Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда заңсыз интернет-казиноларға ортадағы делдал арқылы 191 млрд теңге аударылған

казино
Фото: freepik.com

Қазақстанда шетелдік интернет-казиноларға ойыншылардың ақшасын аударуға көмектескен топқа қатысты тергеу аяқталды. Күдіктілер арнайы төлем жүйесі арқылы заңсыз жұмыс істейтін құмар ойын сайттарына ақша жіберіп отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер өздері басқаратын үш компания арқылы ақша аударудың арнайы жүйесін құрған. Оған түрлі банктердегі жүздеген төлем терминалы қосылған. Осы жүйе арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN сияқты интернет-казиноларға ақша аударылып келген. Жалпы ақша айналымы 191 миллиард теңгеге жеткен. Ал күдіктілер бұл қызметі үшін 286 миллион теңге көлемінде комиссия есептеген.

Қаржылық мониторинг агенттігі ақшаның қайда кеткенін жасыру үшін қандай әрекеттер жасалғанын түсіндірді.

"Ақша аударымдарының нақты мақсатын жасыру үшін компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің деректері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз атына төлем терминалдары тіркелгенінен мүлде хабарсыз болған. Күдіктілер жалған келісімшарттар жасап, арнайы сайттар ашқан. Осылайша интернет-казиноларға аударылған қаражат тауар немесе қызмет үшін төленген ақша ретінде көрсетілген. Кейін ақша шетелге, соның ішінде криптовалюта арқылы жіберілген", – деп мәлімдеді агенттік.

Қазір заңсыз ақша аудару жүйесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Сондай-ақ сот шешімімен төрт көлік пен 103 миллион теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз жұмысын ұйымдастырды деген күдікпен Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматы Марина Ильинаға іздеу жариялаған еді. Тергеу мәліметінше, олар Қазақстанда заңсыз құмар ойын бизнесін жүргізу үшін төлем ұйымдары мен банк терминалдарын пайдаланған. Бұл жүйе арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаржы айналымға түскен.

 

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 09:27