"Неге қасыңда көбірек болмадым": Сәкен Майғазиев марқұм анасына жүрекжарды жазба жариялады
Белгілі әнші, “МузАРТ” тобының мүшесі Сәкен Майғазиев дүниеден өткен анасын еске алып, жан тебірентер жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады. Әнші анасының өнегелі өмір сүріп, он бала тәрбиелеп өсіргенін, бүкіл ғұмырын отбасы мен ұрпағына арнағанын айтты. Сондай-ақ қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жатқан көпшілікке алғысын білдірді.
“Анашым сияқты өнегелі өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешіп, Алла тағаланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындап, ата-ана, ата-ене, адал жардың разылығын алып, он құрсақ көтеріп, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың ұрпақтарының барлығын бауырына басып, емізіп, сосын бейнетінің зейнетін көрген аналардың бірі біздің анамыз”, – деп жазды әнші.

Сәкен Майғазиев анасына қанша қамқорлық көрсетсе де, онымен көбірек уақыт өткізе алмағанына өкінетінін жасырмады.
“Бір күн уақытым болса, ауылға барып, анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым?” деген өкініш өзегіңді өртейді екен. Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар”, – деді өнер иесі.
Әнші анасының көзі тірісінде өзіне разылығын білдіргенін айтып, сол сөздердің бүгінде жанына медеу болып отырғанын жеткізді.
“Аллаға шүкір, анамның “Балам, саған разымын” деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу”, – деп жазды ол.
Жазбасының соңында Сәкен Майғазиев анасына деген сағынышын білдіріп, марқұмның рухына дұға бағыштады.
“Күллі қазақтың анасына айналған ақ мамам, жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын. Алланың мейіріміне бөленіп, пайғамбарымыздың шапағатында болыңыз”, – деп түйіндеді әнші.
Еске салайық, 13 қазанда белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы дүниеден өткені хабарланған еді.
Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады