баланы еркінен тыс құшақтап, бетінен сүюі қаншалық дұрыс? Мұндай әрекеттер бала психологиясына қалай әсер етеді? Stan.kz анықтап көрді.
Оқиғадан көп ұзамай полиция видеодағы қыздың баланың анасының құрбысы екенін анықтады. Ал оның әрекетін телефонға анасы түсірген. Әйел баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдары 23 жастағы бойжеткеннің әрекетіне қатысты тексеру жүргізілетінін хабарлады.
Бұған қарамастан, видео желіде қызу талқыланып, көпшілік баланың әрекетке қарсылық танытқанын алға тартты. Кейбірі тіпті қызды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
“Бұл жай ғана сүйісу емес, балаға жасалған зорлық. Видеодан оның мәжбүрленіп отырғаны байқалады. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік болуы керек”, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы видеоны соңына дейін көре алмағанын айтқан.
“Мына видеоны аяғына дейін қарай алмадым, сұмдық. Бұл баланың психикасына ғана емес, физикалық қауіпсіздігіне де қатысты мәселе ғой”, –деп жазды ол.
Кейбір қолданушылар мұндай әрекетке қатысты қоғамда екі түрлі көзқарас барын айтып, наразылық білдірді.
“Егер ер адам кішкентай қызды осылай сүйсе, оның әрекетіне де дәл осындай баға берілер ме еді? Неге екі түрлі талап қойылады?” – деп сұрақ қойған желі қолданушысы.
Сонымен қатар қазақстандықтар мұндай әрекет баланың психикасына теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
"Кәмелетке толмаған баланы азғындыру", "Бұл сұмдық қой! Баланың жеке шекарасы қайда қалды? Бізде екіжақты стандарт қалыптасқан сияқты, солай емес пе? Сырт көзге бұл әдепсіз әрі жиіркенішті көрінеді", "Баланың жыныстық қолсұғылмаушылығы дегенді мүлде естімеген сияқты", "Сіздер осылайша баланың болашақта зорлық-зомбылық жасаушыға айналуына жол ашып отырсыздар. Анасы мен құрбысының әрекеті ақылға сыймайды", - деп жазды олар.
Тағы бірі ата-аналардың жауапкершілігіне назар аударды.
“Баланың анасына мұндай әрекеттің дұрыс емес екенін түсіндіру керек. Бұл күлкілі жағдай емес. Балаға сүйіспеншілік пен мейірімді басқа жолдармен де көрсетуге болады”, – деп жазды ол.
Қайрат Нұртастың қызын ернінен сүйген видеосы да назарға ілікті
Биыл мамырда әнші Қайрат Нұртастың қызы Алаумен түскен видеосы да көпшіліктің назарын аударған. Кадрларда өнер иесінің қызын ернінен сүйгені көрінеді. Бұл әрекет желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.
Бірі әкенің қызын ернінен сүюін орынсыз деп бағаласа, енді бірі мұны ата-ананың баласына деген мейірімі деп қабылдады. Кейбір қолданушылар әр отбасының өз тәрбие ұстанымы барын айтып, видеодан ешқандай оғаштық көрмегенін жеткізді.

Тағы бір видео TikTok желісінде тарады. Кадрлардан ата-анасының 2-3 жастағы бүлдіршінін ернінен кезектесіп сүйіп отырғанын көруге болады.
Психолог не дейді?
Балалар психологы Әлия Шәріпова ересектердің кішкентай баланы ернінен сүюіне біржақты баға беруге болмайтынын айтады.
“3-4 жастағы баланың өз денесі, жақындық пен қауіпсіздік туралы түсінігі енді қалыптасады. Ол ересек адамның әрекетінің мәнін толық түсіне алмайды”, – дейді психолог.
Маман баланың үндемеуі, күлуі немесе қарсылық көрсетпеуі оның бұл әрекетке келісім бергенін білдірмейтінін атап өтті. Сондықтан баланың жеке шекарасын сақтау маңызды.
“Кішкентай бала қаламаса да оны күштеп сүю немесе құшақтау, ыңғайсыздығы мен қарсылығын елемеу – жеке шекарасын бұзу. Кішкентай бала әрдайым қарсылығын ашық білдіре алмайды. Сондықтан ересектер оның қалауын құрметтеуі керек”, – деп түсіндірді маман.
“Еркелетеміен деп баланың жеке шекарасын бұзуға болмайды”
Психолог баланы еркелету кезінде оның көңіл күйі мен қалауын ескеру қажет екенін атап өтті. Егер бүлдіршін құшақтасқысы немесе бетінен сүйгізкісі келмесе, ересек адам оның шешімін құрметтеуі керек.
Маманның сөзінше, ересектердің орынсыз әрекеттерінің психологиялық салдары бар. Бала жасына сай келмейтін сексуалдық сипаттағы әрекеттерге тап болса, қорқыныш, мазасыздық, ұйқының бұзылуы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін.
“Дегенмен кез келген орынсыз еркелетуден міндетті түрде психологиялық жарақат алады деу дұрыс емес. Бірақ бала ересектер тарапынан жасалатын сексуалдық сипаттағы әрекеттерді қалыпты сүйіспеншілік деп қабылдамауы керек. Бұл қауіпті, салдарынан болашақта қауіпті жағдайларды ажыратуын қиындатуы мүмкін” – деді психолог.
Баланы өз денесін қорғауға қай жастан бастап үйрету керек?
Психологтың сөзінше, баланың жеке шекарасы туралы түсінікті екі-үш жастан бастап қалыптастыруға болады. Ал үш-төрт жаста ол дене қауіпсіздігіне қатысты қарапайым ережелерді меңгере алады.
Мысалы, ата-ана балаға “Сенің денең – өзіңдікі”, “Құшақтасқың келмесе, жоқ деп айта аласың”, “Өзің қаламасаң, ешкімді сүюге міндетті емессің” деген сөздерді түсіндіруі керек.
Бұл ережелердің бейтаныс адамдарға ғана емес, жақын туыстар мен отбасының достарына да қатысы бар.
“Егер балаға біреудің әрекеті жағымсыз немесе түсініксіз болса, ол бұл туралы ата-анасына айта алатынын білуі керек. Ең маңыздысы – бала қорқып қалса, үндемесе немесе не болып жатқанын түсінбесе де, оған кінә артылмайтынын сезінуі қажет”, – дейді маман.
Психолог ата-аналарға баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге де назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, белгілі бір адамнан кенеттен қорқу, ұйқысының бұзылуы, мазасыздық, тұйықталу немесе көңіл күйінің күрт өзгеруі баланың жайсыз жағдайға тап болғанын білдіруі мүмкін.
Әлия Шәріпова бала өзін ешкімнің күштеп құшақтауға немесе сүюге құқығы жоқ екенін білуге тиіс екенін айтты. Бұл ереже жақын туыстар мен таныстарға да қатысты.
“Кішкентай бала ересек адамның ниетін түсінуге немесе өз шекарасын өздігінен қорғауға жауапты емес. Бұл – ересектердің міндеті. Егер қандай да бір әрекет күмән тудырса, ең алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет", – деп түйіндеді психолог.
Айта кетейік, бұған дейін “Бақытты отбасы” отбасылық кеңес орталығының жетекшісі Елжас Ертайұлы да балаларды ернінен сүймеуге кеңес берген. Оның айтуынша, мұндай әрекет арқылы балаға түрлі инфекциялар, соның ішінде ұшық вирусы жұғуы мүмкін. Бұл әсіресе иммундық жүйесі әлі толық жетілмеген сәбилер үшін қауіпті.
Сондай-ақ маман мұның психологиялық жағына да тоқталған. Оның пікірінше, ата-анасының ернінен сүйгеніне үйренген бала өзге адамдардың да осылай жақындауын қалыпты қабылдауы мүмкін. Ал бұл баланың жеке шекарасын түсінуін қиындатуы ықтимал.
Алматыдағы капсула үйге барғандар жағымсыз жағдайға куә болды: Қонақтар қоқыс пен нәжіске тап болған
