Алматы облысында ломбард лицензиясынан айырылса да атауын өзгертіп жоғары пайызбен несие беріп келген
Алматы облысында заңсыз жұмыс істеп, 146 миллион теңгеден астам табыс тапқан “Альби” ломбардтар желісінің қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұған дейін “Альби-Ломбард” компаниясы лицензиясынан айырылған. Алайда кәсіпорын атауын “Альби-КМ” деп өзгертіп, Алматы және Түркістан облыстарында жұмысын жалғастырған.
Ломбардтар тұрғындардың алтын бұйымдарын кепілге алып, жоғары пайызбен қарыз берген. Клиенттерді тарту үшін бағалы заттарды қымбатқа бағалайтынын және қарыз алу несие тарихына әсер етпейтінін айтып жарнамалаған.
Алайда қарыздың күндік өсімі 2% болған. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шектен алты есе жоғары.
Тергеу мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен табыс 146 миллион теңгеден асқан.
Іс бойынша күдікті әйелдің 21 пәтері, 7 көлігі, 5 жер телімі, 7 гаражы, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.
Күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін адамдарға қарызға ақша беріп, орнына үйлері мен көліктерін тартып алған Рита Утеуованың ісін кассациялық сот қарайтыны хабарланған еді. Тергеу материалдары бойынша, әйел қарыз алушыларға алған ақшасынан бірнеше есе көп соманы шартта көрсетіп, мүлкін кепілге алған. Қарыз алушылар баспанасы мен көлігінен айырылған.
Қазақстанда бала туу қанша тұрады: Жүктілік пен сәбидің алғашқы айларына дейін қанша қаржы керек
